ЖІӨ бойынша 2 айдың деректері шықты

Кеше Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның 2023 жылғы қаңтар-ақпанындағы даму қорытындысы туралы есеп берді – экономиканың нақты өсімі екі ай ішінде 4.3%-ды құрады (өткен жылы – 3.5%).

Тауарлар өндірісі 2.7%-ға өсті, ал қызмет көрсету секторында өсу қарқыны керісінше 7.6%-дан 5.0%-ға дейін бәсеңдеді. Мұндай бәсеңдікке байланыс, сауда, көлік және қоймаға жинау салалары бойынша өсімнің төмендегені себеп болды. Бұрын айтып өткеніміздей, бұл салалар биыл қаңтар айында айтарлықтай өскен болатын. Мұны өткен 2022 жылдың сәйкес кезеңінде «қаңтар» оқиғасына байланысты нәтижелердің тым төмен болғандығымен түсіндіруге болады. Осылайша өсу қарқыны ағымдағы кезеңде бәсеңдейтіні күтілген еді.

Нақты секторда құрылыс саласының қарыштап дамуы жалғасуда (12.8%). Сектордың дамуын негізгі капиталға жұмсалатын инвестицияның қомақты бола түсуімен (+19.2%, өткен жылы +2.6%) және мемлекеттің тұрақты түрде қолдау көрсетіп жатқанымен түсіндіруге болады.

Сонымен қатар өнеркәсіп секторының дамуы өз деңгейінде сақталды деуге болады. Бұл ретте тау-кен өндіру саласы 0.5%-ға дейін бәсеңдеді. Бұл біздің пікірімізше сондай-ақ КҚК арқылы мұнай жөнелтуге қатысты тағы да қиындықтың туындағанына байланысты. Өңдеуші өнеркәсіп керісінше 2.5%-ға өсті. Бұған жеңіл және химия өнеркәсібі, фармацевтика, сонымен қатар машина жасау саласындағы көрсеткіштердің оң сипатқа ие болуы әсер етті.

Осылайша экономиканың бұлайша дамуы біздің болжамымызға сәйкес келеді және егер шошытарлық жайттар орын алмаса, әрі қарай 3.8-4.3% ауқымында болады. Бұған инфляциялық қысымның төмендеуі, бизнес шығындарының біртіндеп қысқарып, мұнай саласында жағдайдың тұрақталуы оң әсер етеді деп күтіледі.

Оқуды ұсынамыз
6 Сәуір 2023

20 Наурыз 2023

24 Ақпан 2023