2022 жылы инфляция ғаламдық құбылысқа айналды. Ол COVID-19 пандемиясы кезінде әлемдік экономикада жиналып қалған экономикалық және әлеуметтік теңгерімсіздіктердің себебінен орын алды. Ал мұндай үйлесімсіздікке пандемияның қолайсыз әсерін жұмсартуға бағытталған саясат: мемлекеттік шығындардың өсуі, сұранысты артық ынталандыру, левередждің (кредиттік демеушілік) жиналып қалғандығы және нарықтық бәсекелік ортаның бұрмалануы себеп болды.
Геосаяси шиеленістер бұған дейін жинақталған проблемаларды айшықтап, ушықтыра түсті. Сөйтіп өндіріс пен тауар жеткізудің әлемдік тізбектерінде қиындықтар мен үзілістердің орын алуына себеп болуда. Бұл сонымен қатар жергілікті нарықтарда тауарлардың тапшылығына әкеп соқты. Осылайша нарықтық баға белгілеуде қателіктерге жол берілді. Бағалар өсіп жатыр. Инфляция қазір қос таңбалы сандармен есептеледі. Кейбір елдерде ол рекордтық көрсеткіштерге жетіп отыр. Бұрын қолжетімді тауарлар бүгінде қолжетімсіз болып қалды. Сөйтіп көптеген адамды кедейшілікке әкеп соқты. Бұл өмір сүру дағдарысының белгісі.
Әлемнің ірі мемлекеттерінің қаржы реттеушілері мен үкіметтері монетарлық және монетарлық емес шаралар қабылдап, қымбатшылыққа қарсы тұруға әрекет жасауда. Соңғы он жылда өте батыл, табанды шаралар қабылданды. Бұл экономикада арзан ақшаның заманы аяқталғандығын білдіреді. Алайда ұзаққа созылған қымбатшылық әрине, оған қатысты болжамдарды тым көңілсіз етіп жібереді. Сол себептен «баға бұдан бетер қымбаттап кетуі мүмкін» деген оймен адамдар тауарларды көптеп сатып алып жатыр. Сәйкесінше сұраныс арты түседі. Баға одан әрі өсіп кете барады. Ал орталық банктер оған қарсы тұруға барынша күш салуда. Міне, сондықтан инфляцияға қарсы қолданылып жатқан шаралардың барлығы жеткілікті нәтиже берер емес. Керісінше іскерлік белсенділік бесеңдеп барады.
Біз биыл жаңа экономикалық циклға: ұзаққа созылған инфляция және әлсіз/теріс өсім кезеңіне аяқ бастық. Екі жағымсыз құбылыстың қатар жүруі стагфляцияның басталу қаупін тудырады. Бұл экономиканың даму болашағына балта шабады және қосымша қаржылық дағдарыстардың пайда болу ықтималдығын арттырады.
Елдер стагфляция иіріміне тартылып жатыр
Ағымдағы жағдайға баға беру
Жоғарыдағы инфографика әлемдік экономиканың стаглфяцияға бейім болып тұрғанын көрсетеді. Jusan Analytics 2022 жылдың қазан-қараша айларындағы инфляциялық үдерістер және 2022 жылдың қыркүйегінде әлемнің дамыған және дамушы елдеріндегі экономикалық өсімге қатысты жағдай бойынша соңғы деректерді талдап шықты.
Іріктемеге әлемнің 70 мемлекеті таңдап алынды. Олардың жалпы экономикасы әлемдік Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 80%-ын құрайды. Оларды орналастыру барысында инфляцияның белгіленген мақсатты көрсеткішті (таргеттен) қаншалықты басып озғаны және ЖІӨ-нің пандемия кезеңін қоспағанда (2020-2021) соңғы 5 жыл ішіндегі ЖІӨ-нің орташа мәнінен қаншалықты ауытқығаны ескерілді.
Латвия, Эстония, Молдова, Ресей, Белоруссия және Чилиде стагфляциялық (экономикалық тұралау+инфляция) қауіп күшейді. Бұл елдерде инфляция таргеттен жоғары (2.5 еседен 10 еседен астамға дейін), ал ЖІӨ өсу қарқыны теріс сипатқа ие – рецессияны (экономиканың өсу қарқынының бәсеңдеуі, ЖІӨ 2 тоқсан бойы төмендеуі) білдіреді. Бұл елдердің экономикасы әлемдік ЖІӨ-нің 2.3%-ын құрайды.
Екінші шеңбердегі Түркия, Албания, Франция, Германия, Чехия және басқа елдердегі инфляцияның қазіргі жағдайы және ЖІӨ өсімінің стагфляцияға өтіп кету қаупі жоғары. Бұл топ 15 елді біріктіреді. Оларда бағалардың өсуі 2 еседен астамға жоғары, ал экономиканың ағымдағы өсу қарқыны ЖІӨ-нің орташа мәнінен ширек пайыздан астамға төмен. Бұл топқа енетін елдер әлемдік ЖІӨ-нің 9.8%-ын құрайды.
Топтағы Үндістан, Швейцария, АҚШ, Қазақстан, Польша, Аустрия және басқа елдерде инфляцияның таргеттен асып кеткендігі және экономикалық өсімнің шамалы бәсеңдегені байқалады. Бұл 19 ел бұған дейінгі топпен салыстырғанда инфляцияның мақсатты деңгейден асқандығымен және ЖІӨ өсу қарқынының шамалы теріс ауытқуымен ерекшеленеді. Бұл елдер әлемдік ЖІӨ-нің 31%-ын құрайды.
Төртінші шеңбердің Грузия, Италия, Оңтүстік Корея, Канада, Аустралия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения және басқа да елдерінде инфляция таргеттен жоғары, бірақ экономика өсіп жатыр. 30 мемлекеттен тұратын бұл топты ЖІӨ-нің оң өсімі және инфляцияның таргеттен 40%-дан астамға ауытқуы біріктіреді. Бұл елдердегі ағымдағы жағдайдың себептері әрқалай, бірақ экономикалық өсімді тұрақты, біркелкі теңгерімді деп айтуға болмайды. Ішкі және сыртқы жоғары инфляция кезінде монетарлық шектеу шараларымен тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету қиын.
Айталық, мысалы, Армения мен Қырғызстанда экономиканың өсімі бұған дейінгі жылдардағы өсу қарқынынан әлдеқайда жоғары. Бұған Ресейден түсіп жатқан ақша аударымдары және ресейлік азаматтардың көптеп келуі себеп болуда. Бұл топқа енетін елдер әлемдік ЖІӨ-нің үштен екісін алып жатыр.
Біздің іріктемеге сондай-ақ әлемнің екінші экономикасы – Қытай (әлемдік экономиканың 18%-дан астамы) енді. Аспан асты елінде бағалардың барысы дефляцияны (тауарлардың мен көрсетілетін қызметтердің арзандауы) көрсетіп жатыр. Ал экономика COVID-19 пандемиясына қарсы нөлдік төзімділік саясаты аясында төмендеуде.
Бізді не күтіп тұр?
Алдағы жыл биылғыға қарағанда күрделі болуы мүмкін. Болжам бойынша макроэкономикалық турбуленттілік және геосаяси шиеленіс сақталады және одан әрі жалғасады. Ағымдағы жылы әлемдік экономика үшін негізгі жағымсыз фактор – бағаның бет қаратпай, өсе түсуі. Бұл жаңа қауіп-қатерге – әлемдік деңгейдегі стагфляциға ұласуы әбден мүмкін. Бұл туралы сонау 1965 жылы британдық саясаткер Иэн Маклауд мәлімдеген болатын. Әлемнің жетекші экономикаларының орталық банктері «бағаны ауыздықтаймыз» деп жүріп, әлемді стагнация мен инфляцияға әкеп соқтыруы ықтимал. Бұл ретте барлық елдер ақша-несие саясатын жаппай қатаңдатуға көше бастаған соң, инфляция тұрақталуы мүмкін. Инфляцияға қарсы күрес жеткілікті жүргізіліп жатыр. Сондықтан елдер «инфляцияға қарсы күресіп жүріп, тұрақтылыққа бет бұру, ақша-несие саясатын жұмсартау сәтін жіберіп алмай ма» деген қорқыныш бар. Әйтпесе бұрынғы сценарий қайталануы мүмкін. Яғни кезінде ешбір мемлекет коронадағдарысқа қарсы қолданылған шараларды дер кезінде тоқтата алмады. Соның салдарынан бұл шаралар уақытша сипаттан тұрақты сипатқа ие болып, қазіргі әлемдік жоғары инфляцияның орын алуына түрткі болды.
Қазір АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания және Қытай секілді әлемнің жетекші мемлекеттерінің экономикаларындағы жағдай алаңдаушылық туғызады. Алғашқы үш экономикада инфляция жоғары деңгейде және бұл елдердің орталық банктері оны тежеу үшін қатаң шаралар қабылдауда.
Жағдай жақсарады дегеннің өзінде экономикалық өсім әлсіз ғана оң сипатта дамуы мүмкін. Ал егер жағдай ушығатын болса, қабылданып жатқан шаралар инфляцияға түк әсер етпейтін болады. Сәйкесінше барынша қатаң шаралар қолдануға тура келеді. Ондай кезде экономикалық белсенділік төмендеуі ықтимал.
Қытайда пандемияға қарсы қатаң шаралардан бас тартылатын болса немесе эпидемиялық жағдай жақсарса, іскерлік белсенділік қалпына келуі мүмкін. Бұл жерде Аспан асты елінің экономикасы қалпына келетін болса, бұл кейінге қалдырылып, әбден жиналып қалған сұранысты тудыруы ықтимал. Демек барлық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағалары тағы да қымбаттайды ма деген қауіп бар.
Инфляциямен күрес және экономиканы салқындаудан құтқару – дамушы елдер үшін де маңызды міндеттер. Алайда олар дамыған елдерге қарағанда сыртқы қысымдарға өте бейім келеді. Сондықтан бұл қабылданып жатқан мемлекеттік шаралардың тиімділігін шектейді. Ішкі теңгерімсіздікпен қатар бара-бара күшейіп жатқан борыштық және валюталық тәуекелдер де қысым көрсетеді. Бұл ұзақ мерзімді рецессия ға әкеп соғуы мүмкін.
Қысқа және ұзақ мерзімді облигациялардың теріс спреді де алаңдаушылық туғызады (-80 б.п. – АҚШ-та соңғы 40 жылдан астам уақыт ішіндегі ең жоғары инверсиялық мән). Ол дағдарыстық құбылыстарды алдын ала ескертуші қызметін атқарады және жағымсыз сценарийдің жүзеге асуының факторы болып табылады. Айталық, Fitch рейтингтік агенттігі 2022 жылдың желтоқсан айының басында 2023 жылы әлемдік ЖІӨ-нің өсімі 1.7%-дан 1.4%-ға түсетіндігі туралы болжам жасады. Ал Goldman Sachs экономистері алдағы 10 жылда ғаламдық өсім жылына 3%-ға дейін бәсеңдейді деп есептейді. Бағаларды қайта санауға экономикалық өсу қарқыны үшін қымбатшылықты тежеу бойынша шаралардың жағымсыз салдары себеп болды.
Халықаралық валюта қоры ғаламдық экономикалық өсім үшін ең үлкен қиындық әлі алда деген пікірмен толық келіседі. 2023 жылы ғаламдық экономиканың өсу қарқыны 2.7%-дан төмен болады. ХВҚ 2022 жылдың қазанында осындай болжам жасаған болатын. 2023 жылы ғаламдық экономиканың өсу қарқыны бойынша жасалған болжам 2001 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Бұл жерде әлемдік қаржылық дағдарыс және COVID-19 пандемиясы кезеңі ескерілген жоқ.
ХВҚ өкімші директоры Кристалина Георгиева өзінің қазан айындағы мәлімдемесінде былай деген болатын: «ғаламдық экономика қазір іргелі өзгерістерді бастан кешіп жатыр. Біз алдын ала болжауға болатын әлемнен болжап болмайтын, геосаяси шиеленістерге толы әлемге өтіп жатырмыз. Бұл әлемде кез келген ел алға қойған мақсатынан, бағытынан жиі және жылдам ауытқуы мүмкін». Қазіргі күрделі жағдайда ғаламдық стагфляциядан құтылуға мүмкіндік беретін әмбебап, жеңіл құрал жоқ. Сондықтан теңгерімді және алдын алушы тәсілді белгіліп алу қажет. Ол қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік береді. Геосаяси шиеленістердің салдарын жою және нарықтық қатынастарды одан әрі ғаламсыздандыруға қатысты азғырушы әрекеттерге қарсы тұру үшін келісіп, бірлесе әрекет жасау қажет. Қатты өту және рецессиялық апаннан құтылу үшін дағдарысқа қарсы тұра алатын жаңа экономикалық даму моделін жасау қажет.