Футболдан әлем біріншілігі туристер ағынына қалай әсер етті?

Кез келген ауқымды спорттық шараны өткізуге мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінетіні белгілі. Мұндай жағдайда мемлекет қандай да бір табыс алуға, кем дегенде шығынын өтеуге ұмтылатыны сөзсіз. Әрине, ең бастысы, мұндай шаралар елдің танымалдығы мен туризмді дамытуға септігін тигізеді. Спорттық шаралар аяқталған соң, солар үшін жасалған инфрақұрылымдарды әрі қарай пайдалану жоспары жасалады.

Біз өз кезегімізде футболдан әлем біріншілігін өткізу туризмге қалай әсер ететіндігі туралы кішігірім зерттеу жүргізген едік. Алты чемпионатты қарап шықтық. Оның ішінде таяуда Катарда аяқталған әлемдік дода да бар.

Мундиальдің туризмді дамытуға ықпалын есептеу үшін біз туристік ағынның нақты өзгергенін қолдандық. Ол туристік ағынның бір реттік күрт өсу құбылысынан уақыт қатарын логарифмдік жатықтыру арқылы жатықтырылды. Одан кейін Ходрик-Прескот фильтрі қолданылды. Ондағы мақсат – үрдістерді және зерттеуге алынған әрбір елдегі туристік ағынның өзгеруінің әлеуетті деңгейін анықтау.

Туристік ағынның өзгеру үлесінің индекстік сипаттамасы

Туристік ағынның өзгеру үлесінің индекстік сипаттамасы

Жоғарыдағы графикада туристік ағынның өзгеруі әлем чемпионатын өткізгенге дейін 3 жыл бұрын және одан 5 жыл кейінгі әлемдік көлеммен салыстырғандағы өзгеру үлесі индекстік сипатта көрсетілген. Біз абсолютті көрсеткіштерге қарағанда шартты көрсеткіштерді қолдануды ұйғардық. Өйткені абсолютті көрсеткіштердің құрамында қосымша факторлар бар. Мысалы, халық санының артуы, геосаяси және тағы басқа да бірқатар факторлар. Олар туристер ағынның өзгеруіне себеп бола алады.

Барлық қарастырылып жатқан елдерде туристер ағыны әдетте чемпионат өткізу барысында көтеріліп, ол аяқталған соң төмендейді. Бұл ретте көрсеткіштер Оңтүстік Африка Республикасын қоспағанда әлемдегі туристік ағынның орташа өзгеру көрсеткішіне сәйкес өзгереді. ОАР-да туристік ағын өсуін одан әрі жалғастырды. Әлем чемпионатын өткізгенге дейінгі және одан кейінгі бірнеше жыл ішінде елдер бойынша туристік ағынның қаншалықты өзгергендігін толығырақ қарастырамыз.

Дамыған елдер

Футболдан әлем чемпионаты 2002 жылы Оңтүстік Корея мен Жапонияда өткізілді. Мундиаль бұл елдерге анау айтқандай әсер еткен жоқ: туристік ағынның әлемдік туристік ағыннан не қысқа мерзімді не ұзақ мерзімді өзгерісі байқалған жоқ. Бұл азиялық екі мемлекет онсыз да аниме, дорам және K-Pop музыканың арқасында өздеріне көп туристер тартады. Одан басқа, Кореяда медициналық туризм өте жақсы дамыған. Бұл елдерде туристік ағын өсімінің серпіні қашанда әлеуетті деңгей шамасында жүрді.

Оңтүстік Кореяда туристік ағынның өзгеру барысы

Жапонияда туристік ағынның өзгеру барысы

Германияда туристік ағынның өзгеруі футболдан әлем чемпионатын өткізуге байланысты болған жоқ. Осы аталмыш шараны өткізу барысында туристік ағынның үлесі өзінің әлеуетті деңгейінен анағұрлым төмен еді. Айта кету керек, әлемдік футбол додасын өткізгеннен кейінгі кезеңде: 2008-2009 жылдары әлемдік қаржы дағдарысы орын алды. Бұл өз кезегінде туристік ағын үлесінің нақты серпінінің әлеуетті деңгейінен төмен болуына әсер етті. Яғни футбол болсын-болмасын бұл жағдай солай қаплыптасар еді деген сөз. Бұдан басқа, Франкфурттың әлемдік «альфа-қала» екендігін ұмытпау керек. Өйткені ол – тоғыз жолдың торабы: коммерцияның, мәдениеттің орталығы. Соның арқасында Германияда қашанда туристік ағын жоғары деңгейде. Сондықтан бұл қандай да бір жекелеген спорттық шаралардың әсері байқалмауы да мүмкін. Сонымен қатар Германия Еуропаның орталығында орналасқан. Сәйкесінше бүкіл еуроодақтан туристер ағыны үзілмейді.

Германияда туристік ағынның өзгеру барысы

Дамушы елдер

Оңтүстік Африка Республикасы футбол біріншілігін өткізуден өте жақсы пайда көрді. Спорттық шара аяқталған соң, бұл елге туристер келуі айтарлықтай өсті. Айта кету керек, футбол додасын өткізбей тұрғанда да бұл ел туристер арасында айтарлықтай танымал болатын. Өйткені мұнда бетке ұстар жерлер жетерлік: құмды жағажайлар, табиғи қорықтар, заманауи қалалар бар. Туристік инфрақұрылым өте жақсы дамыған.

Оңтүстік Африка Республикасында туристік ағынның өзгеру барысы

Бразилия әлемде танымал туристік мемлекет екені белгілі. Ол өзінің бүкіл әлемге танымал бразилиялық карнавалдарымен, әсем жағажайларымен және әр түрлі фестивальдарымен танымал. Серфингке әуесқойлар да осында ағылады. Футболдан әлем біріншілігін өткізу барысында туристік ағын қысқа мерзім ішінде күрт өсті, кейін көрсеткіш өзінің үйреншікті әлеуетті деңгейіне қайта оралды.

Бразилияда туристік ағынның өзгеру барысы

Ресей Федерациясында чемпионатты өткізгенге дейін 2 жыл бұрын туристік ағынның өзгеру деңгейі теріс сипатта болатын. Бүкіл зерттеу кезеңі барысында осы деңгей сақталды. Ресейде мундиальді өткізу шешімі елдің маңызды туристік бағыт ретінде танымалдығын арттыру мақсатында қабылданған деп болжам жасауға болады. Алайда біз мұның жеткілікті нәтиже бермегенін көріп отырмыз. Әлемдік туристік ағынмен салыстырғанда Ресейдегі туристік ағынның өзгеруі сол төмен бағытталған күйі сақталған.

Ресей Федерациясында туристік ағынның өзгеру барысы

Әлем Чемпионатының бес елге әсері

Алынған деректерге қарап, мынадай тұжырым жасауға болады: дамыған елдерде спорттық шараларды өткізу туризмнің дамуына және туристік ағынның өсуіне әсер етпейді. Ол оның әлеуетті деңгейіне сәйкес келеді. Бразилияда мундиальды өткізу елдегі туризмді дамытудың базалық факторларын бәрібір ығыстыра алмады.

Туристік ағыны төмен елдерде ӘЧ өткізу оң әсер етуі мүмкін. Ол үшін әрине, туризмді дамытуға арналған базалық шарттар болуы керек. Мысалы, қолайлы климат, үлкен су айдындарына қолжетімділік дегендей. Айталық, чемпионатты өткізу Ресейге көмектеспеді. Бірақ ОАР-да туристік ағынды арттыруға оң септігін тигізді.

Жалпы ауқымды шараларды өткізу туризмді дамытудың жалпы бағдарламасы емес, сол бағдарламаның тек қосымша тармағы ғана болуы мүмкін.

Катардың жайы не болады?

Катарға туристер көптеп келеді, бірақ негізінен Доха қаласына ұшу бағыты бойынша қонатын танымал катарлық әуе компаниясының себебімен келетіні белгілі. Бірақ 2017 жылдан бастап, туристік ағынның деңгейі өзінің әлеуетті деңгейінен төмендей бастады. 2022 жылы футболдан әлем біріншілігін өткізу туралы шешім туристік ағынды өзінің әлеуетті деңгейіне жеткізу және локдаун кезеңінің жағымсыз әсерін жою мақсатында қабылданған деп топшылауға болады.

Жалпы туристік ағынның өзгеруінің бразилиялық сценариі қайталанып жатыр: ЧМ өткізу барысында туристік ағын қысқа мерзім ішінде күрт өсіп, одан кейін өзінің әлеуетті деңгейіне қайта оралады.

Катарда туристік ағынның өзгеру барысы

Оқуды ұсынамыз
20 Наурыз 2023

14 Наурыз 2023

10 Наурыз 2023