Қазақстан әлемдік нарықта дәнді дақылдар, оны ішінде ең алдымен бидай өсіруші мемлекет ретінде танымал. Елімізде дәнді дақылдар өсіруге сонау КСРО заманында басымдық берілді. Бұл алып елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету талабынан туындады деуге болады.
Одақ кезінде (1986-1990) қазақстандық бидайдың өнімділігі орта есеппен гектарына 12.6 центнерден түсті. Тіпті осы кезеңнің өзінде, яғни Одақтың ыдырауы алдында өнімділік қазіргі көрсеткіштен жоғары болды.
1980-ші жылдары Қазақстанда дәнді дақылдар өсіру өндірісті қарқындату есебінен қамтамасыз етілді. Түсімнің 50% – минералды тыңайтқыштардың, 20% – аудандастырылған сұрыптардың есебінен және 30% – технологиялық талаптарды сақтау есебінен қалыптастырылды. Бұл үйлесім аграрлық салада ұйымдық қайта құру, дәнді дақылдарды өсіп-өндіру технологиясының бұзылуы, бағалардың теңсіздігі және басқа да факторлардың салдарынан бұзылды.
Қазақстан бидайдың түсімділігі бойынша оны өсіріп-өндіретін 130 елдің ішінде 109-шы орынға ие. Біздің еліміз негізінен қатты сұрыпты жұмсақ бидай өсіреді. Оның уызы (дәнмаңызы) көп. Бірақ әлсіз сұрыпты жұмсақ бидайларға қарағанда түсімділігі төмен деуге болады. Алайда бидайдың сәйкес сұрыптарын өсіретін елдермен салыстырғанның өзінде қазақстандық бидайдың түсімділігі төмен.
1 кесте. Әлемде бидайдың әр түрлі сұрыптарының түсімділігі, ц/га
1992-1996 | 1997-2001 | 2002-2006 | 2007-2011 | 2012-2016 | 2017-2020 | |
бидайдың әлсіз сұрыптарын өсіретін елдер | ||||||
Жаңа Зеландия | 53 | 66 | 75 | 80 | 91 | 92 |
ЕО елдері | 63 | 65 | 66 | 69 | 72 | 70 |
Мысыр | 54 | 63 | 65 | 63 | 66 | 65 |
Сауд Арабиясы | 45 | 46 | 54 | 60 | 62 | 60 |
Қытай | 37 | 38 | 43 | 48 | 53 | 56 |
Украина | 30 | 26 | 28 | 31 | 39 | 39 |
Ресей | 16 | 17 | 19 | 21 | 26 | 28 |
бидайдың қуатты сұрыптарын өсіретін елдер | ||||||
Канада | 22 | 22 | 25 | 29 | 33 | 34 |
АҚШ | 25 | 27 | 28 | 30 | 31 | 33 |
Аргентина | 21 | 24 | 25 | 28 | 29 | 31 |
Аустралия | 18 | 19 | 15 | 17 | 21 | 17 |
Қазақстан | 8 | 10 | 10 | 11 | 12 | 11 |
Дереккөз: FAOSTAT деректері бойынша есептелді
Басқа елдерге қарағанда Қазақстанда бидай түсімінің төмен болуы тыңайтқыштарды жеткілікті қолданбағаннан болуы мүмкін. Бір гектар егістік жерге (жиынтық) тыңайтқыштарды қолдану бойынша Қазақстан әлемде соңғы орындардың бірін алады – 170 мемлекеттің ішінде155-ші орын.
Айталық, елімізде тыңайтқыштарды қолдану деңгейі Ресеймен салыстырғанда 5 есе, ал тыңайтқыштарды қолдану бойынша көш басындағы елдермен салыстырғанда 100 есе төмен. Тыңайтқыштарды жеткілікті қолданбау өнімнің көлемі мен сапасына кері әсер етеді.
2 кесте. Тыңайтқыштарды қолдану, кг/га
2016 | 2017 | 2018 | 2019 | 2020 | |
Мысыр | 424.0 | 435.8 | 412.4 | 406.2 | 401.2 |
Қытай | 403.7 | 391.6 | 369.6 | 350.0 | 336.8 |
Нидерланды | 281.3 | 280.3 | 264.4 | 264.0 | 267.9 |
Ұлыбритания | 245.9 | 246.6 | 243.8 | 243.2 | 189.4 |
Израиль | 211.2 | 184.2 | 191.0 | 182.9 | 94.3 |
Беларусь | 143.8 | 139.7 | 153.2 | 151.1 | 177.6 |
Өзбекстан | 231.6 | 231.8 | 231.8 | 230.8 | 230.7 |
Франция | 154.8 | 168.5 | 162.7 | 148.4 | 160.0 |
Үндістан | 153.3 | 157.4 | 162.2 | 171.8 | 192.9 |
АҚШ | 125.7 | 125.6 | 124.8 | 124.4 | 124.0 |
Украина | 51.3 | 60.2 | 63.7 | 63.4 | 73.7 |
Ресей | 18.4 | 17.0 | 20.5 | 22.3 | 25.0 |
Қазақстан | 3.8 | 5.3 | 4.0 | 1.9 | 5.6 |
Дереккөз: FAOSTAT деректері бойынша есептелді
Бидай саудасы
Әлемдік бидай саудасында Қазақстанның үлесі шамамен 2%-ды құрайды. Соңғы бес жылда бидай экспортының көлемі елімізде жылына шамамен 5 млн тоннаға тең.
Бидайдың қатты, қуатты сұраптарының түсімділігі төмен болғанымен бағасы жоғары. Мұндай бидайда ақуыз көп болғандықтан, наубайханалық қасиеті жоғары. Сондықтан әлсіз сұрыпты бидай ұнын өндіру барысында оның сапасын жақсартушы ретінде де қолданылуы мүмкін. Сәйкесінше әлдеқайда қолжетімді әлсіз бидайға қарғанда бұл қуатты сұрыптарға деген сұраныс жоғары.
Жұмсақ бидайдың қуатты сұрыптары белгілі бір климаттық белдеулерде өсіріледі. Бұл сұрыптарды бірнеше ел ғана өсіреді: АҚША, Канада, Аустралия, Аргентина және Қазақстан. Бұл жерде әлемдік нарықта Қазақстан сапалы бидай өсіруші елге жатпайды екен. Оған себеп – өсірілетін бидайдың сапасының тұрақсыздығы және әлемдік нарықта оны таныту жұмыстарының нашар жүргізілетіндігі.
Қазақстандық бидайды сатып алушылар – негізінен көрші ТМД елдері. Соңғы 20 жыл ішінде (2001-2021) Қазақстан өз бидайын 72 елге сатып келіпті. Алайда солардың ішінде тек екі ел ғана қазақстандық бидайды осы жылдар ішінде тұрақты көлемде алып келген. Олар – Өзбекстан мен Тәжікстан. Бидай жеткізудің 60-70%-ы осы елдерге тиесілі. Тағы 7 мемлекет қазақстандық бидайды шамалы көлемде тұрақты сатып алады. Мысалы, олардың ішінде Түркия мен Үндістан да бар.
Жағдайда өзгерту үшін бірінші кезекте өсірілетін бидайдың сапасын ағымдағы 3-ші сыныптан 1-2 сыныптарға жоғарылату керек. Одан басқа, қазақстандық бидайды әлемдік нарықта барынша белсенді түрде, ілігерілету, яғни таныту қажет:
- халықаралық көрмелерге қатысып, өз бидайының сапасын, тиімді және пайдалы жақтарын паш ету;
- қызығушылық білдірген елдерге сынама ретінде тегін бидай партияларын жеткізу;
- өсірілетін бидайдың сапасын жоғарылатып, оны тұрақтандыруға қол жеткізу.
Ал енді бидай өсірушілеріміздің өзі бұған мүдделі ме? Егер дәл қазіргі жағдайдың өзі тұрақты табыс әкеліп тұрған болса, оны өзгертуге өндірушілер мен еліміз мүдделі ме екен? Өйткені бұған көлемді қаржы ресурстарын жұмсау керек болады.
Ауыл шаруашылығының әлеуеті
Қазақстанның ауыл шаруашылығының келешегі зор. Бірінші кезекте елімізде жер ресурсы жеткілікті.
ФАО (БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының) деректері бойынша Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі бойынша әдемде 6-шы орынға ие (ел аумағының 79%-ы). Ресейге сәл ғана жетпейді (3-ші кестені қараңыз). Бірақ нақты егіндік жерлер ауыл шаруашылығы алқаптарының бар болғаны 14%-ын құрайды. Бұл дегеніңіз жалпы елімізде ауыл шаруашылығы алқаптарының басым бөлігі – табиғи мал жайылымдары, шалғынды және далалы жерлер деген сөз.
3 кесте. Мемлекеттердің жерінің көлемі, ауыл шаруашылығы алқаптары мен егістік жерлерінің ауқымы, мың га
Ел аумағы | Ауыл шар. алқабы | Егістік жерлер | Ауыл шар. алқабының ел аумағындағы үлесі | Егістік жерлердің ауыл шар. алқабындағы үлесі | |
Ресей | 1 709 825 | 215 494 | 123 442 | 13% | 57% |
Канада | 987 975 | 58 035 | 38 693 | 6% | 67% |
Қытай | 983 151 | 527 722 | 134 889 | 54% | 26% |
АҚШ | 956 291 | 405 701 | 160 328 | 42% | 40% |
Бразилия | 851 577 | 236 735 | 63 465 | 28% | 27% |
Аустралия | 774 122 | 358 317 | 30 935 | 46% | 9% |
Үндістан | 328 726 | 179 204 | 168 866 | 55% | 94% |
Аргентина | 278 040 | 110 110 | 34 485 | 40% | 31% |
Қазақстан | 272 490 | 215 294 | 29 728 | 79% | 14% |
Дереккөз: FAOSTAT деректері бойынша есептелді
Өсімдік шаруашылығы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісі құрылымының жартысынан сәл ғана астамын алып жатыр – 52-54%. Егістік жерлердің үлесі төмен – ауыл шаруашылығы алқаптарының бар болғаны 14%-ын ғана алып жатыр. Демек қалған 85%-ы мал шаруашылығына жарамды жерлер.
Егістік жерлерді дәнді дақылдар бойынша бөлу
Дәнді дақылдар – Қазақстанның өсімдік шаруашылығының негізі. 2007 жылға дейін егістік алқаптардың шамамен 90%-ында осы дәнді дақылдар өсіріліп келді. Одан кейінгі жылдары олардың үлесі біртіндеп азайып, соңғы кезде шамамен 80%-ды құрайтын болды.
Егістік жерлердің ауданы әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдары (1992-1996) қатты қысқарып кетті. Алайда одан кейінгі жылдарда егістік жерлердің көлемі керісінше арта берді. Бірақ бәрібір 1992 жылғы деңгейге әлі жеткен жоқ.
2007 жылдан бастап, егістік жерлердің құрылымында майлы дақылдардың үлесі арта бастады. Айта кетелік, дәнді дақылдарға арналған егістік жерлердің көлемі азайған емес. Демек майлы дақылдар үшін басқа егіндік жерлер пайдаланып жатыр деген сөз.
Егістік аумақтардың құрылымында көкөністің, жемістердің және тамыр жемістердің алатын үлесі өте мардымсыз. Мұндай құрылым тарихи түрде қалыптасты. Алайда түсім құрылымы егістік жерлердің аумақтары құрылымынан аздап өзгешелеу. Дәнді дақылдар көш басында келеді. Бірақ үлесі едәуір төмендеген. Тамір жемістер (картоп) және көкөністердің егістік алқаптардағы үлесі 1%-дан төмен, бірақ түсім көлемі жағынан олардың үлесі 10%-дан асады. Атап өту керек, барлық негізгі дақылдар бойынша түсім жоспарлы түрде өсті.
Соңғы 30 жыл ішінде барлық дақылдардың түсімділігі артты. Алайда дәнді дақылдар алдыңғы қатарда емес. Олардың түсімділігі осы кезеңде шамамен 1.5 есе арттырылған болса, көкөніс пен жемістердің түсімділігі 2.5 есеге артты.
Бұл жерде дәнді дақылдарды Қазақстанда өсірудің тиімділігі бар әлде жоқ па деген сұрақ туындайды.
Бидайдың баламасы
Қызанақ, картоп, алма, өрік және т. б. бойынша егістік алқаптың бір гектарынан түсетін түсім бидай түсімінен асып түседі. Бұл ретте көкөністер мен жемістердің басым бөлігін Қазақстан сырттан сатып алады. Бірақ өзі өндіруге шамасы келеді. Дегенмен бұл жерде бірқатар қиындықтар бар.
Қазір көкөністер мен жемістердің басым бөлігі өнеркәсіптік көлемде емес, жеке шаруа қожалықтарында өсіріледі. Дегенмен өнеркәсіптік сипатта өсірудің келешегі бар екені айдан анық. Егер өнімдердің 1 центнерін жүзеге асырудан түсетін жалпы пайдаға қарайтын болсақ, бидай көкөністер мен жемістерден қалып қояды.
4 кесте. 1 центнер өнімді жүзеге асырудан түсетін жалпы пайданың көлемі, теңге
2016 | 2017 | 2018 | 2019 | 2020 | |
Қызанақтар | 16 471 | 8 424 | 1 823 | 27 179 | 24 956 |
Өріктер | 8 823 | -4 902 | 14 153 | 6 247 | 7 615 |
Алмалар | 4 775 | 5 916 | 5 351 | 10 017 | 6 977 |
Соялық бұршақтар | 1 692 | 2 925 | 3 151 | 6 095 | 3 114 |
Жүгері | 1 245 | 1 204 | 814 | 2 510 | 2 935 |
Зығыр | 1 882 | 2 687 | 1 459 | 2 781 | 2 921 |
Картоп | 977 | 2 018 | 2 713 | 3 194 | 1 996 |
Күнбағыс | 3 289 | 2 582 | 2 105 | 1 455 | 1 793 |
Бидай | 992 | 807 | 119 | 1 308 | 1 569 |
Күріш | 1 766 | 731 | 178 | 578 | 257 |
Қант қызылшасы | -108 | 34 | -103 | -1 152 | -829 |
Дереккөз: FAOSTAT және ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде есептелді
Қай жол тиімді
Жоғарыда келтірілген деректерге сүйенер болсақ, бидай Қазақстанда аса тиімді дақыл деп айтуға болмайды. Мүмкін өсімдік шаруашылығы өндірісінің құрылымында басымдық берілетін дақылдарды қайта қарау керек шығар. Немесе бидай өсіру тәсілін қайта қарастырып, оны тиімді және табысы жоғары өнімге айналдыру керек болар.
Бидайды ұзақ уақыт бойы өндіру және экспорттау деректері негізінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 10-12 тонна бидай қажет. Қазақстан бұл көлемді қазіргідей экстенсивті жолмен, яғни өндірістің сапасы мен тиімділігіне аса көп ресурс жұмсамай-ақ өндіре алады. Сәйкесінше бидайға арналған егістік жерлерге анағұрлым тиімді дақылдарды егуге болады. Мынай да жолы бар: бидайдың түсімділігін, сапасын арттырып, әлемдік нарықта танымдылығын арттыру үшін өктем маркетингтік саясат жүргізу.
Қазақстанға осы жолдардың қайсысы тиімді: мүмкін бидай экспорттау бойынша көш басына шығуға таласудан көрі, басқа дақылдарды өсірумен белсенді түрде айналысу керек шығар. Немесе жер ресурстары мен климаттық аймақтары Қазақстанға ұқсас Аустралия мен Канада бидайынан қалыспайтын эталонды бидай өндіру керек пе? Мүмкін барлығын да ескеру керек болар?