Алматыда көктем қашан туады?

Jusan Analytics командасы Оңтүстік астанада жыл мезгілдерінің ауысу заңдылығына қатысты статистикалық талдау жүргізді. Мақсат – қыс мезгілінің нақты қашан аяқталатындығын білу. Бұл үшін көктемнің өлшем белгісі ретінде ауаның оң сипаттағы тұрақты орташа тәуліктік температурасын негізге алдық. Талдауға «Қазгидромет» РМК-ның Алматы қаласы бойынша ауа температурасының 2000-2022 жылдардағы деректері пайдаланылды. Айта кетелік, бұл деректерді метеоролог мамандар жыл он екі ай бойы тәулігіне 8 рет – 3 сағат сайын жинап отырады.

Көктем кесте бойынша

Егер соңғы 22 жыл ішіндегі орташа көрсеткіштерді зерделесек, Алматыда көктемнің тууы 27 ақпанға тура келетіндігін байқаймыз. Бұл жыл мезгілдерінің күнтізбелік ауысымына сәйкес келеді деуге болады. Ал Астанада көктемнің бастауы 29 наурызға дәл келеді.

Алматыда ауа температурасы ақпанның соңына дейін біртіндеп көктемгі ауа райына жақындай бастайды: яғни енді алдағы 13 күн бойы күндізгі температура оң сипатта жалғасады және кем дегенде 6 күн ауа температурасы +5°С-тан жоғары болады.

Қыстың соңғы аккорды емес

Осы ретте ағымдағы айдың соңына дейін 90% ықтималдықпен кемінде 1 рет аязды күндер орнайды. Яғни түнгі температура -5°С дейін төмендейді. Талдау нәтижелеріне сүйенер болсақ, ауа-райының күрт суынуы 8-15 ақпан аралығына сәйкес келеді екен. Бұл уақытта түнгі температура кем дегенде -10.5°С құрайды.

Сондай-ақ ақпанда 47% ықтималдықпен ауа температурасы -5°С-тан жоғары болатын 2 кезеңнің болатындығы күтіледі. Ал осы айдың қалған апталары суық болатындығына қатысты ықтималдық бар болғаны 14%-ға тең.

Көктемнің ерте немесе кеш тууы

Алматыда климаттық көктемнің бастауы әр жылдары әрқалай: 20 ақпаннан 20 наурызға дейін барады. Осы ретте көктемнің ерте және кешу туу кезеңдерінің ауысымынан біршама серпін байқауға болады. Болжамымыз бойынша біз биыл әлі ерте көктем кезеңіндеміз.

Сондай-ақ біз осы кезеңдерді салыстыра отырып, климаттық көктемнің тууы бойынша қызықты байланысты байқадық. Заңдылық әсіресе 2000-2013 және 2014-2023 жылдардағы кезеңдерді зерделеу барысында айқын сезіледі.

Айталық, корреляция коэффициенті 0.74-ті құрайды (шығарындыларға қарсы жатықтырылды*). Бұл әжептеуір жоғары көрсеткіш. Ол қандай да бір циклдың бар екендігін білдіреді. Салыстыра отырып болжам жасайтын болсақ, Алматыда алдағы жылдары климаттық көктемдер белгіленген трендке сәйкес туатын болады. Бірақ күндерге қатысты аздап ығысуы мүмкін.

Бұл кезеңдерде көктемнің тууына қатысты айырмашылық орта есеппен 4 күнді құрайды. Бұл Алматыда ауаның жалпы орташа жылдық температурасының әр 10 жылда 0.5°С-қа көтерілуіне байланысты. Осы ретте «Қазгидромет» РМК деректері бойынша ақпан мен наурыздағы орташа температура жылдамырақ көтерілуде (онжылдықта +1.3°С).

* корреляция келген деректерді логарифмдеу жолымен есептелді

Оқуды ұсынамыз
20 Наурыз 2023

14 Наурыз 2023

10 Наурыз 2023