Банктердің жиынтық несиелік портфелі (РЕПО қарызын есепке алмағанда) шілде айында 324.4 млрд теңгеге немесе 1.5%-ға өсті. Шілдедегі өсім оған дейінгі аймен салыстырғанда 2 есеге жуық төмен. Жыл басынан бері несиелік портфель барлығы 2.05 трлн теңгеге немесе 10.6%-ға ұлғайды. Толыққанды динамика интерактивті графикалар түрінде «Экономика цифрлармен» бөлімінде берілген: https://jusananalytics.kz/kz/dinamika-kreditov/
Шілдеде кредиттер бойынша Херфиндаль-Хиршман индексі 1 741 пунктті құрады. Бұл маусымдағы көрсеткіштен 10 пунктке жоғары. Бұл кредит беру нарығының біртіндеп жоғары шоғырландырылған (1 800-ден жоғары) кредит беру нарығына ойысып жатқандығын көрсетеді. Жиынтық несиелік портфельдегі үлесі бойынша топ-5 банктің қатарына әлі де: Халық, Kaspi, Отбасы банк, БЦК және Jusan кіреді.
Несиелік портфельдің ең жоғары өсімі Kaspi-де байқалады – 161 млрд теңге (+6.1%). БЦК-да – 106.7 млрд (+6.8%) және Халық банкте – 105.6 млрд (+1.4%). РФ еншілес банктерінің несиелік портфельдері қысқарып жатыр.
Кредиттік әлеуетті бағалау аясында біз экономикаға кредит беру әлеуеті жоғары және бизнес-моделі өте белсенді банктерді де анықтаймыз. Олар: Банк Фридом Финанс, Jusan, Forte және Алтын банк.
Хоум Кредит банкте кредиттердің активтерге қатысты үлесі өткен аймен салыстырғанда 2.87 пайыздық тармаққа (п.т.) төмен түскендігі байқалады. Бұл банктің кредит беру әлеуетінің ұлғайып, өтімді активтерінің өсіп жатқандығын білдіреді. Жинақ банктің кредит беру әлеуеті меншікті капиталының оң мәнге ие екендігіне қарамастан (өткен айда теріс капитал байқалды) меншікті капиталы мен өтемпаздығының жетіспеушілігімен шектеледі.
Банктердің барлығы дерлік проблемалық берешектер бойынша жоғары дәрежеде провизия жасауда. Мысалы, Отбасы банкте бұл – 418%-ды, Нұрбанкте – 298%-ды, Халықта – 273%-ды және Jusan – 228%-ды құрайды. Жалпы бұған дейін проблемалық берешектер бойынша белсенді жұмыс жүргізген банктерді қоспағанда, банктердің көпшілігі провизия жасаудың консервативтік саясатына өтіп жатыр.
Шілдеде банк жүйесінде тәуекел құнының орташа деңгейі 1.52%-ды құрады. Бұл өткен жылдың деңгейінен 0.4 п.т.-қа төмен болса, өткен айдың деңгейінен 0.17 п.т.-қа жоғары. Банктер экономикада орын алып жатқан айтарлықтай айқынсыздықты ескере отырып, тәуекелдерді консервативті бағалау және оларды консервативті өтеу саясатына өтті.
Орташа деңгейден жоғары мән мына банктерде байқалады: Jusan, Хоум Кредит, БЦК, Еуразиялық банк және Kaspi. Бұл банктердің экономикада тәуекелдердің артып жатқандығын ескеріп, өте сақ тәуекел-менеджмент саясатын жүргізіп жатқандығын көрсетеді. Kaspi-дің тұтынушылық несиелендіру сегментіндегі үлесін ескерсек, оның несие портфеліне қатысты провизия көлемін арттыруы, сегменттің белгілі бір дәрежеде қызып кеткендігін білдіреді.
Кредиттердің орташа табыстылығы шілдеде 12.09%-ды құрады (бір ай ішінде +0.16 п.т., өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда +0.04 п.т.). Жалпы банк секторында жыл басынан бері табыстылықтың өсу үрдісі байқалады.
Несиелік портфельдің табыстылығының жоғары көрсеткіші әлі де бөлшек сауда банктерінде сақталуда. Әмбебап банктердің ішінде кредиттердің табыстылығының ең жоғары мәні Jusan-да байқалуда (24.6%). Бұл банк жыл басынан бері табыстылықты 12.7 п.т.-қа көтерді. Бизнес моделін ескере отырып, несиелік портфельдің салыстырмалы түрде төмен табыстылығы әлі де Отбасы банкте байқалады – 7.1% (2021 жылдың шілдесінде 6.95%).
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда банктердің барлығы дерлік өздерінің табыстылығын арттырған.