Jusan Analytics командасы облыстар және Шымкент қаласы бойынша ресми статистика негізінде Қазақстанның барлық өңірлері үшін Дастархан индексін есептеді. Бұл ретте Алматы мен Астана үшін дәстүрлі Jusan big-data деректері қолданылды.
Еске саламыз, біз Алматы мен Астана тұрғындары үшін Индексті есептеуді өткен жылдың мамырында бастадық. Сәйкесінше кеңейтілген талдауда мүмкін болған өңірлер бойынша 2022 жылдың желтоқсаны мен мамырының деректерін салыстырдық.
Айталық, ең көп Дастархан порциясы Атырау облысының тұрғындарына тиесілі (311) болды, ал ең аз порция СҚО тұрғындарының еншісінде (136).
Жалақының жоғарылағандығы көптеген өңірлерде порцияны көбейтуге септігін тигізе алмады. Өйткені бағалар тез өсті. Бұған басқа себептермен қатар, көкөністерге қатысты маусымдық факторлар және кейбір өнімдерді жеткізу қиындығы әсер етті.
Соның нәтижесінде қарастырылып отырған кезеңде еліміз бойынша Дастархан порциясының саны орта есеппен 10 бірлікке азайды. Ал порциялардың ең көп азайғандығы Түркістан (-24 порция), Қызылорда (-22), Жамбыл (-19) және Ақмола (-16) облыстарында, сондай-ақ Алматыда (-20) тіркелді.
Ақтөбе мен Павлодар облыстарында порция саны 2022 жылдың мамырындағы деңгейде сақталды. Өйткені бұл өңірлерде Дастарханның азық-түлік себеті бағасының өсуі мен жалақының өсуі шамамен бір деңгейде болды.
Бұл ретте тек Батыс Қазақстан облысында ғана порция саны өсті (+8). Мұны аталмыш өңірде жалақының өсіп, ал азық-түлік себітінің бағасы тұрақты болғандығымен түсіндіруге болады.
Өңірлер бойынша Дастархан индексі порциясының санын есептеу инфляцияны ұғынудың, оны сипаттаудың қарапайым әдісі. Бұл ретте әрине, ресми статистика деректері жоққа шығарылмайды.