КҚК жұмысы биыл осымен үшінші рет уақытша тоқтатылды

2022 жылдың 6 шілдесінде Новороссийск қаласының Приморский аудандық сотының қаулысымен “Каспий Құбыр желісі Консорциумы-Р” АҚ (КҚК) қызметі 30 тәулікке уақытша тоқтатылды. Бұл аталмыш құбыр желісінің жыл басынан бергі осымен үшінші рет тоқтатылуы.

КҚК – қазақстандық мұнайды халықаралық нарыққа шығаратын негізгі экспорттық бағыт. Қазақстанның шикі мұнайының шамамен 80%-ы осы бағыт арқылы тасымалданады. Ал жалпы отандық мұнайдың 90%-ы экспортқа Ресей арқылы шығарылады.


Суретте: 2021 жылғы экспорт көлемі (млн тонна) мен мұнай құбыры желісінің максималды/жобалық қуаты (млн тонна/жыл) көрсетілген.

Энергия тасымалдаушылар нарығының қолайлы халықаралық жағдаяты аясында КҚК арқылы жоғалған табыс бюджеттің жылдық табысының 5%-ын құрайтын болады. Әрине, бұл Қазақстан экономикасына айтарлықтай кері әсер етеді. Өйткені мұнай еліміздің экспорттық жайғасымы құрылымының 52%-ын алып жатыр.

Біздің пікірімізше жақын болашақта Қазақстанға мұнай экспортын әртараптандыруды жүзеге асыру қиынға түседі. Өйткені елімізде лайықты көлік-транзиттік инфрақұрылым жоқтың қасы. Сондықтан құрамына Ресей мен Қазақстан кіретін халықаралық консорциум және мұнай өндіруші алдыңғы қатарлы әлемдік компаниялар (РФ – 24%, “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясы” АҚ – 19%, Шеврон Каспиэн Пайплайн Консорциум Компани – 15%, ЛУКОЙЛ ИНТЕРНЕШНЛ ГмбХ – 12.5%, Мобил Каспий құбыл желісі компаниясы – 7.5%, Роснефть-Шелл Каспиэн Венчурс Лимитед – 7.5%, КТК Компани – 7%, БГ Оверсиз Холдингс Лтд – 2%, Эни Интернэшнл Н.А Н.В. С.ар.л. – 2%, Қазақстан Пайплайн Венчурс ЖШК  – 1.75%, Орикс Каспиан Пайплайн Лтд – 1.75%), КҚК-ның уақытша тоқтатылуына қатысты мәселені мүмкіндігінше тез арада шешулері керек.

Бұған қоса қаржылық шығындардың орнын қалай да толтыру үшін РФ инфрақұрылымы арқылы өтетін энергия қоры жеткізілімін әртарапдандыру қажеттілігіне ерекше көңіл бөлген жөн. Қазіргі уақытта мұнай экспорттаудың балама жолдары баршылық. Олар: Атырау-Самара құбыр жолы және кәдуілгі Қытай бағыты. Алайда бұл бағыттарда шектеулер басым, яғни мұнай өткізу мүмкіндігін кеңейтуді талап етеді.

Орта және ұзақ мерзімді келешекте қазақстандық мұнайды батыс елдеріне тасымалдауды Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы жүзеге асыруға болады. Бірақ бұл бағыт та көп қаржыны талап етеді. Оның үстіне мұнайды Баку портына жеткізу үшін елімізге көлемді мұнай құятын танкерлер қажет-ақ.

Жалпы Қазақстан өз мұнайын батыс қана емес, шығыс бағытқа да экспорттайды. Бұл ретте Қытай бағыты бойынша Атасу-Алашанькоу мұнай құбырының қуатын арттыру керек болады. Өйткені ол Қазақстан – Қытай магистралды мұнай құбырының бір бөлігі.

Оқуды ұсынамыз
8 Желтоқсан 2022

30 Қараша 2022

5 Қараша 2022