Металлургия өнеркәсібі – Қазақстанда мұнай-газ саласынан кейінгі жетекші салалардың бірі. Республика аумағында металл кендерінің көптеген кен орындары бар. Мысалы, темір, қорғасын, мыс, мырыш, хром, алтын, алюминий, марганец және т. б.
Еске саламыз, бұған дейін бастапқы сектордағы экономика секторларының скорингін жүргізу аясында анықтағанымыздай, металл кендерін өндіру – екінші деңгейдегі ең тұрақты сектор. Ол өзінің даму болашағын болжауға болатындығы, табыстылығы, импортпен бәсекелестігі және операциялық тиімділігі бойынша жоғары көрсеткішке ие. Екінші деңгейдегі секторда экономиканың негізгі қозғаушы күші – металлургиялық өндіріс. Оның әлеуеті жоғары. Мұнда біздің бағалауымыз бойынша табыстылық, борыштық жүктеме, импортпен бәсекелестік және операциялық тиімділік жоғары деңгейде. Осылайша металл кендерін өндіруді және металлургия өндірісін одан әрі дамыту өнеркәсіп саласының жалпы көрсеткіштерінің елеулі өсуіне және жалпы экономиканың дамуына ықпал етуі мүмкін.
Ағымдағы жағдай
Жоғарыдағы инфографика Қазақстанда қандай кендер өндірілетіні және олардан қандай металдар мен дайын өнімдер жасап шығарылатыны көрсетілген. Айталық, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша біз негізінен мыс кендері мен концентраттарын (54.7%), темір кендерін (19.7%) және алтынқұрамды кендер (14.7%) өндіреміз.
2022 жылы металл кендері мен концентраттарын өндіру 2.4%-ға артты. Барлығынан бұрын қорғасын концентраттары мен алтынқұрамды кендерді өндіру көлемі өсті. Бұл ретте темір және марганец кендері мен концентраттарын өндіру айтарлықтай төмендеді, сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда хром кендері мен концентраттарын және алюминий кендерін өндіру де аздап азайды.
Темір кендерін өндіру төмендеп кеткен соң, өнеркәсіптік металдар өндірісі (-3.5%) де төмендеді. Бұл болат өндірісіне кері әсер етті. Айта кетелік, болат өндірісі жалпы металл өндірісінің 50%-ын құрайды. Одан кейінгі орындарда ферроқорытпалар (үлесі 24.3%), алюминий (18.3%) және мыс (5.2%). Асыл металдар өндірісі тұрақты даму серпінін көрсетіп жатыр. Мұнда алтын өндірісі 12.8%-ға, ал күміс 0.6%-ға өсті.
Металлургия саласындағы мұндай әр түрлі бағыттағы үрдістерге геосаяси шиеленістер, монетарлық шаралардың қатаңдатылуы, салаға жұмсалатын инвестицияның азаюы және бағалардың өсуі себеп болды. Біздің пікірімізше, бұл қара металлургия саласына соққы болып тиді. Ол онсыз да Қазақстаннан Ресейге (ол осы тауарларды негізгі сатып алушы) қара металл, темір кендері мен концентраттарын жеткізу көлемінің азаюынан зардап шегіп жатыр. Сонымен қатар қорғасын, мырыш және мыс – экспортқа бағдарланған металдар және олардың азғана бөлігі ғана ел ішінде қайта өңделеді. Бұл да сыртқа жағдайларға тәуелділік қаупін туғызады.
Енді не болады?
Біз өзіміздің өнеркәсіп секторына қатысты бұған дейінгі жұмысымызда қалыптасып жатқан әлемдік ахуал Қазақстанды жаңа даму жолдарын және тауар сатудың жаңа базарларын іздестіруге мәжбүрлейтінін, сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіпті дамыту керектігі туралы атап өткен болатынбыз. Қазір металлургия саласындағы жағдай бірмәнді емес, яғни күрделі. Қазақстандық өндірушілер оларды нарықтан төмен баға бойынша шикізаттармен қамтамасыз ету келісімінің бар екендігіне қарамастан, өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға «шикізаттар мен тиісті жағдайлар жеткіліксіз» деп шағымдануда.
Бұл жағдайда Үкімет таяуда шикізат өндірушілерге қатысты 2026 жылға қарай отандық өңдеуші өнеркәсіптегі кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету міндеттемесін енгізу мәселесін қарай бастады. Өйткені Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәлімдеуінше отандық қара металдарды (алюминий, мыс, қорғасын және болат) қайта өңдеушілердің жұмысбастылығы 50%-дан аспайды.
Біз, мұндай міндеттемені қабылдау Қазақстанның металлургия саласын дамытуға оң әсер етеді және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуде оң қадам деп санаймыз.
Сөз соңында 100 мың теңгеге әрбір металды қандай көлемде сатып алуға болады деген сұраққа жауап беруге тырыстық.