Қазақстанда ресми деректерге сәйкес соңғы 15 жыл ішінде жасына қарай зейнетақы алушылар саны жылына орта есеппен 2%-ға өсуде. Одан басқа, БҰҰ болжамы бойынша әлемде 60+жастағы тұрғындар саны жыл сайын көбейетін болады. Өйткені өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Мысалы, Қазақстанда бұл көрсеткіш: 2025 жылға қарай 4.6 млн адамды, (халықтың жалпы санының 22%-ы), 2030 жылға қарай 5.5 млн адамды (халықтың жалпы санының 24%-ы) және 2050 жылға қарай – 8.2 млн адамды немесе халық санының 30%-ын құрайды. Егер қазіргі бала туу деңгейі сақталатын болса, бұл еңбекке қабілетті азаматтарға түсетін салмақты да, әлеуметтік бюджетке түсетін салмақты да арттыра түседі. Сол үшін елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген. Ол жоғарыда айтылған жүктемені азайтуға септігін тигізеді және адамдарды зейнет жасындағы өмірі үшін жауапты болуға итермелейді.
Қазақстанда еңбекке қабілетті жас кезінде ерлер мен әйелдер жалақысының бірдей болмайтындығы, сондай-ақ өмір сүру ұзақтығындағы айырмашылық елімізде әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту тәртібінің сақталуы дұрыс екендігін көрсетуі мүмкін.
ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес ерлер мен әйелдер арасында мамандықтар мен лауазымдар бойынша атаулы айлық табыстың айырмашылығы айтарлықтай:
- ұйымның басшысы – 33%-ға ерлердің пайдасында,
- орташа санаттағы есепші – 22%-ға ерлердің пайдасында,
- экономист – 9%-ға ерлердің пайдасында,
- хатшы – 11%-ға ерлердің пайдасында.
Егер жас топтарына қарай орташа сағаттық табыстарды есептейтін болсақ, мұнда да елеулі айырмашылық ерлердің пайдасына шешіледі (диаграмма төменде). Бұдан басқа, 2021 жылдың деректері бойынша әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 22,3%-ға жоғары (2017 жылы әйелдер мен ерлер арасындағы жұмыссыздық бойынша айырмашылық 15%-ды құраған еді).
2021 жылы Қазақстанда ерлер бойынша күтілетін орташа өмір сүру ұзақтығы 66.33 жасты, әйелдерде 74.3 жасты құрады. БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай ерлердің өмір сүру ұзақтығы 70.7 жасты, әйелдерде бұл көрсеткіш 78.9 жасты құрайтын болды.
Осылайша ағымдағы еңбек жағдайларын, дәлірек айтар болсақ, айлық табыстар мен өмір сүру ұзақтығына қатысты айырмашылық сақталған жағдайда, қазақстандық әйелдер зейнет жасында лайықты өмір сүрулері үшін зейнетақы жарналары есебінен қомақты ақша жинаулары қажет.