Көмірді сыртқа шығаруға тыйым салу

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ИИДМ) «Көмірді әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығының жобасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағынан тас көмірді[1] алты ай мерзімге автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салу қарастырылған. Бұл тыйым жақындап келе жатқан жылыту маусымы және сәйкесінше энергия тасымалдаушыларға деген сұраныстың артатындығына байланысты енгізіледі.

Аталмыш министрлік 2022-2023 жылдарға тұрғындар және коммуналды-тұрмыстық қажеттіліктер үшін көмір өнімін тұтыну жоспарын әзірледі. Соған сәйкес көмірдің қажетті көлемі 9.6 млн тоннаны құрайды. Оның 2.6 млн тоннасы – тұрмыстық қажеттіліктерге, ал 7 млн тоннасы – тұрғындарға арналған.

Басқа елдерге көмір экспортын арттыру барысында ішкі сұраныстың күшеюі нарықта уақытша көмір тапшылығын тудырары сөзсіз. Бұл алып-сатарлық әрекеттердің және тұрғындар тарапынан дүрлікпе сұраныстың туындауына түрткі болуы мүмкін. Өз кезегінде мұндай жағдай тұрғындар үшін энергия тасымалдаушылар бағасының артуына әкеп соғады. Көмірді автокөлікпен әкетуге уақытша тыйым салу – нарықты тұрақтындыру үшін жасалған тарифтік емес шара.

Экспорт

2022 жылдың алғашқы алты айында тас көмірді Еуропалық одақ елдеріне шығару 2.5 есеге дейін артты деуге болады. Осы кезеңде: Швейцарияға 3.7 тонна (2021 жылдың қаңтар-маусымында 1.8 млн тонна), Польшаға 681 мың тонна (24.6 мың тонна), Кипрге 494 мың тонна (10.4 мың тонна) және Бельгияға 214 мың тонна (0 тонна) жөнелтілді.

Қазақстанның көміріне деген жоғары сұраныс Еуропалық одақтың Ресей Федерациясынан энергия тасымалдаушыларды импорттауға қойған санкциясынан кейін бірден пайда болды.

Көмірді экспорттаудың 2021 жылғы құрылымында жалпы экспорттың 18%-ы Еуропа елдеріне, 77%-ы ЕЭО елдеріне бағытталды. Бұл ретте ЕЭО елдеріне бағытталған көмірдің 66%-ы Ресейге жөнелтілді. 2022 жылдың қаңтар-мамырында қазақстандық экспортта қайта бағдарлану байқалады: жалпы экспорттың 33%-ы Еуропа елдеріне, 65%-ы ЕЭО-ға, оның ішінде 62%-ы Ресейге бағытталған.

Ішкі нарықта көмір тапшылығын болдырмау үшін көмірді әкетуге уақытша тыйым салу жеткілікті бола ма? Бұл жағы белгісіз. Өйткені көмірді автокөлікпен тасымалдау экспорттың азғантай ғана бөлігін құрайды және ол тек жақын шет елдерге бағытталған. Көлік шығындарына қарамастан, сыртқы нарықтағы қазіргі қолайлы жағдаят көмір өндіруші компанияларға экспортты ішкі нарықтан жоғары қоюға итермелеуі мүмкін.


[1] СЭҚ ТН 2701 тас көмір; тас көмірден алынған брикеттер, шекемтастар және қатты отынның ұқсас түрлері

Оқуды ұсынамыз
6 апреля 2023

20 марта 2023

15 марта 2023