Ескі-жаңа әлемдік жайғасым: инфляция экономикада тағы да басты қозғаушы күшке айналды

Коронавирус пандемиясы және үнемі жаңа штаммның шығу қаупі, тауар жеткізілім жолдары мен бағыттарының өзгеруі, Украинадағы әскери қақтығыс және антиресейлік санкциялар әлемде инфляцияның үдеп кетуіне себеп болуда. Металл, энергия тасымалдаушылар және азық-түлік бағалары соңғы бірнеше жыл ішінде шарықтау шегіне жетті.

Мысалы, 2022 жылдың наурызында ФАО (БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының) азық-түлік бағалары индексінің орташа мәні 159.3 тармаққа көтерілді. Бұл осы индекс алғаш енгізілген 1990 жылдан бергі тарихи максималды көрсеткіш. Шикізат тауарлары бағасының қымбаттауы бүкіл әлемдік экономикаға зардабын тигізеді: түпкілікті тауарлар қымбаттайды, сұраныс азаяды және іскерлік белсенділік төмендейді.

Бүгінде жетекші орталық банктер (экономиканың өсуіне кедергі келтіретін болса да) қатал монетарлық саясатты (ақша массасы мен пайыздық мөлшерлемені реттеу) жүргізуге мәжбүр болуда. Олар ұзақ уақыт бойы аңысын аңдау саясатын ұстанып, әлемдік бағаның қарыштап өскенін маусымдық өзгерістер және тез өтіп кететін құбылыс деп түсіндіріп келген еді. Әлемдік өсімге қолайлы ультражұмсақ ақша-несие бағытының орнына монетарлық консерватизм дәуірі басталды. Федералдық резервтік жүйе (АҚШ ФРЖ), Англия Банкі және Еуропаның Орталық банкі (ЕОБ) өсіп бара жатқан асау инфляцияны ауыздықтау үшін пайыздық мөлшерлемені көтеретін болады.

Осылайша әлем елдерінің орталық банктері экономикалық заңдылықтардың дәстүрлі, ескілікті деп саналатын: “Арзан ақша” саясатын ұзақ мерзім жүргізу – инфляцияны қуғындауға әкеп соғады” деген ұғымға қайта оралады. Тарихи тұрғыдан алып қарағанда, монетарлық саясатты күрт өзгерту – әлемдік Жалпы ішкі өнімнің құлдырауына, жалпы әлемдік экономикалық белсенділіктің төмендеп кетуіне, жұмыссыздықтың етек алуына, валютаның қымбаттауына және инвестицияның қысқаруына әкеп соғады. Сәйкесінше орталық банктер қор нарықтарының консервативті құралдарын қолдана бастайды.

АҚШ

Инфляция

2022 жылдың мамырында АҚШ-та инфляция жылдық тұрғыда 8.6 пайыздық тармаққа көтерілді. Бұл соңғы 40 жыл ішіндегі абсолютті рекорд. Тұтыну бағасының өршуіне әсіресе энергия тасымалдаушылар бағасының қымбаттағаны ықпал етті. Тауар жеткізудің ғаламдық тізбегіндегі іркілістер ішкі нарықта отын бағасының өсуіне әкеп соқты. Одан басқа, ағымдағы жылдың наурызында АҚШ ресейлік мұнайды сатып алудан толығымен бас тартты. Иә, Ресей мұнайы елдегі мұнай тұтынудың 8%-ын құрайтын. Нәтижесінде АҚШ-та бензиннің орташа бағасы – 1 галлон (= 3.78541 литр) үшін 5.0 доллардан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60%-дан асып жығылады. Жалпы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мамандарының айтуынша экономикаға инфляцияның түсірген қысымы бойынша Америка “Үлкен жетілік” елдерін басып озады.

Жұмыссыздық

АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі ағымдағы жылдың мамырында 3.6%-ды құрады, яғни сәуір айынан бері өзгерген жоқ. 2022 жылдың басында елде жұмыссыздық 4.0%-ды құраған еді. Жалпы, АҚШ экономикасында жұмыспен қамтылу деңгейі соңғы 50 жыл ішінде тарихи рекордтық мәнге жетті. АҚШ ФРЖ жаңартылған болжамына сәйкес 2022 жылдың соңына қарай елде жұмыссыздық 3.7%-ды құрап, 2024 жылы 4.1%-ға дейін көтеріледі.

ЖІӨ

ЭЫДҰ берген бағасы бойынша америкалық экономиканың өсу қарқыны 2022 жылы 2.3-2.5%-ға дейін баяулайды. Өткен жылы ол 5.7%-ды көрсеткен болатын. 2023 жылы әлемдегі ең ірі экономиканың ЖІӨ 1.2%-ға ұлғаяды. Халықаралық ұйымдар америкалық экономиканың даму болашағы бұлыңғыр деген пікірде. Жағымсыз сценарийге халықаралық геосаяси шиеленістің күшеюі, шикізаттық тауарлар бағасының рекордтық дәрежеде өсуі және инфляциялық қысымның күшеюі себеп болды. Сондай-ақ жақын болашақта АҚШ-тың ФРЖ-сы өзінің монетарлық саясатын қатаңдатуына байланысты дағдарысқа қарсы бағдарламалардың жабылуы және инвестицияның төмендеуі де кері әсер етеді.

Пайыздық мөлшерлемелер

АҚШ-тың ФРЖ Ашық нарықтар жөніндегі комитетінің мусымдық отырысында базалық мөлшерлеме бірден 0.75 п.т., яғни 1.50-1.75%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылданды. Биыл америкалық реттеуші мөлшерлемені үш рет көтерді. Алайды соңғы рет көтергені 1994 жылдың қарашасынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Бұл америкалық реттеушінің инфляциялық үрдіске қатысты берген қуатты жауабы деуге болады. Мамандардың пікірінше елде инфляция әлі өзінің шарықтау шегіне жеткен жоқ.

АҚШ-тың ФРЖ-сы инфляцияға қарсы тұру үшін биыл пайыздық мөлшерлемені кем дегенде 3.0%-ға немесе тіпті 3.375%-ға дейін өсіреді деп күтілуде. Бұдан басқа Федрезерв өзінің активтер портфелін 8.9 трлн долларға қысқартып, монетарлық ынталандыруларды қысқарту бағдарламасын қолға алды.

ЕУРООДАҚ

Инфляция

Биылғы жылдың мамыр айында еуро аймағындағы инфляция жаңа тарихи мәнге жетті – 8.1%. Соңғы рет бағаның мұндай секірісі бұдан 25 жыл бұрын тіркелген еді. Еуроодаққа мүше бірқатар мемлекеттерде бағаның өсуі екі таңбалы санға жетті: Эстонияда – 20.1%, Литвада – 18.5%, Латвияда – 16.4%. Еуроаймақта бағаның мұншалықты өршуіне ең алдымен энергия тасымалдаушылардың қымбаттап кетуі себеп болды – олардың бағасы Украинадағы әскери қақтығыс салдарынан 40%-ға көтерілді.

Бұдан басқа ЕО елдері мамыр айының соңында антиресейлік санкциялардың алтыншы пакетін мақұлдады. Оның ішінде Ресей мұнайын теңіз жолдары арқылы жеткізуге (жалпы импорттың 2/3) тыйым салынуына қатысты эмбарго да бар. Міне, осындай шаралар да инфляция деңгейін одан сайын көтере түседі. ЭЫДҰ берген бағасы бойынша 2022 жылы еуроаймақта тұтыну бағаларының индексі (ТБИ) орта есеппен 7.0%-ды құрайды. Алайда әлемдік энергетикалық нарықтардағы әбігерліктер және Украинадағы әскери қақтығыс салдарынан бұдан да бетер жағымсыз инфляциялық жағдай орын алмай да деген қауіп бар.

Жұмыссыздық

Еуроаймақта жұмыссыздық деңгейі біртіндеп төмендеп жатыр. Нақты, 2022 жылдың сәуірінде жұмыссыздық деңгейі (маусымдық құбылуды ескерер болсақ) 6.8%-ды құрады. 2020 жылдың қыркүйек айында бұл көрсеткіш 8.6% болған еді. ЭЫДҰ мамандарының берген болжамынша еуроаймақтағы жұмыссыздық деңгейі 2022 жылы 7.1%-ға дейін қысқарады (өткен жылы 7.7%). 2023 жылы болжам бойынша жұмыссыздық деңгейі 7.4% болады. Еуроаймақтағы жұмыссыздық деңгейіне Украинадағы әскери қақтығысқа, энергия тасымалдаушылар бағасының өсуіне қатысты сыртқы факторлар және Еуроодақтың Орталық Банкінің монетарлық саясаты қатты әсер ететін болады.

ЖІӨ

ЭЫДҰ осы жылдың маусым айында берген соңғы бағасына сәйкес еуроаймақ елдерінде ЖІӨ даму қарқыны 2022 жылы 2.6%-ға дейін төмендейді. Өткен жылы ол 5.3%-ға көтерілген болатын. 2023 жылы еуроаймақ экономикасы, жылдық тұрғыда 1.6%-ға көтеріліп, жалпы төмендеуін жалғастыра береді. Еуроаймақта экономикалық даму барысының төмендегені бірінші кезекте халықаралық сахнада энергетикалық, геосаяси және экономикалық қауіп-қатерлердің күшеюі себеп болуда. Еуроблок экономикасы үшін жағымсыз сценарийдің орын алу ықтималдығын мынадай жайттер арттыра түседі:

  • еуроаймақтың әскери қақтығысқа географиялық жағынан жақындығы,
  • Ресейден қазбалы отын түрлерін импорттауға тәуелділік,
  • Қытайда коронавирусты тежеу бойынша шараларды қатаңдату.

Пайыздық мөлшерлемелер

Әлемде геосаяси, энергетикалық және экономикалық ахуалдың өзгеруі, сондай-ақ еуроаймақта инфляциялық қауіп-қатердің ұлғаюы Еуропаның Орталық банкінің монетарлық бағытына түзету енгізу қажеттілігіне әкеп соғады. Еуропаның Орталық банкінің Басқарушылар кеңесі ағымдағы жылдың 9 маусымындағы отырысының нәтижесі бойынша кредиттерге қатысты базалық мөлшерлемені нөлдік деңгейде сақтап, тұрақты жоғары инфляциямен күресу мақсатында тұңғыш рет 11 жыл ішінде базалық мөлшерлемені көтеретіндігін жариялады. Атап айтқанда, ЕОБ ағымдағы жылы базалық мөлшерлемені екі рет – шілде және қыркүйек айларында 25 пунктке көтеру мүмкіндігін мәлімдеді. Еуропалық Орталық банктің саясаты АҚШ-тың ФРЖ-сы ықпалында жүретіні сөзсіз. Ал ФРЖ монетарлық бағытын “салқындата” бастады.

ҰЛЫБРИТАНИЯ

Инфляция

Ұлыбританияда Тұтыну бағаларының индексі  соңғы 12 ай ішінде 2022 жылдың сәуіріне қарай 9.0%-ға өсті. Осыдан 1 ай алдын бұл көрсеткіш 7.0%-ды көрсеткен еді. ЭЫДҰ болжамы бойынша Біріккен корольдікте ағымдағы жылы инфляция 8.8%-ға көтеріліп, 2023 жылы 7.4%-ға түседі. Ал консервативтік сипаты аз бағалауларға сүйенсек, Ұлыбританияда бағалар биылғы жылдың соңына қарай 10-11%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Корольдкте бағалардың бұлайша бұрын-соңды болмаған сипатта шарықтауы әлемдік нарықтарда энергия тасымалдаушылар бағасының өсуіне, еңбек нарығында кадрлардың жетіспеушілігіне және күні бүгінге дейін қолданылып келген тауар жеткізу тізбектерінің бұзылуына түрткі болады.

Жұмыссыздық

Коронавирус пандемиясы кезінде іске асырылған ауқымды мемлекеттік қолдаудың арқасында Ұлыбританияда жұмыссыздық деңгейі соңғы 50 жыл ішінде ең төменгі деңгейде. Пандемияның әлі де жүріп жатқанына қарамастан, Британияның еңбек нарығында кадрлар тапшылығы қатты байқалуда. Мысалы, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында елде жұмыссыздық деңгейі 3.7%-ға дейін түсті. Енді 2022 жылдың қорытындысы бойынша Біріккен корольдікте жұмыссыздық 3.8%-ды құрайды деген болжам бар. 2023 жылы жұмыссыздық деңгейі 0.5 п.т., яғни 4.3%-ға дейін көтерілуі мүмкін.

ЖІӨ

Украинадағы соғыс қалай болғанда да барлық елдерге зардабын тигізді. Алайда әлемдік экономиканың кейбір субъектілері басқаларға қарағанда әлсіздік танытып, қиын жағдайға тап болды. Мысалы, Біріккен корольдікте ЖІӨ-нің өсу қарқыны ағымдағы жылы төмендеу жағына қарай қайта қаралды: ол екі есеге дейін, яғни 3.6%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Тіпті Ұлыбритания 2023 жылы дамуы нөлдік деңгейде қалатын жалғыз дамушы ел болып қалары ғажап емес. Экономикалық даму барысының бәсеңдеуіне мына факторлардың үйлесімі ықпал етті:

  • салық жүктемесінің артуы,
  • іскерлік белсенділіктің нашарлауы,
  • халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі,
  • тоқтаусыз өсіп жатқан инфляция аясында тұтынушылық сенімнің күйреуі.

Одан басқа, ЖІӨ-ні бісеңдететін дәстүрлі экономикалық себептердің қатарына жаңа энергетикалық факторлар қосылды. Ұлыбритания Үкіметі ағымдағы жылдың аяғында Ресейдің энергия тасымалдаушыларынан толығымен бас тартуды жоспарлап отыр. Бұл әрине, Лондон үшін айталықтай экономикалық шок болады. Өйткені елде тұтынылатын көмірдің 27%-ын, мұнайдың 11%-ын және газдың 4%-ын Ресей жеткізеді. Жалпы Ұлыбритания өзінің энергетикалық қажеттіліктерінің 36%-ын импорт есебінен қамтамасыз етеді.

Пайыздық мөлшерлемелер

Англия банкі экономикада инфляцияның ысынуына қарсы дәйектілікпен күресіп келеді. Мысалы, маусым отырысында британдық қаржы реттеушісі өзекті мөлшерлемені 0.25 п.т., яғни 1.25%-ға дейін көтерді. Ол өзекті мөлшерлемені өткен жылдың желтоқсан айынан бері осымен бесінше рет көтеріп отыр. Талдаушылардың бағалауы бойынша 2023 жылға қарай Англияның Орталық банкінің мөлшерлемесі 2.3%-ға жетеді. Одан басқа “Сандық жұмсарту” бағдарламасын тұжыру туралы бастама көтерілді.

ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан дамушы елдердің орталық банктерінің монетарлық саясаттарын қайта қарау, әлемдік нарықтағы сілкіністер, әлемдік экономикадағы қиғаштықтар және геосаяси ахуалдардың ықпалынан оқшаулана алмайды.

Инфляция

Шикізаттық тауарлардың әлемдік бағасының қымбаттауы Қазақстанның экономикасына инфляциялық бумеранг болып тиеді. Өйткені елімізде ішкі тұтынуда импорттың үлесі әлдеқайда жоғары. Мысалы, осы жылдың сәуірінде елімізде жылдық инфляция 14%-ға дейін өсті. Сәуірде бұл көрсеткіш 13,2% болған еді. Құрамдауыш бөліктер тұрғысынан алғанда мамыр айында азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны жылына 19%-ға жетті (сәуірде – 17.9%) Мамыр айындағы инфляция туралы “Баға барометрі (2022 мамыр)” материалынан оқып біліңіз. Әлемдік факторларға қосымша ретінде ел ішінде азық-түлік тауарлары бағасының күрт өсуіне әлемдік факторлармен қоса Ресейдің бірқатар азық-түлік тауарларын сыртқа, оның ішінде ЕЭО мүше-мемлекеттерге экспорттауға тыйым салғаны әсер етті.

ЖІӨ

Қазақстан экономикасы қазір өзара күшейе түскен сыртқы факторлардың ықпалында дамып келеді. Бір жағынан алып қарағанда, әлемдік нарықта энергия тасымалдаушыларға, металдар мен азық-түлік тауарлары бағаларының өсуі ел экономикасының дамуына септігін тигізуі тиіс. Өйткені Қазақстан әлемде шикізатты тауарларды ең ірі өндіруші және сыртқы нарыққа шығарушы мемлекеттердің бірі. Басқа жағынан алып қарғанда, әлемдік тауар биржаларында бағалық белгіленімдердің жедел өсуі негізгі тұтынушы елдер тарапынан сұраныстың төмендеуіне әкеп соғады. Сондай-ақ Қазақстанның жиі сатып алатын туарлар бағасының қымбаттауына да әсер етеді.

Осылайша мұнай, газ, көмір және басқа да энергия тасымалдаушылардың бағасы шарықтап тұрған шақта дамыған елдер халықты энергия үнемдеуге шақырып, балама қуат көздеріне өту шарасын жылдам жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, энергетика саласында мұндай бастамалар Еуроодақта жүзеге асырылып жатыр. Ал ол Қазақстанның негізгі саудалық әріптестерінің бірі. Өнеркәсіптік металдар бағаларының да күрт қымбаттап кеткендігі әлемдік экономиканың дамыған орталықтарында іскерлік және өндірістік белсенділіктің төмендеуіне әкеп соғады. Бұл да өз кезегінде көмірсутектік шикізатқа деген сұранысты азайтуға септігін тигізуі тиіс.

Қазақстандық мұнайдың 70%-ы ЕО елдеріне (жалпы импорттың 6%) жеткізіледі. Қазақстан ЕО уранға деген сұранысының 1/5 (21%) қамтамасыз етеді.

Бұдан басқа, Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі Ресей екені белгілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 24,2 млрд долларды құрады. Міне, осы солтүстік көршімізбен географиялық және экономикалық байланысымыз, елімізге қосымша тәуекелдер, қиыншылықтар тудырады. Атап айтар болсақ, әр түрлі бағалаулар бойынша жойқыны күшті  халықаралық санкциялардың нәтижесінен Ресей экономикасының құлдырауы 2022 жылы 8-12% диапазонында болады деп күтілуде. Бұл әрине, Қазақстанның ЖІӨ-сіне де кері әсер етпей қоймайды.

Пайыздық мөлшерлеме

Қазақстан жалпыәлемдік монетарлық үрдістер аясында әрекет етуде. Инфляциялық сын-тегеуріндерге жауап ретінде Қазақстанның Ұлттық Бнкінің базалық мөлшерлемесі биыл үш рет ұлғайтылды. 2022 жылдың 25 қаңтарында ҚР ҰБ негізгі мөлшерлемені 9.75%-дан 10.25%-ға дейін көтерді. Келесі айда мөлшерлеме бірден 13.50%-ға көтерілді, ал ағымдағы жылдың 25 сәуірінде 14.0%-ға дейін жоғарылады.

АҚШ-тың ФРЖ-сы және басқа да дамушы елдердің реттеушілерімен қатар Қазақстанның Ұлттық Банкі де Қазақстан экономикасына келер экономикалық шоктарды болдырмауға күш салып жатыр. Болжам бойынша жақын болашақта Қазақстанның монетарлық саясаты инфляциялық қысымның сақталуына қарай консервативті сипатта болып қала бермек. Ал инфляциялық қысым әрине, шикізат нарығында сұраныс пен ұсыныс арасындағы үйлесімсіздік, Украина төңірегіндегі геосаяси шиеленістің сақталуы және тауар жеткізу жолдарының қайта қалыптасуы салдарынан болып жатыр.

Ұлттық валюта бағамы

АҚШ-тың ФРЖ, Англия Банкі мен Еуропаның Орталық банкінің негізгі мөлшерлемелерінің жылдам өсуі алдыңғы қатарлы әлемдік, резервтік валюталардың нығаюына, ал дамушы нарықтардан (олардың қатарына Қазақстан да енеді) капиталдың жылыстап кетуіне әкеп соғады. Соның нәтижесінде ұлттық валюта бағамына тағы да қосымша қысым жасала бермек.

Оқуды ұсынамыз
20 Наурыз 2023

14 Наурыз 2023

10 Наурыз 2023