Қазақстан өз мұнайын қыркүйектен бастап, Әзірбайжан арқылы тасымалдауды жоспарлауда

Қазақстан өз мұнайын Әзірбайжан мұнай құбыр желісі арқылы жылына 1.5 млн тоннаға дейін сату мүмкіндігін қарастыруда. Қазір «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ пен Әзірбайжан Мемлекеттік мұнай компаниясының сауда бөлімшесімен арада тиісті келіссөздер ойдағыдай аяқталуға жақын. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Таяуда Қазақстан мұнайын экспортқа шығарудың негізгі жолы – Каспий құбыр желісі консорциумында (КҚК) орын алған ірікілістерге байланысты тез арада балама жолдарды іздеу қажет болды. Ұлттық мұнай компаниясы қазір осы мәселемен айналысуда. Еуропа нарығына шығу үшін Баку – Тбилиси – Джейхан (БТД) бағатының келешегі зор. Бірақ оның бірқатар кемішін тұстары бар.

БТД құбыр желісі Каспий теңізі жағалауындағы Сангачал терминалын Түркияның Жерорта теңізі жағасындағы Джейхан терминалымен байланыстырады. Мұнай құбыры желісінің жалпы ұзындығы 1 768 шақырым, өткізу мүмкіндігі – тәулігіне 1.2 млн баррель.

Бұл ретте құбыр желісінің басшылығы тиімділікті қамтамасыз ету үшін қазақстандық мұнайды тасымалдауға мүдделі болып отыр. Өйткені мұнай құбыр желісі толық қуатында жұмыс істеу үшін әзірбайжандық мұнайдың көлемі жеткіліксіз болып отыр. Өткен жылы БТД құбыр желісінің 22.5 млн тоннаны құрайтын өткізу мүмкіндігі пайдаланусыз қалды. Ал бұл оның бүкіл қуатының тең жартысы деуге болады.

Алайда КҚК құбыр желісіне қарағанда БТД – логистикалық тұрғыдан күрделі  және едәуір қымбат бағыт. Соңғы 10 жылда бұл бағыт бойынша бар болғаны 4 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалданған.

Қазіргі уақытта Каспий теңізі арқылы мұнай тек танкерлермен ғана тасымалданады. Бұл әрине, көмірсутегінің бағасына айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Қазақстандық флоттың әлеуеті шектеулі. Ал жергілікті порттың инфрақұрылымы мұнайды қажетті көлемде тасымалдауға шақталмаған.

Порттың инфрақұрылымның шектеулі мүмкіндігінен басқа, тағы бір мәселе бар. Ол – сапа жағынан қазақстандық мұнайдың әзірбайжандық мұнайдан өзгешілігі. Әзірбайжандық тарап қазақстандық ауыр мұнайды өз мұнайына араластырған соң, оны өз құбыры арқылы айдағаны үшін қосымша тариф енгізуі мүмкін. Бұл тасымалдау бағасын да одан сайын қымбаттатып жіберуі ықтимал.

Транскаспий бағыты инфрақұрылымды ұлғайтуға капиталды көп қажет етеді және мүдделі тараптар арасында нақты келісім болуы шарт. Тіпті жүзеге асырған күннің өзінде бұл бағыт КҚК-ге барабар желі бола алмайды. Тек отандық мұнайдың бір бөлігін ғана Ресейді айналып өтіп, экспортқа шығаруға мүмкіндік береді.

IHS Markit моделіне сәйкес 2050 жылға дейінгі экспорт келешегі бойынша БТД – қазақстандық мұнайды экспорттау бағыты ретінде тіпті қарастырылмайды да. Өйткені экономикалық тұрғыдан анағұрлым тиімді бағыттар жеткілікті және 2035 жылдан кейін онсыз да мұнайдың экспорттық көлемі қысқарады.

Оқуды ұсынамыз
6 Сәуір 2023

20 Наурыз 2023

15 Наурыз 2023