Тәуекелдер мен келешектер
Ғаламдық инфляция әлі де жоғары күйінде қалуда. Дегенмен ол көптеген елдерде өзінің шарықтау шегінен өткен секілді. ХВҚ мамандары былай деп болжам айтады: көптеген елдерде базалық инфляция әлі шарықтау шегіне жетпесе де, биыл, яғни 2023 жылы инфляциялық орта жақсаратын болады. Еске саламыз, базалық инфляцияда энергия тасымалдаушылар мен азық-түліктегі құбылмалы бағалар есепке алынбайтыны белгілі. Дегенмен геосаяси текетірестер бәрібір инфляцияның ұзақ уақыт жоғары болып тұру қаупін тудырады.
Jusan Analytics базалық сценарийі бойынша ішкі инфляциялық қысым 1 жыл ішінде әлсірейді, бірақ ҚРҰБ көздеген мақсатты деңгейден жоғары болмақ. Мұны бірнеше фактормен түсіндіруге болады. Реттеушінің экономикада ұзақ уақыт бойы тежеуші монетарлық шарттарды қолдануы өз жемісін беруде: тұтынушылық сұраныс әлсіреп, бағалардың өсуі бәсеңдеді және экономикалық агенттердің инфляциялық болжамы да төмендеді. Осы ретте жыл басында жалақының өсуі, зейнетақы мен жәрдемақыны индекстеу, кезекті қазыналық қолдаулар нақты табыстардың төмендеуіне жол бермеуде. Бірақ инфляциялық тәуекелдерді басқару мүмкіндігін қиындатып жатыр.
Жағдайды тұрақтандыруға теңге бағамының серпіні де үлес қосуда. Ол импорттық тауарлардың бағасы арқылы инфляцияның өсу қаупін тежейді және инфляциялық болжамдардың құбылмалылығының өсу мүмкіндігін шектейді.
Экономикалық өсімнің келешегіне қатысты берген бағамыздың өзгеруіне Ұлттық қордан түсетін трансферлердің көлемін қайта қарау шарасы себеп болды. Өйткен ол тұтынушылық сұраныстың артуына сеп болады. Айталық, жаңартылған болжамдар бойынша 2023 жылы ЖІӨ өсімі 4.0-4.5%-ға дейін көтеріліп, шығарылым алшақтығы – 3.1%-ға дейін барады. Ал инфляция бірте-бірте төмендеп, жыл соңына қарай 12.4-14.3% деңгейінде қалыптасады. Жалпы экономикадағы ақша-несие саясаты бейтарап жағдайға жақын болады.
Ақша-несие саясаты қатал болса да инфляциялық үдерістердің біркелкі болмауы, инфляциялық болжамдардың тұрақсыздығы және инфляцияның өршу қаупі біздің болжам бойынша ҚРҰБ базалық мөлшерлемесінің әрі қарай біртіндеп төмендеуіне септігін тигізеді.
2023 жылдың алғашқы айында ҚЭИ жақсы өсіп, 5.0%-ды құрады.