Инфляция: ресми және жеке. Бағаның өсуі бойынша түйсігіміз кейде ресми деректермен неге сәйкес келмейді?
Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректері бойынша Қазақстанда жылдық инфляция 2022 жылдың маусымында 14.5%-ды құрады. Алайда қазақстандықтардың көпшілігі бағалардың өсуін әр түрлі сезінуі мүмкін. Содан барып адамдарда ресми деректердің шындыққа жанаспайтындығы, жасандылығы туралы ой пайда болады.
Мұндай алшақтықтың негізгі себебі – әрбір жеке адамның тұтыну себетінің (оның тұрғылықты жері мен дәмдік талғамына қарай) ҰСБ себетінен өзгеше болуында. Одан басқа мына бір жайтті естен шығармау керек: инфляцияны түйсіну және сезіну феномені деген бар. Яғни бір тауардың немесе бір топ тауардың бағаларының өзгеруіне қарап, бүкіл елдегі инфляция деңгейі туралы ой қорыту мүмкін емес.
Қазақстан халқының 99%-ының жеке инфляциясын қалай есептеп шығаруға болады?
Сонымен осы проблеманы шешу үшін және отандастарымызға инфляциялық үрдістерді жете түсіндіру үшін біз Дастархан индексін әзірлеп шығардық. Мұнда басты идея – ең кең тараған азық-түлік топтамасы негізінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары бойынша инфляция мен сатып алу қабілетінің деңгейін бағалау.
Jusan Analytics командасы Дастархан индексін қалыптастыру үшін қазақстандықтардың ең жақсы көретін 5 ұлттық тағам түрін таңдап алды:
- Сорпа (бірінші тамақ);
- Бесбармақ (екінші тамақ);
- Көкөніс салаты;
- Бауырсақ;
- Жент (десерт);
- Сүт қосылған шай (сусын).
Біздің пікірімізше, тағамдардың мұндай топтамасы ҰСБ тұтыну бағалары индексіне енетін азық-түлік себетінің елеулі бөлігін қамтиды. Ол белгілі бір дәрежеде жеке инфляцияның деңгейін көрсете алады деуге болады. Ескерте кетелік, біздің ұсынып отырған есебіміз ҰСБ тұтыну бағалары индексінің орнын баса алмайды.
Дастархан индексі бигмак, оливье, борщ деп аталатын ерекше, танымал экономикалық индекстерге өте ұқсас. Есептеу нәтижесі отанымыздың көпшілік тұрғындары үшін маңызды болып табылады және халықтың сатып алу қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.
Дастархан индексі мына формула бойынша есептеледі:
Тағамдар жиынтығының бағасы ресми статистика және тиісті қалалардағы ірі ритейлерлердің (бөлшек саудамен айналысушылар) бөлшек сауда бағалары бойынша Jusan big-data-тің деректері бойынша, ал жалақы деңгейі ҰСБ деректері бойынша анықталады.
Пайдаланушыларға қолайлы болуы үшін, біз Дастархан индексін 1 адамға шақталған тағамдар негізінде есептедік. Тағам жасауға арналған өнімдердің құрамы мен салмақтық арақатынасын “Tarih” авторлық қазақ асханалық мейрамханасы бекітті.
Jusan big-data негізінде алынған деректер бойынша маусым айында Дастархан индексінің тағамдар жиынтығының бағасы Алматыда 2 055 теңге (ресми статистика бойынша – 1 607 теңге), Нұр-Сұлтанда 1 807 теңгені (1 671 теңге) құрады.
Біздің деректер бойынша Алматы қаласында азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі ресми статистикаға қарағанда қымбат тұрады (ауытқу – 27,9%). Бұл ретте астанада бағалар бойынша ауытқушылық әрбағытты сипатқа ие және 7,9%-ды құрады.
Ет пен сүт ресми статистика көрсеткіштеріне қарағанда қымбат, көкөніс пен май керісінше арзан тұрады.
Біздің есебіміз бойынша қанттың бағасы ҰСБ деректерімен салыстырғанда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 6,9%-ға, Алматы қаласы бойынша 7,6%-ға төмен. Айта кетелік, қант бағасының өсуі биылғы жылдың маусымында азық-түлік инфляциясының негізгі триггеріне айналған болатын.
Jusan big-data деректеріне сәйкес 2022 жылдың маусымында:
- Астанада бағалар бір ай ішінде 4.6%-ға өсті. Бұл жерде негізгі өсім ет пен ұнның бағаларында байқалды – 21.2% және 15.9%. Бұл ретте көкөніс бағасы маусымдық негізде 6.0%-ға төмендеді.
- Алматыда бір ай ішінде бағалар бар болғаны 0.2%-ға ғана өсті. Ет пен көкөніс бағалары сәйкесінше 3.2%-ға және 1.1%-ға жоғарылады. Ұн мен жарма бойынша бағалардың өсімі 8.8%-ды көрсетті.
- Қант бағасының өсуі бойынша Jusan big-data деректері ҰСБ ресми деректеріне қарағанда едәуір төмен.
Дастархан индексінің маусым айындағы сандық мәнін есептей келе, мына деректерді аламыз:
- Алматы тұрғыны үшін Индекс Дастарханның 159 порцияны құрайды (ресми деректер бойынша – 204);
- Астана тұрғыны үшін – 203 Дастархан порциясы (219).
Тұжырым
Jusan Analytics деректеріне сәйкес, Дастархан индексі бойынша азық-түлік жиынтығының бағасы ҰСБ келтірген деректерге қарағанда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 7.9%-ға, ал Алматы қаласы бойынша 27.9%-ға жоғары.
Алматы қаласында инфляция деңгейі Нұр-Сұлтан қаласына қарағанда төмен. Бұл ресми статистикаға сәйкес келмейді. Дастарханның топтамасына енген азық-түлік тауарларының айлық инфляциясының деңгейі ҰСБ ресми деректері бойынша маусым айында Алматыда 1.3%-ды, елордада 0.8%-ды құрады. Ал Jusan big-data деректері бойынша инфляция Нұр-Сұлтанда – 4.6%-ды, ал Алматыда – 0.2%-ды көрсетті.
Есептеу нәтижелеріне сәйкес бағалардың өзгеру қарқыны бойынша Jusan Analytics пен ҰСБ келтірген деректер арасында елеулі алшақтық бар (Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – (+3.8п.т), Алматы – (-1.1п.т).
Бұл ретте Алматыда азық-түлік тауарларының бағасы елордаға қарағанда айтарлықтай жоғары. Бұдан астаналық тұрғындардың сатып алу қабілеті алматылықтарға қарағанда жоғары деп тұжырым жасауға болады.
Бұдан кейінгі айларда біз Дастархан индексі бойынша деректерді апта сайын ұсынатын боламыз. Бұл тұрғындарға жеке инфляцияның деңгейін есептеуге мүмкіндік береді. Жеке инфляцияның деңгейін білу пайдалы. Мысалы, отбасы бюджетін жоспарлағанда немесе қымбат бұйым сатып аларда оны бағыт-бағдар ретінде пайдалануға болады.
Жауапкершіліктің шектелуі:
Jusan Analytics – «Jusan Bank» АҚ аналитикалық құрылымдық бөлімшесі.
Бұл таза ақпараттық сипатқа ие жұмыс. Сонымен қатар бұл Jusan Analytics тарапынан қандай да бір есеп-қисап беру емес, сондай-ақ іскерлік, қаржылық, инвестициялық, заңдық, салықтық немесе басқа да кәсіптік консультациялар және көрсетілетін қызметтер ұсыну бойынша ұсынысқа немесе қандай да бір ұмтылысқа жатпайды. Аталмыш материал біз сенімді деп санаған, шынайы әрі ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге негізделген. Алайда біз келтірілген мәліметтерді мінсіз деп айта алмаймыз. Біз оқырмандардың дербес қаржылық шешім қабылдау үшін осы жұмыстағы мәліметтерді пайдаланғандары үшін жауапты болмаймыз.
«Jusan Bank» АҚ Jusan Analytics тұлғасында жарияланымдағы ақпараттарды тұрақты түрде жаңартып тұруға немесе ондағы ықтимал дәлсіздіктерді түзету үшін өзіне міндеттеме алмайды. Осы ретте аталмыш жұмыстың құрамындағы мәліметтер толық, түпкілікті болып саналмайды және алдын ала ескертусіз кез келген уақытта өзгертілуі мүмкін.
Бұл жұмстағы жарияланған ақпарат жеке пайдалануға қолжетімді, бірақ коммерциялық тұрғыда таратуға арналмаған және Jusan Analytics-тің алдын ала жазбаша рұқсатынсыз оны толығымен немесе ішінара қайта жаңғыртуға, жолдауға және жариялауға болмайды.
© 2022 ж., барлық құқықтар қорғалған.
Jusan Analytics командасы Теңге индексін әзірлеп шықты (KZTX JA)
Jusan Analytics командасы Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларының индексін есептеп шығарды (XPI JA)
Индекс Астана мен Алматы қалалары тұрғындарының жеке инфляциясының деңгейі мен сатып алу қабілетін бағалауға мүмкіндік береді