Өткен аптада теңге сатылымдағы көптеген валюталарға қатысты өзінің босаңсығанын көрсетті. Теңге долларға (-0.19%-ға) және еуроға қатысты (-1.0%-ға) босаңсып, юаньға қатысты (+0.03%-ға) аздап нығайды. Рубль бағамы бұрынғы деңгейінде қалды – 7.84 теңге. Жыл басынан бері теңге долларға қатысты 9.62%-ға, рубльге қатысты 36.11%-ға, юаньға қатысты 0.57%-ға әлсіреп, еуроға қатысты керісінше 2.4%-ға нығайды
Теңге бағамының шетел валюталарына қатысты апталық ауытқуы арта түсті: ол долларға қатысты 0.4%-ды, рубльге қатысты 0.8%-ды құрады. Апта ішінде ұлттық валютаның әлсіреуі негізінен биржадағы сауда көлемінің төмендігі және апта соңында мұнай бағасы мен доллар индексінің төмендеуі аясында орын алды.
Өткен аптада USDKZT жұбының сауда көлемі оған дейінгі аптамен салыстырғанда 129.7%-ға артып (2022 жылғы орташа апталық сауда көлемімен салыстырғанда 29.7%-ға төмен), 403.53 млн долларды құрады. Сауда көлемінің екі есеге дейін өсуі оған дейінгі аптаның қысқа болғанына және салық аптасынан кейін келгеніне байланысты болды.
Теңге индексі
Теңге индексі бір апта ішінде 0.2%-ға, ал жыл басынан бері 12.6%-ға төмендеп, 79.32 пунктті құрады.
Теңгенің әлсіреуі мұнай бағасының бір баррелі 88-92 долларға дейін түскендігіне байланысты болып отыр (бір аптада -0.9%). Осы ретте доллар бір апта ішінде 0.6%-ға дейін түсіп, 108.97 пунктті көрсетті. Сөйтіп, дамушы елдердің валюталарына, оның ішінде теңгеге түсіретін қысымын шамалы азайтты.
Ағымдағы жылдың тамыз-қыркүйегінде Теңге индексі 77-80 пункт деңгейінде тұрақталды. Осы кезең ішінде іргелі факторлар айтарлықтай өзгерді: мұнайдың баға белгіленімі 16.2%-ға түсіп, Доллар индексі 2.9%-ға көтерілді. Теңге индексінің құбылмалылығы төмендеп, оның іргелі факторлардың өзгеруіне қатысты сезімталдығы әлсірей бастады. Мұның себебі – теңгенің рубльге қатысты бағамы. Еске саламыз, Индексте рубльдің үлесі – 25%. Бұл ретте рубльдің теңгеге қатысты бағамы оның долларға қатысты бағамына тәуелді. Ал рубльдің долларға қатысты бағамы қазір еркін емес валюта нарығында және нарықтық емес жағдайда қалыптасуда.
Өткен аптада мұнай бағасының (2018 жылдың соңындағы базалық кезеңге түзетілген) қисығы Доллар индексінің қисығымен сәйкес келді. Соңғы рет екі қисықтың осылай қабысуы 2021 жылдың қаңтарында орын алған еді. Бұл кезде Джо Байденді ұлықтау рәсімі аясында мұнайдың бір баррелі 60 долларға көтерілді. Ал Доллар индексі тұрақты болды. Ал қазіргі себебі басқада: екі қисықтың қабысуына ғаламдық доллардың күшеюі мен мұнай бағасының төмендеуі септігін тигізді.
Jusan Analytics ой-пікірі
Өткен аптада теңгенің әлсіреуіне мұнай бағасының түсуі мен доллар индексінің күшейетіндігі туралы болжам әсер етті. АҚШ ФРЖ негізгі мөлшерлеменің одан әрі көтерілетіндігі туралы мәлімдемесі бұл болжамды одан әрі растай түсті.
Тамызда инфляцияның үдегеніне қарамастан, ҚРҰБ таяуда ақша-несие шарттарын бұрынғы деңгейде қалдыру туралы шешім қабылдады. Инфляция әлі шарықтау шегіне жеткен жоқ. Міне, осы жайттарды ескере отырып айтар болсақ, теңгенің бағамы әлі де инфляцияның қысымында болады. Осылайша ішкі және сыртқы инвесторлар тәуекел үшін теңге бағамына үлкен сыйлықақы төлейді. Сөйтіп теңгенің басқа валюталарға қатысты бағамының түсуіне ықпал етеді.
Өткен аптада теңге бағамының шетел валюталарына қатысты құбылмалылығының өсуі нарыққа қатысушылардың валюталық болжамында айқынсыздық күшейе бастағанын білдіреді.
Бұдан кейінгі бағам белгілеу тренді іргелі сыртқы факторлардан басқа көп жағдайда биліктің өкілетті органдарының шараларына тәуелді болады. Осы ретте қосымша есеңгіретулер жоқ кезде сыртқы фактордардың күтілетін серпіні теңге бағамын төмен тартады.