АҚШ-та еңбек өнімділігі осымен екінші тоқсан қатарынан төмендеп жатыр. Оған елдегі жоғары инфляция (шілдеде 8.5% ж/ж) және Жалпы Ішкі Өнімнің (ЖІӨ) өсу қарқынының бәсеңдеуі әсер етуде. Нақты айтар болсақ, биылғы жылдың алғашқы үш айында АҚШ-та еңбек өнімділігі 7.4 пайыздық тармаққа (п.т) түсіп кеткен болатын. Енді екінші тоқсанның қорытындысы бойынша тағы да 4.6%-ға қысқарды. Жылдық тұрғыдан алып қарағанда, еңбек өнімділігі 2.5%-ға түсті. Бұл соңғы 74 жыл ішіндегі ең ірі төмендеу.
Бірінші тоқсанмен салыстырғанда екінші тоқсанда жұмыс күшіне бағытталған шығындар 10.8%-ға өсті. Бұл нені білдіреді? Демек, АҚШ-тың корпоративтік секторы төмен маржиналдылыққа (табыстылықтың төмен болуына) көнуге мәжбүр болады деген сөз немесе көбейіп жатқан еңбек шығындарын түпкі тұтынушыға (сатып алушыға) арта салуға тура келеді. Бірақ бұл ішкі нарықта бағаның өсіп кетуіне түрткі болуы мүмкін.
Бұл аздай, осы жылдың шілде айында жұмыссыздық жылдық тұрғыда бар болғаны 3.5%-ға жетті. Бұл АҚШ-тың корпоративтік секторын еңбекке жұмсалатын шығындарды қосымша көтеруге мәжбүрлейді.
Жалпы АҚШ-та еңбек өнімділігінің барысы соңғы жылдары құбылмалы болды. Пандемияға дейін және оның басында еңбек өнімділігі корпоративтік сектордың қолда бар дайын бизнес-үдерістерге жаңа технологияларды біршама тез енгізу және жұмыскерлерді қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыру арқасында өсті. Ал бүгінде елде өнімділік төмендеуде. Өйткені АҚШ экономикасы стагфляцияға (тоқырау мен инфляцияның қосарлануы) немесе рецессияға енуде әрі жұмыссыздық рекордтық дәрежеде төмендеп, инфляция үдей түсті.
Еңбек өнімділігі экономика өсімінің жетекші факторларының бірі. Тағы бір фактор – капиталдың өсуі және оның тиімділігінің артуы. Өнімділіктің қазіргі төмендеуі капиталды қосымша арттырғанмен оның қайтарымының болмауына және сандық өсім бойынша бірқатар проблемаларға байланысты орын алып отыр. Бұл АҚШ экономикасының өсу қарқынының одан әрі төмендеу ықтималдығын көрсетеді және тұрақты рецессияға әкеп соғуы мүмкін. Өйткені ағымдағы инфляциялық тәуекелдерге байланысты экономиканы қосымша ынталандыру мүмкіндіктері жоқтың қасы.