Банктердің жиынтық несиелік қоржыны, яғни портфелі РЕПО қарыздарын қоспағанда, өткен маусым айында 700.8 млрд теңгеге немесе 3.4%-ға өсті. Бұл биылғы жылғы айлық өсімдер арасында рекордтық көрсеткіш – маусымның үлесі жылдық тұрғыда – 41%. Ал жыл басынан бергі жалпы өсім 1.7 трлн теңгені немесе 8.9%-ды құрады. Портфельдің өрбу барысы интерактивті графика ретінде «Экономика цифрлармен» бөлімінде жарияланған: https://jusananalytics.kz/kz/dinamika-kreditov/.
Жиынтық несиелік қоржынның басым бөлігі Халық банкіне тиесілі – 35.1% (жыл басынан бері +3.9 п.т.), одан кейін Kaspi – 12.6% (+0.65 п.т.) және Отбасы банк – 11.8% (+1.0 п.т.). Төртінші және бесінші орындарда БЦК – 7.5% (+1.2 п.т.) және Jusan – 5.4% (+0.2 п.т.).
Кредиттер бойынша Херфиндаль-Хиршман индексі маусым айында жоғары дәрежеде шоғырланған нарықтарға жақын мәнді (1 800 жоғары) көрсетті – 1 731 пункт. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде – 1 522 пункт болған еді. Өсім ресейлік еншілес банктердің Қазақстан нарығынан біртіндеп кетуімен түсіндіріледі. Секторды шоғырландыру қорытындысы бойынша біз кредит беру нарығының жоғары шоғырландырылған нарыққа ойысатынын күтеміз.
Ресейлік Жинақ банктен (Сбербанк) басқа банктердің барлығында несиелік қоржын қос мәнді өсімді көрсетті. 10 банктің үшеуінде өсім санкцияға ұшыраған ресейлік банктердің кредиттерін сатып алу есебінен қамтамасыз етілді. Ресейлік еншілес банктердің портфельдерін сатып алуға қатыспаған банктердің ішінде қос мәнді өсім мына банктерде тіркелді: Forte (+27%), РБК (+19.7%), Отбасы (19.2%) және Jusan (12.2%). Бұл ретте бөлшек сауда банктерінің несиелік портфелінің өсімі 3-6%-ды құрады.
Атап өту керек, 2022 жылы бөлшек сауда банктердегі несиелік қоржынның өсімі әмбебап банктерге қарағанда төмендеу болды.
Кредиттік әлеуетті бағалау аясында белсенді бизнес жүргізетін, экономиканы кредитпен қамтамасыз ету бойынша әлеуеті жоғары мына банктерді атауға болады: Банк Фридом Финанс, Jusan, Forte және Алтын банк.
Хоум Кредит банктің өтімділігі бойынша ағымдағы жайғасымына қатысты айтар болсақ, ол кредиттік белсенділіктің шарықтау шегіне жеткендігі байқалады. РБК, Еуразиялық банк, Kaspi және Нұрбанкте өтімділік қоры жоғары болғанымен, кредит беру қызметін кеңейту – меншікті капиталдарының шамасымен шектелген. Жинақ банктің кредит беру әлеуеті меншікті капиталы мен өтімділік қорының жетіспеушілігімен шектеледі.
Проблемалық берешектің орташа үлесі 2022 жылдың маусымында 4.87%-ды (жыл басынан бергі өсім 0.67 п.т.) құрады. Проблемалық берешектің шартты түрде жоғары деңгейі мына банктерде байқалады:
Jusan (11.29%), Жинақ банк (6.46%) және Еуразиялық банк (6.39%). Бұл ретте жыл басынан бері NPL90+ үлесі Jusan Bank-те 1.36 п.т.-қа, Жинақ банкте 2.32 п.т. және Еуразиялық банкте 0.61 п.т. өсті.
Атап өту керек, NPL90+ үлесінің жоғары екендігіне қарамастан, жоғарыда аталған банктер проблемалық берешектер бойынша провизия деңгейін 100%-дан жоғары ұстайды. Бұл тиісті тәуекелдерді толығымен жабу мүмкіндігі бар екендігін білдіреді. NPL90+ бойынша провизия үлесі Jusan Bank-те 231%-ды, Халық банкінде 277%-ды және Отбасы банкінде 460%-ды құрады. Проблемалық берешектерге қатысты жалпы провизияның салыстырмалы түрде төмен деңгейдегі арақатынасы Forte және Хоум Кредит-те байқалды – 95%-дан төмен.
Жалпы, бұған дейін проблемалық берешектермен белсенді жұмыс атқарып келген банктерді қоспағанда, банктердің көпшілігінде провизия жасаудың консервативтік, яғани сақтанымпаздық саясатына көшу құбылысы байқалуда. Бұл ретте соңғы 12 ай ішінде несиелік қоржынға қатысты жасалған таза провизияның үлесі ретінде есептелетін тәуекел құнының орташа деңгейі біздің пікірімізше оңтайлы деңгейден (2% және одан жоғары) төмен. 2%-дан жоғары мән Jusan, БЦК, Еуразиялық банк және Хоум кредитте байқалады. Бұл берілген кредиттердің сапасы мейлінше сақтықпен бағаланып жатқандығын, тәуекелдерді өтеу және қоржынды сауықтыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқандығын көрсетеді.
Берілген кредиттерінің көлемі ең жоғары 10 банктің ішінде тек мына банктерде ғана тәуекел құны сектор бойынша орташа деңгейден төмен: Халық банкінде (0.4%), Forte-де (0.9%) және Отбасы банкінде (-0.2%). Бұл несиелік қоржынның сапасы жақсы деңгейде екендігін және провизия жасау бойынша оңтайлы саясат жүргізіліп жатқандығын білдіреді.
Бөлшек сауда банктерінде тәуекел құнының елеулі түрде артқандығы байқалады. Бұл халықтың төлемге қабілетсіздігі қайта бағаланып, және берілетін бағаның төмендеп бара жатқандығын білдіреді.
Маусым айында кредиттердің орташа табыстылығы 12%-ды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 0.86 п.т.-қа өсті. Жалпы 2022 жылы барлық банктердің несиелік қоржындарының табыстылығы өткен жылмен салыстырғанда өсті.
Бөлшек сауда банктерінде несиелік қоржынның табыстылығының максималды мәні әлі де сақталуда. Әмбебап банктердің ішінде кредиттердің табыстылығының ең жоғары мәні Jusan Bank-те байқалады (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13.7 п.т және жыне жыл басынан бері +11.6 п.т).
Ағымдағы жылдың маусым айында несиелік қоржынның табыстылығының салыстырмалы түрде төмен деңгейі мына банктерде байқалады: Отбасы банкінде – 6.98% (2021 жылдың маусымында 9.4%), БЦК – 9.18% (9.12%) және РБК – 9.76% (10.7%). Ал мына банктерде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда табыстылықтың төмендегені тіркелді: Отбасы банк (-2.4 п.т.), РБК (0.3 п.т.), Forte (-0.2 п.т.) және Еуразиялық банк (-0.2 п.т).