Депозиттердің жалпы жиынтық көлемі бір ай ішінде 1.28 трлн теңгеге артып, 27.7 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бергі өсім – 1.7 трлн теңге болды. Соның ішінде тұрғындардың депозиттерінің өсу қарқыны төмендегені байқалды. Яғни, шілде айының қорытындысы бойынша өсім – 367.6 млрд теңге болды. Оған дейінгі айда бұл көрсеткіш – 998.5 млрд теңге болған еді. Корпоративтік депозиттердің өсу қарқыны да төмендеді: шілде айының қорытындысы бойынша – 911.9 млрд теңге. Еске саламыз, оған дейінгі айда – 1.04 трлн теңгеге жеткен еді. Депозиттердің даму серпіні «Экономика цифрлармен» бөлімінде интерактивті графикалар түрінде егжей-тегжейлі берілген: https://jusananalytics.kz/kz/dinamika-depozitov/.
Шілде айында қорландыру көлемін басқа банктерге қарағанда ең көп өсірген банк – Kaspi болды (+149 млрд тенге), екінші орында БЦК (+85 млрд), одан кейін Home Credit (+37 млрд) және Банк Фридом Финанс (+30 млрд). Халық банкте жеке тұлғалардың депозиттерін тарту қарқыны бәсеңдеді. Егер маусым айында олар 370 млрд теңге жинаған болса, шілде айында өсім бар болғаны – 16 млрд теңгені құрады.
Есесіне Халық банк бір ай ішінде заңды тұлғалардың депозиттері бойынша 375 млрд теңге жинақтады. Бұл оның жалпы көлемінің 7%-ын құрайды. Өз кезегінде City корпоративтік депозиттік портфелін 157 млрд теңгеге немесе 16%-ға, ал Еуразиялық банк 141 млрд теңгеге немесе 20%-ға өсірді.
Ресейлік еншілес банктерде депозиттердің жылыстауы жалғасуда. Яғни, салымшылар жинақ ақшаларын алып жатыр. Айталық Жинақ банкте бір ай ішінде салымдар – 52 млрд теңгеге (-19%), ВТБ-да – 673 млн теңгеге (-2%), ал жыл басынан бері сәйкесінше 91% және 89%-ға қысқарды. Ресейлік еншілес банктерден басқа, депозиттердің ең көп азайғаны Eco CenterBank (-49%) және Al Hilal-да (-47%) байқалды.