Антиресейлік санкциялардың Қазақстан экономикасына әсері

Ресейге қарсы қолданылып жатқан санкциялық шектеулер Ресейдің өзіне ғана емес, әлемдік экономиканың барлық қатысушыларына, әсіресе онымен тығыз қарым-қатынас жасайтын көрші елдерге қатты әсер етуде.

Ғаламдық Жалпы Ішкі Өнімде (ЖІӨ) Ресей Федерациясының үлесі 2.0%-дан аспайды (немесе 1.5 трлн АҚШ доллары). Мысалы, бұл бір ғана Техас штаты (1.8 трлн АҚШ доллары) немесе Нью-Йорк штатының экономикасынан (1.7 трлн АҚШ доллары) төмен. Соған қарамастан солтүстік көршіміз маңызды өндірістік үдерістерде жетекші орынға ие және өте маңызды көлік-логистикалық дәліздердің жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ шикізат нарығында жетекші рөл атқарады.

Егер тек табиғи байлықтарды ғана мысалға алатын болсақ, Ресей әлемдік мұнай, газ, палладий, никель, алюминий, титан, мыс, алтын және болат өндірушілердің бестігіне кіреді.

Ресей сондай-ақ сирек металдарды көптеп экспорттайды. Оларсыз жоғары технологиялық жабдықтар мен жартылай өткізгіштердің әлемдік өндірісі қиындыққа душар болар еді. Табиғи ресурстардан басқа, Ресей – тыңайтқыш, бидай, күнбағыс майы және басқа да маңызды азық-түлік тауарларын жеткізуші ірі мемлекет.

Қазақстан экономика жағынан Ресеймен тығыз байланыста. Әдейі ме әлде РФ экономикасы өзгеріп, оның көршілерінде құрылымдық мәселелер күшейген соң ба, әйтеуір Ресей 2014 жылы алғашқы санкциялар енгізілген сәттен бастап, өзінің экономикалық ықпалын елеулі түрде күшейтті. Сәйкесінше Ресей экономикасындағы барлық ішкі және сыртқы дүмпулердің жаңғырығы, оның ішінде халықаралық санкциялар Қазақстан экономикасына тікелей әсер етеді. Алайда солтүстік көршінің санкциялардың қоршауында қалуы тәуекелдер мен қауіп-қатерлер тудырып қана қоймайды, сондай-ақ отандық экономиканы дамытуға бірқатар артықшылықтар да береді.

 

Ескі ауру нүктелері

РФ-ға қарсы санкциялар Қазақстан экономикасының жабулы қазан күйінде жатқан созылмалы кемішін тұстарын ашып берді.

Инфляциялық соққы

Инфляцияның бет қаратпай өршуі – импортқа тәуелді Қазақстан үшін үлкен қатер екені анық. Мысалы, отандық импорттың шамамен 40%-ы Ресейден жеткізіледі. Ал кейбір тауар түрлері бойынша Ресейлік импорттың алар үлесі 80%-дан асып жығылады.

Осыған байланысты антиресейлік санкциялар және Ресей Үкіметінің оларға қарсы жауапты шаралары бірінші кезекте инфляцияның өсуіне, қазақстандықтардың сатып алу қабілеті мен өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеп соғады. Ағымдағы жылдың шілде айында бағалардың өсуі жылдық тұрғыда 15%-ға жетті.

Ал инфляцияның мақсатқа алынған орташа жылдық деңгейі 4-6%. Бұл ретте бағаның шарықтауына азық-түлік тауарларының бағасы әсер етті. Олар жылдық есепте 19.7%-ға қымбаттады. Осы мерзім ішінде азық-түлікке жатпайтын тауарлар жылдық есепте 14.2%-ға, көрсетілетін қызметтер 9.2%-ға өсті. Ресей өзінің экспортқа шығаратын кейбір тауарларына шектеу қоюына байланысты Қазақстанның ішкі нарығында бағалар өсті. Еске саламыз, ішкі бағаларды тұрақтандыру мақсатында Ресей билігі  бірқатар маңызды азық-түлік тауарларын экспортқа, оның ішінде ЕЭО елдеріне және Қазақстанға шығаруға шектеу қойған болатын.

Валюталық осалдық

Халықаралық санкциялар аясында рубль тек төлем құралы ғана емес, Ресейдің экономикасын сыртқы қатерлерден сақтау және ұлттық мүдделерді ілгерілету жолында маңызды геосаяси және геоэкономикалық құралға айналды. Санкциялық қоршау аясында Ресей валютасының бағамы нарықтық факторлар емес, Ресейдің жалпыұлттық басымдықтары есебінен белгіленетін болды. Ресейдің ірі сауда әріптестері үшін (олардың ішінде тауар айналымы 24.2 млрд доларды құрайтын Қазақстан да бар) ресейлік валютаның тым қымбаттап кетуі немесе тым арзандап кетуі де қосымша қауіп тудырады. Бір жағынан, рубль тым нығайып кетсе, өте маңызды және орнын басу қиын ресейлік өнімдердің бағасы қымбаттайды. Екінші жағынан алып қарағанда, ресейлік валюта бағамының тым төмендеп кетуі және бағалық демпинг (түсуі) – Қазақстанның ішкі нарығына Ресейдің ықпалын күшейтуі мүмкін.

Одан басқа, Ресей өзінің ұлттық валютасында өзара есеп айырысуды арттыру есебінен рубльдің айырбасталымдылығын күшейткісі келеді. Атап айтар болсақ, Қазақстанның валюталық себетінде рубльдің үлесінің артуы жаңа кедергілер тудыруы мүмкін. Өйткені Қазақстан санкциялар қоршауында қалған елдің валютасын да қолдануда.

Ішкі нарықты басып алу

Барлық дерлік сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігінен айырылған ресейлік тауар өндірушілер енді көрші елдерде өзінің ықпалын сақтап қалуға күш салуда. Қазақстанның ресейлік тауарлардың экономикалық экспансиясына тап болу, ішкі нарықта жергілікті өнімдер үлесінің тым азайып кету қаупі бар. Мұндай сценарий жүзеге асуы әбден мүмкін. Өйткені әлемнің көптеген елдеріне тауар экспорттау мүмкіндігінен айырылған ресейлік компаниялар өз шығындарын басқа мемлекеттердің нарықтарына шығу есебінен өтеуге барынша әрекет жасауда. Бұған дейін ішкі және сыртқы нарықта жұмыс істеп келген ресейлік компаниялардың жоғары деңгейде қормен және бюджетпен жарақтандырылғанын ескерер болсақ, олар ауқымдылығы есебінен бәсекелестікті жеңе отырып, өндірісі мен тауар өткізуін Қазақстанға тез бағыттай алады. Ресейлік компаниялардың демпингтік және басқа да стратегиясы жағдайында қазақстандық тауар өндірушілер жергілікті сатып алушылар үшін бәсекелестікке төтеп бере алмауы ықтимал.

Транзитті бұғаттау

Егер инфляцияның өршуі ел экономикасы үшін шешімі бар күрделі мәселе болса, қазақстандық энергия тасымалдаушылардың Ресей арқылы транзитін бұғаттау – Қазақстанның нағыз осал тұсы деуге болады. Қазақстан өз мұнайының 90%-дан астамын Ресейдің көлік-транзиттік инфрақұрылымы арқылы экспорттайды. Бір ғана Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) арқылы қазақстандық мұнайдың шамамен 80%-ы сыртқы нарыққа шығарылады. Мысалы, Қазақстан мұнайының 70%-ын ЕО елдеріне экспорттайды. Бұл Еуропалық одақтың жалпы импортының шамамен 6%-ын құрайды. Жыл басынан бері КҚК қызметі үш рет тоқтатылды. Бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсер етті. Мұнай Қазақстанның экспорттық құрылымының 50%-дан астамын алады. Мұнайдан түскен табыстар ҚР бюджетінің 1/3 бөлігін қамтамасыз етеді.

 

Жаңа мүмкіндіктер

Таңқаларлық жағдай, антиресейлік санкциялар Қазақстанның осал тұстарын ашып қана қоймай, еліміздің дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге де жол ашты.

Технологиялық компаниялардың қоныс аударуы

Украинадағы әскери қақтығыс Ресей, Украина және Белоруссиядан технологиялық компаниялар мен мамандардың біртіндеп көшуіне түрткі болды. Әлемнен және белгілі бір аймақтардан IT-индустрины, әсіресе халықаралық және өңірлік технологиялық стартаптарды тартуға Қазақстанның әлеуеті жетеді. Өйткені олар экономиканың дәстүрлі салаларына қарағанда анағұрлым икемді және ұтқыр келеді.

Бұл бағытта Қазақстанның бәсекеге қабілетті артықшылықтары баршылық. Атап айтар болсақ, еліміз қандай да бір аймақтық қақтығыстар басталмай тұрып-ақ, шетелден алдыңғы қатарлы технологиялық командаларды көшіріп, орнату үшін экономикалық бірыңғай экожүйе жасай бастаған. Мысалы, 2017 жылы Астана халықаралық қаржы орталығы құрылды. Одан басқа, елімізде Astana Hub, MOST бизнес-инкубаторы, «Террикон алқабы» IT-хабы, сондай-ақ басқа да мемлекеттік және жеке қолдау институттары жұмыс істейді. Бірқатар шетелдік компаниялар бұл мүмкіндіктерді пайдаланып та үлгерді. Айталық, тамыз айының басында украиндік Treeum IT-компаниясы қазақстандық нарыққа шығып, Алматыда өңірлік хаб ашты.

Ресейге қарсы санкциялар сондай-ақ «IT-көшпелілердің» Қазақстанға көшіп келуіне септігін тигізді. Мысалы, бірқатар халықаралық технологиялық алпауыттар Қазақстанның заң құзыретіне толықтай немесе жартылай өтті. Олардың жалпы капиталдану көлемі 27 млрд доллардан асады.

Атап айтар болсақ, Tinkoff Bank Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жаңа қаржылық цифрлық қызметтерді жасау және дамытуға арналған екі әзірлеу орталығын ашты. Еске саламыз, басқа елдерде 22 Tinkoff орталығы ашылған. Оларда бүкіл әлемнен талдаушылар, инженерлер, әзірлеушілер және басқа да мамандар жұмыс істейді.

Халықаралық InDriver тасымалдау сервисі өңірлік хабтарды дамыту аясында Қазақстанға көшетіндігін жариялады. Қазір команданың негізгі құрамы елімізде. Қазақстан ТМД аумағында компаниялардың ірі нарығы болып табылады. InDriver-ді Insight Partners, Bond Capital, General Catalyst секілді инвесторлар қолдайды.

Мобильді ойындар саласында әлемдік көшбасшылардың бірі Playrix компаниясы да Қазақстанға орнықты. Оның нарықтық капиталдануы 17 млрд доллардан асады. Қазір компанияның Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында өңірлік бөлімшелері істейді. 2020 жылы Playrix тек қана Tencent компаниясына ғана алға жіберіп, әлемде мобильді ойындарды әзірлеуші ең ірі компанияға айналды.

Одан басқа, Type Type, Level Travel, Red Mad Robot және MNG Partners компаниялары да Қазақстанды тұрғылықты немесе негізгі мекенжайларының бірі ретінде таңдады.

Қазақстанды әлемдік қауымдастық алдында дұрыс тұрғыландырып, ілгерілеткен жағдайда бұл тізім басқа да көптеген технологиялық компаниялармен толығуы мүмкін. Мықты шетелдік технологиялық ойыншылардың келуі ішкі нарықта бәсекелестікті күшейтеді, ұсынылатын өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады, синергетикалық байланыстарды орнатады және тез дамитын технологиялық салаларды бәсекеге қабілетсіз, әлсіз қатысушылардан тазартады.

Алайда технологиялық компанияларды өзіне тартуда Қазақстан мықты өңірлік қарсыластар: Армения, Біріккен Араб Әмірлігі, Кипр, Өзбекстан, Грузия және Түркия секілді елдермен таласқа түсері hақ. Мысалы, Yandex қызметкерлерінің басым бөлігін Арменияға көшірді. Miro компаниясы да осы Күнгей Кавказ елінде орын теуіп, кеңсесін ашты. Украина-Ресей әскери қақтығысы және санкциялар аясында белоруссиялық технологиялық алпауыт – EPAM компаниясы Ресей мен Белоруссиядаy мыңға жуық қызметкерін Өзбекстанға ауыстырды.

ЕЭО нарығы

Ресейге қарсы халықаралық санкция – мәңгілік болмаса да ұзаққа созылған шара екені анық. Қазақстан санкцияларға қарамастан немесе сол санкциялардың арқасында тұңғыш рет басқа елдер үшін ЕЭО және Орталық Азия елдерінің бірлескен нарығына кірудің алтын көпіріне айналуы мүмкін. Бұған бұл рөл Ресей және ішінара Белоруссияға тиесілі болатын. Алайда санкциялық оқшаулаудан кейін Қазақстан халықаралық тұрғыда ынтымақтастық жасауға әлеуеті бар, ЕЭО аясында жалғыз ірі мемлекет болып қалуда. Мысалы, франциялық Alstom концерні Қазақстан экономикасына 50 млн астам еуро салу жоспарында бар екендігін жариялады.

Қазіргі уақытта ЕЭО әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 4.0%-ын қалыптастырады. Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейді біріктіретін осы экономикалық блок аумағында 185 млн жуық адам өмір сүреді.

Бәсекелік артықшылықтардың күшеюі және жаңа өсу нүктесі

Ресей еуропалық нарықтарда қашанда үстемдікке ие болып келді. Ал қазір ол бұл нарықтардан ығыстырылып жатыр. Ресей бұған жауап ретінде экспорттық жеткізілімдерін Еуропадан Азияға ауыстыруға әрекет жасауда. Қазақстан ірі шикізат өндіруші және оны әлемдік нарықтарға экспорттаушы мемлекет ретінде Еуропада бос қалған экономикалық тауашаларды иемденуі мүмкін. Бұл ретте еуропалық елдердің өзі жеткізілімдерді әртараптандыру және жеткізушілер базасын кеңейтуге қызығушылық танытып жатыр. Мысалы, ЕО алдағы бес жыл ішінде Әзербайжаннан газ жеткізілімін еселендіруді жоспарлауда. Жалпы ағымдағы жылдың қаңтар-ақпанында Қазақстан ЕО-ға бидай экспорттауды 13 есеге, газды – 4.3 есеге, мұнай өнімдерін 40%-ға ұлғайтты.

Алайда дәстүрлі шикізаттық тауарлардан басқа, Қазақстан белгілі бір сирекжерлік металдардың кен орындарына ие. Бүгінде бұл сегментте Қытайды қосқанда бірнеше мемлекет қана үстемдікке ие. Дамыған елдер геосаяси шиеленістердің жаңа айналымы және тауар жеткізудің ғаламдық тізбектеріндегі іркілістер жағдайында жаңа жеткізушілердің шикізаттарына қол жеткізуге өте мүдделі болып отыр. Ағымдағы жылдың 21 маусымында Қазақстан мен АҚШ арасында сирекжерлік металдар саласында сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Кездесу барысында тараптар сирекжерлік металдар саласында қазақстандық және америкалық бизнес ынтымақтастығының келешегін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша америкалық тарап Қазақстанға шикізатты өндіру және өңдеу бойынша технологияны беруге келісті.

Қорытындының орнына: Қазақстан – Еуразияны дамытудың жаңа жолы

Ресейге қарсы санциялар Қазақстан үшін «кетпеннің басын бассаң сабы өзіңе тиедінің» кері болды. Бір жағынан ЕЭО-ға мүшелік, әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы, КСРО кезінен бері қалған бірлескен инфрақұрылым және экономикалық тұрғыда бір-бірін толықтырушылық Ресейдегі барлық жағымсыз жағдайлардың Қазақстанға сол мезетте таралуына септігін тигізеді.

Екінші жағынан жоғарыда айтылған артықшылықтардан басқа, бұл Қазақстан үшін жаңа даму тұғырына айналуы мүмкін: Қазақстан (Ресейдің орнына) еуразиялық дамудың жаңа даңғыл жолына айнала алады. Бұл жергілікті аймақтың тұрақты дамуына және жалпы әлемдік экономикаға оң әсерін тигізеді.

 

Анықтамалық ақпарат:

2022 жылдың ақпанынан бастап, Ресейге қарсы ауқымдылығы, шапшаңдығы және қамтылымы жағынан бұрын-соңды болып көрмеген халықаралық санкция енгізілді. Соның нәтижесінде Ресей санкциялардың саны жағынан Иран, Сирия, Солтүстік Корея және Венесуэланы басып озып, көш басына шықты.

Бұған дейінгі осындай тарихи оқиғалармен салыстырғанда ағымдағы санкциялық шектеулерді әлемнің көптеген дамыған елдері ғана емес, корпоративтік сектор да қолдады. Мысалы, Украинада әскери қақтығыс басталғалы бері 1 000 астам ірі халықаралық компаниялар коммерциялық қатынастарды бұзып, Ресей нарығынан кетті.

Оқуды ұсынамыз
20 марта 2023

14 марта 2023

10 марта 2023