Өткен аптада ұлттық валютамыз әр түрлі бағыттағы серпінділігін көрсетті: долларға (-0.80%) және рубльге (-1.40%) қатысты босаңдық танытса, еуро (+0.40%) және юаньға (+0.53%) қатысты керісінше нығайды. Жыл басынан бері теңге долларға қатысты 10.50%-ға, рубльге қатысты 38.02%-ға, юаньға қатысты 2.79%-ға әлсіреп, еуроға қатысты керісінше +0.04%-ға нығайды.
Теңге бағамының шетел валюталарына қатысты апталық ауытқуы аздап төмендеді: ол долларға қатысты 0.39%-ды, рубльге қатысты 0.78%-ды құрады. Апта ішінде ұлттық валютаның әлсіреуі негізінен биржадағы сауда көлемінің аздығы аясында орын алды.
Өткен аптада USDKZT жұбының сауда көлемі оған дейінгі аптамен салыстырғанда 7.58%-ға азайып (2022 жылғы орташа апталық сауда көлемімен салыстырғанда 34.0%-ға төмен), 372.95 млн долларды құрады. Сауда көлемінің екі есеге дейін өсуі оған дейінгі аптаның қысқа болғанына және салық аптасынан кейін келгеніне байланысты болды.
Теңге индексі
Теңге индексі бір апта ішінде 0.8%-ға, ал жыл басынан бері 13.3%-ға төмендеп, 78.67 пунктті құрады.
Индекс өсіп жатқан доллардың және төмендеп жатқан мұнай бағасы тарапынан түскен қысымның әсерінен түсіп жатыр.
Индекстің ағымдағы деңгейі өзінің тамыздың басындағы деңгейіне сәйкес келеді. Ол кезде мұнай бағасы 4 долларға жоғары, ал доллар индексі 106.6 пункт болған еді. Қазіргі теңгерімсіздіктің себебі – еуро. Ол 485 теңгеден 475 теңгеге дейін түсіп кетті. Дегенмен негізгі себеп – ішкі валюта нарығы тиімділігінің төмендігі деуге болады. Яғни теңге бағамының қалыптасуына сыртқы емес, ішкі факторлар (валюталық болжамдар, валюта нарығында сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы және бсқ.) едәуір ықпал етеді.
Айта кетелік, соңғы 2 аптада теңге бағамының нарықтың сыртқы жағдаятына сезімталдығы күшейіп келеді. Жаз маусымында бұлай болмаған еді.
Jusan Analytics ой-пікірі
Өткен аптада теңге бағамы бір доллар үшін 473-тен 477 теңгеге дейін әлсіреді. Бұл бағамның қазір жаз мезгіліне қарағанда сыртқы жағдаятқа сезімталдығының арта бастағанына байланысты. USDKZT жұбы бойынша сауда көлемінің төмендігі және оның құбылмалылығы валюталық болжам бойынша белгісіздіктің байқала бастағанын және доллар индексінің жоғарғы мәніне жауап ретінде нарыққа қатысушылардың аңысын аңдау саясатын ұстанғанын білдіреді. Инфляцияның бәсеңдеу қарқынының күткеннен төмендігін ескерсек, ФРЖ өзінің алдағы отырысында негізгі мөлшерлемені батыл түрде көтеруі ықтимал. Осылайша дамушы елдердің валюталарына және капиталдың жылыстауына әсер етеді.
Сонымен қатар Энергетика министірінің таяуда Қашағанның жұмысы тек ағымдағы жылдың қазанына қарай қалпына келтірілетіндігі туралы мәлімдемесі ішкі факторлар тарапынан қосымша қысым тудырады. Нәтижесінде біздің пікірімізше босаңсып жатқан ұлттық валютаның жыл соңына дейін қайта нығаюына айқын негіз жоқ.