Қазақстанда биыл күні бүгінге дейін жалпы сомасы 32.13 трлн теңгеге өнеркәсіптік өнімдер өндіріліпті. Олардың 52.9%-ы, яғни 16.99 трлн теңге тұратын өнімдер – тау-кен өндіру саласына, ал 41.8%-ы, яғни 13.42 трлн теңгенің өнімдері өңдеуші салаға тиесілі.
Жалпы биыл өнеркәсіп саласы өткен жылмен салыстырғанда 39.8%-ға өсті. Бұл әрине, шарықтап тұрған мұнай бағасының арқасы. Бірақ көз тоқтатып қарайтын болсақ, биыл өнеркәсіп өндірісінің өсуі баяулап кеткен: 1 тоқсанда ол 5.8% болса, соңғы 8 ай ішінде бар болғаны – 2.5%.
Мәселе тау-кен өндірісі саласында болып тұр. Мұнда аты-шулы падемияға дейін: 2019 жылдың 8 айында өсу қарқыны +3.1% болса, биылғы жылдың 8 айында бар болғаны +0.7% болып отыр. Мұнайгаз саласында да мәселе жетіп артылады. Металл кендерін өндіру де төмендеп кетті.
Энергия тасымалдаушылардың бағасы жоғары болса да, тау-кен өндіру өнеркәсібі неге тұралып тұр?
Тау-кен өндіру өнеркәсібінің негізгі бөлігі әрине, – мұнай өндіру саласы (77.5%). Қазақстан экономикасы әлі де сол мұнай секторындағы жағдаяттарға өте тәуелді. Мұнай секторы Жалпы ішкі өнімнің шамамен 19%-ын құрайды. Соңғы деректерге сүйенер болсақ, дәл қазір мұнай өткен жылдың деңгейінде өндіріліп жатыр. Дегенмен биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы өсім өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 7.6%-ға көтерілген еді. Өсімнің бәсеңдеп кетуіне Қашаған кен орнында жоспардан тыс, ал Теңіз кен орнында жоспарлы жөндеу жұмыстарының басталуы себеп болды. Бұған ең ірі Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) жұмысындағы бітпейтін іркілістер де кері әсер етті. Қазақ мұнайының басым бөлігі (80%) осы құбырмен сыртқа шығарылады.
Қазір бағалардың өршіп тұрған кезі. Осы жағдайда Қазақстан экономикасын мұнай ғана емес, металл кенін өндіру саласы да демеп келеді. Алайда соңғы деректерге сүйенсек, оларды өндіру өсімі төмендеп кеткен: былтырғы жылдың сәйкес кезеңдерімен салыстырсақ, өсім биылғы жылдың 1-ші тоқсанында +1.9%, ал соңғы 8 ай ішінде +0.5%-ды көрсетті. Түсін түстеп айтар болсақ, мұның барлығы нақты темір кенін өндірудің 15.5%-ға түсіп кеткендігіне байланысты болып отыр.
Ресейге қарсы санкциялар жарияланғалы бері Қазақстаннан Ресейге қара металл, темір кендері және концентраттарды жеткізу көлемі айтарлықтай азайып кетті. Ал Ресей – Қазақстаннан осы тауарларды негізгі сатып алушы ел. Біздің пікірімізше елімізде дәл осы себепке байланысты темір кенін өндіру төмендеп кеткен.
Қазақстанның металлургиялық өнімдерін Ресейден бөлек, Қытай да сатып алады. Негізі аспан асты елі Қазақстан үшін жаңа сатып алу нарығына айнала алады. Бірақ көптеген сарапшылар мен әлемдік экономикалық институттардың болжамынша Қытайдың өзін үлкен дағдарыс күтіп тұр: пандемияға қарсы төзбестік саясатының салдарынан экономикасының өсімі нашарлап кетуі әбден мүмкін. Бұл Қазақстанның тау-кен өндіру өнеркәсібі үшін тағы бір тәуекел, тағы бір қауіп-қатер екені даусыз.
Не істеу керек?
Әлемдегі қазіргі ахуал Қазақстанды дамудың жаңа жолдарын іздеуге және өз тауарларын сатуға жаңа базарлар қарастыруға итермелейді. Қазақстан өзінің өңдеуші өнеркәсібінің дамуына жіті көңіл бөлуі қажет. Сыртқы сектор тарапынан көрсетіліп жатқан қысымдар бұған негіз бола алады. Еске саламыз, бұған дейін экономика секторларының скорингі деп аталатын зерттеу жұмысында өңдеуші өнеркәсіптің негізгі қоғаушы күші, драйвері – металлургиялық өндіріс екені айтылған болатын. Оның артықшылық жақтары табыстылық, борыштық жүктеме, импортпен бәсекелесу және операциялық тиімділік секілді шарттар бойынша атап өтілген еді.