Әлемдік нарық
Бидай – астық тұқымдасына жататын ең танымал дәнді дақыл. Ол климаты бірқалыпты аймақтарда жақсы өседі және мол өнім береді. Бидайдан алынатын жоғары сапалы ұннан нан-тоқаш, кеспе және кондитерлік бұйымдар дайындалады. Сондай-ақ мал шаруашылығында жемшөптік дақыл ретінде пайдаланылады. Бүгінде бидай өсіруші негізгі елдер – Еуроодақ, Қытай, Ресей және Үндістан. Әлемдегі бидай өндірісінің 55%-ы осы елдерге тиесілі.
ФАО (БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының) 2022 жылдың маусымында жариялаған деректері бойынша бидай өндірісі соңғы бір жыл ішінде 0.8%-ға, яғни 770.8 млн тоннаға азайып кетті. Бұған Аустралия, Үндістан, Марокко және Украинада бидай өндрісінің төмендеп кетуі себеп болды. Бидайдың қымбаттауы себебінен оны әлемдік тұтыну деңгейі 0.4%-ға төмендеді. Ол жемдік астық және өнеркәсіптік мақсатта да аз қолданыла бастады. Ресей Украиның порттарын қоршауға алуына байланысты Украинадан бидай экспорты қысқарды. Сонымен қатар Аргентина мен Аустралия да сыртқа бидай экспорттау көлемін азайтты. Ал Үндістан тіпті бидайды экспорттауға уақытша тыйым салды. Міне, осындай себептерге байланысты әлемде бидай саудасы 1.7%-ға қысқарды. Қазір негізгі бидай экспорттаушы елдерде бидай қоры соңғы 8 жыл ішінде ең төменгі деңгейде. 2022 жылы бидайдың әлемдік қоры 0.1%-ға, яғни 299.3 млн тоннаға дейін қысқарады.
Бағалар
Әдетте бидайды егу және жинаудың өз кезеңдері бар. Осыған байланысты бидай бағасы көктем айларынан бастап, шілдедегі астық науқаны басталғанға дейін арзандайды, ал күзгі және қысқы мерзімдерде біртіндеп, қымбаттайды. Жаңа астық өнімінің бағасы бойынша болжамдар белгілі болғанға дейін, өткен жылғы астықтың бағасы қымбат болып қала береді. Сондықтан өткен жылғы, яғни ескі астық өнімін сату барысында бидай бағасы қымбат болады. Ал жаңа астық науқаны басталар алдында баға төмендей бастайды. Өйткені астық жиналған соң, нарықта бидай ұсынысы арта түседі. Сәйкесінше бағасы да төмендейді.
Нәтижесінде бидай бағасы нарықта сұраныс пен ұсыныстың ара-қатынасына және оны өсіріп, жинауға кеткен шығындарды ескере отырып, өзгеріп отырды.
Бидайдың ғаламдық бағасына ықпал ететін қосымша факторлар:
- Ауа-райы жағдайы;
- Жиналған қор көлемі;
- Алдын ала болжам жасап, белгіленген мәндер мен нақты жиналған астықтың сәйкестігі;
- Бидай өсіруге кеткен шығындар (жанар майға, тыңайтқышқа, тұқымдыққа).
Жоғарыда келтірілген деректерді ескерер болсақ, бидай бағасының шарықтау шегі 2022 жылдың сәуір-маусым айларына тура келді деп болжауға болады. Дегенмен бидай бағасының қымбаттылығы бұдан кейін де сақталады. Неге? Өйткені оған жалпы бидай қорының аздығы, энергия тасымалдаушылар мен тыңайтқыштардың қымбаттығы, Еуропалық одақ елдеріндегі құрғақшылық және Украинадан жеткізілетін бидай көлемінің қысқаруы ықпал етеді. Осылайша біздің болжамымыз бойынша бидай саудасы бір бушель (≈27.2 кг) үшін 700-900 доллар деңгейінде жалғасатын болады. Күз және қыс мерзімдерінде тағы да шарықтау шегіне жетуі мүмкін.
Қазақстандағы өндіріс
Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректеріне сәйкес елімізде барлық егістік алқаптардың 80%-дан астамын бидай алып жатыр 12.9 млн гектар). Бұл ретте соңғы жылдары жалпы егістік алқаптардың көлемі жылына орта есеппен 6%-ға ұлғаюда.
2022 жылдың алғашқы 6 айы ішінде өсімдік шаруашылығында өндірілген жалпы өнімінің нақты көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38%-ға ұлғайды. Бұл айырмашылық 83.9 млрд теңгені құрайды. 2021 жылы егістік алқаптардың көлемі ұлғайғанымен, қолайсыз айа-райына байланысты өндіріс көлемі азайды.
Егер жиналып жатқан астық көлеміне қарайтын болсақ, ішкі өндіріс халықтың бидайға деген қажетілігін 100%-ға қамтамасыз етуі тиіс. Ал ұн тарту өнеркәсібінің кәсіпорындары өсірілген бидайды өңдей алады. Бірақ Қазақстанда бидайды шетелден импорттау сақталады. Ондағы мақсат – оны тұқымдыққа пайдалану және ұн тартушыларды қамтамасыз ету. Қазақстан үшін негізгі бидай жеткізуші ел – Ресей.
2021 жылы сыртқа бидай экспорттау көлемі 40%-дан астамға өсті. ЕЭО елдері арасындағы тауар айналымын есептемегенде, Қазақстанның бидайын импорттаушы негізгі елдер: Өзбекстан, Иран, Тәжікстан, Ауғаныстан, Түрікменстан және Италия. ЕЭО тауар айналымы статистикасының деректеріне сүйенсек, Қазақстан 2021 жылы одаққа қатысушы елдерге бидайды биыл Италияға 5 ай бойы экспорттаған бидай көлеміне тең дәрежеде бидай экспорттады. Ресейге, Беларусияға және Қырғызстанға экспортталатын бидай көлемі үлкен болмағанымен, олардың өсу серпіні жақсы.
2022 жылдың маусымындағы деректер бойынша Қазақстанда бидай қоры көлемінің азайғаны байқалады. Бұған себеп – ескі өнімнің қоры азайды. Ал элеваторларға жаңа астық әлі түсіп үлгерген жоқ.
Оның үстіне бидай жеткізу жолындағы іркілістер және Үндістанның бидайды экспорттауға шектеу қойғандығы салдарынан бидай бір бушель үшін рекордтық баға – 1 087 долларға дейін өсті. Осылайша ұсыныс тарапынан уақытша тапшылық орын алғандығы нәтижесінде қазақстандық бидайға деген сұраныс артты. Сол себепті Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі елде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың мамыр айынан қыркүйек айының соңына дейін бидай экспорттауға уақытша шектеу қойды. Сыртқа шығару арнайы белгіленген квота бойынша жүзеге асырылады: бидай – 550 мың тонна, бидай және бидай-қарабидай ұны – 370 мың тонна.
Ұн тарту өнеркәсібі
Ұн тарту өнеркәсібінің өнімдерін ел ішінде тұтыну толығымен отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етіледі. Алайда қазақстандық ұн тартушылар отандық емес, ресейлік шикізатты пайдаланады. Ел ішінде бидай бағасының өсуі аясында отандық ұн тартушылар 2021 жылдың күзінен бастап, ресейлік шикізатқа ауысты. Өйткені ол арзан. Ұн тартушылардың бұл әрекеті 2021 жылдың қыркүйегі мен 2022 жылдың ақпаны аралығында ұн бағасын түсіруге мүмкіндік берді. Алайда Украинада әскери қақтығыс басталып, ресейлік бидайды ЕЭО елдеріне экспорттауға уақытша тыйым салынған соң, елімізге бидай жеткізу тоқтатылды.
Енгізілген шектеудің нәтижесінде Ресейде бидайдың ішкі бағасы төмендей бастады. Бұл ресейлік ұн тартушылар үшін жақсы жаңалық болды. Олар өздерінің өндірістерін белсенді жүргізіп, өнімдерін өте тиімді бағыт – Орталық Азия елдеріне сата бастады. Ресей ұнының бағасы қазақстандық ұннан 10 долларға арзан.
Ал бұл қазақстандық ұн тартушылардың ұнжырғысын түсіріп, күйзеліске ұшыратты. 2022 жылдың наурызында астық өңдеушілер бидайды экспорттауға шектеу қоюды ұсынды. Мақсаттары – отандық ұн тарту өнеркәсібіне қолдау көрсету және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Алайда үкіметтегілер оларды қолдамады. Ұн тартушылар ұсынған шектеулер тек 2022 жылдың мамыр айында ғана енгізілді. Бұл кезде олардың өнімдеріне қатысты тұтыну бағасының өсімі жылдық есеппен 30%-ға көтеріліп кеткен еді.
Атап өту керек, бағаның қымбаттауына байланысты ұн тартушылар үшін қазақстандық бидайдың жетіспеушілігі немесе қолжетімсіздігі жаңадан пайда болған мәселе емес. Қазақстанда астық түсімінің төмен болуы диқаншыларға ғана емес, ұн тарту өнеркәсібінің өкілдеріне де әсер етті. 2021 жылы Қазақстанда астық жинаушылар бидайды 2020 жылға қарағанда 17.1%-ға немесе 2.4 млн тоннаға аз жинады. Астықтың бітік шықпауы және қымбатшылық аясында ұн тарту өнеркәсібінің өнімдерін өндіру көлемі осы кезеңде 21.7%-ға (-243 мың тонна ұн), ал экспорт 11.9%-ға (-300 мың тонна ұн) төмендеді. Сондықтан ұн тартушылар жыл өткен сайын шетелге шығаратын ұндарының көлемін азайта бастады. Осы ретте қазақстандық ұнды экспорттау көлемі азая бастағанымен, оны Өзбекстанға экспорттау керісінше, қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Ал Өзбекстан болса оны әрі қарай өңдеп, Қазақстанның өңделген өнімдерін импорттаушыларға сатады.