Qazaqstan.tv: Инфляциялық қысым күшейіп, тауарлар бағасы өсе түсті

«Апта» бағдарламасы жылды қорытындылай бастады. Соңғы айларда ең көп көтерген тақырып «қымбатшылық» болды. Сондықтан жылдық инфляцияның көрсеткіші қалай және неліктен өскенін талдауды жөн көрдік.

Өткен жылдың соңында Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Ерболат Досаев 2022 жылы инфляция 6-6,5 пайыз болады деп айтқан. Көп дегенде 9 пайызға жетуі мүмкін деген еді. Бұрыс болжам айтқан Досаев бұл қызметінен босатылып, Алматы қаласының әкімі болып кетті. Ал инфляция биыл қазан айының соңында 18 пайыздан асып кетті. Бұл соңғы 14 жылдағы ең үлкен көрсеткіш деуге болады. 2008 жылы инфляция 20 пайыздан асқан еді.

Енді жеке-жеке талдасақ, ресми мәлімет бойынша бір жылда азық-түлік бағасы – 23, басқа да тұрмыстық тауарлар – 17,9, ақылы қызметтер – 13,5 пайызға өскен. Бұл – ресми көрсеткіштер. Ал кейбір экономистер мұнымен келіспей, қымбатшылық бұдан да жоғары деп есептейді. «Апта»-ға сұхбат берген инфляцияны талдау орталығының өкілдері болса, бұл 500-ден астам тауар түрлерінің бағасын салыстырғандағы ортақ көрсеткіш екенін алға тартып отыр. Сондықтан ресми дерекке сенуге болатынын айтады.

Бірақ кейбір қажетті тауарлар құны тым шарықтап кеткенін де көріп отырмыз. Мысалы, бір жылда кір сабын 77, құмшекер 74, макарон 42, дәретхана қағазының өзі 42 пайызға қымбаттаған.

Тілшіміз Аманкелді Сейтхан Астана базарларын аралап, халықтан ақшасын азық-түлікке қалай жеткізіп жатқанын сұрады. Сондай-ақ, супермаркеттердегі көктемгі мен қазіргі бағанысалыстырып көрді. Сарапшылардан инфляцияның өсуіне қандай факторлар әсер еткенін және келер жылға деген болжамын да білді.

Көпшілік қымбатшылыққа саудагерлерді кінәлайды. Бірақ, олар әр затқа 10-ақ пайыз қосамыз, бәрі алыпсатарлардың әсері,- дейді. Шынында солай сынды. Мәселен, жұмыртқа бағасы бір жерде – 650 теңге, енді бір жерде – 460 теңге.

Осы делдалдармен күрестің нәтижесі ме жазда шарықтап кеткен сұйық май бағасы қайтадан түсіпті.

Бірақ, мұның өзі былтырғы бағадан көп. Сондықтан, жыл өткен сайын табысымыз тамағымызға жетпей барады,-дейді көпшілік.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстандық әр отбасы табысының 50 пайызын азыққа жұмсайды. Бұл экономика заңы бойынша кедей елдер көрсеткіші.

Рашид Жақсылықов, экономист:
Мысалы дамыған елдерде адам айлық табысының 12-17 пайызын ғана тамаққа жұмсайды. Қалғаны өзінің денсаулығына, демалысына басқасына жинайды. Егер 3 пайызға көбейіп кететін болса, яғни тамаққа 20 пайызға кететін болса экономикамызда кризис болды деп айтады.

Әнуар Қуандықов, қаржы сарапшысы, «Jusan Analytics» зерттеу орталығының басқарушы директоры:
Жалпы инфляция деген биылғы жылы Қазақстанның ғана проблемасы емес, бүкіл әлемнің проблемасы болып табылып жатыр. Мысалы, экономикасы дамыған елдердің инфляциясы 2021 жылы 3,1 пайызды көрсетсе, биыл 7,4 пайызға жетуі мүмкін.

Биыл әлемдік жағдай қиындағаны рас. Бірақ, теңге бұрыннан құнсызданып келе жатқан. Ал, биыл мұнайды тасымалдау қиындап еді, экономика құлдырады. Одан бөлек, көрші елге салынған санкциялар да жағдайды ушықтырды. Өйткені, Қазақстанға келетін импорттың 40 пайызы Ресейге тиесілі.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің жауабы:
«Ресейге салынған санкциялар салдарынан азық-түлік жеткізу тізбегі бұзылды. Екіншіден, былтыр жазда доллар 420 теңге еді, биыл 470 теңгеге дейін өсті. Бұл ветеринариялық, жемдік препараттар мен минералды қоспалардың, витаминдер мен құрал-жабдықтарды қымбаттатты. Тасымалдау құны да 30 пайызға көбейді».

Қымбатшылыққа көрші елдегі мобилизациядан қашқандар да себеп болған. Бірақ, Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев сыртқы факторлардан бөлек, ішкі жұмысты реттей алмай отыр деп Сауда және интеграция министрлігін сынады.

Ғалым Әміреев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біздің соңғы сұрауымызға Сауда және интеграция министрінің басшылары реттеудің жаңа тетігі әзірленіп жатқаны, тауар өндірушілердің түрлі қауымдастықпен кездесу өткізіліп жатқаны туралы жауап берді. Бірақ әлі күнге дейін баға қалай реттелетіні туралы механизм ұсынылмады, сонда механизмі қандай? Ал, осы уақытта өңірлердегі СПК-ларға бұған дейін қолданыста болған барлық келісімшарттарды бұзып, қаражат шоттарда жинақталсын деген команда берілгенін естіп отырмыз. Ал, бұдан әрі не істеу керектігі түсініксіз…

Осы уақытқа дейін әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік бағасы қолдан реттеліп келген. Жаңа жылдан бастап тауарға шекті баға қойылмауы мүмкін. Өйткені, бұл тәсіл тиімсіз болғандай. Біз супермаркеттерді аралап ек, баға айтарлықтай өскенін көрдік.

Бұл сан ресми статистикаға жақын. Бірақ, үй маңындағы дүкендер де одан да қымбат болуы мүмкін. Сондықтан, экономист Рашид Жақсылықов инфляцияға қатысты Ұлттық банктің дерегіне сенбейді.

Рашид Жақсылықов, экономист:
18,8 нақты көрсеткіш емес. Себебі бізде әлі күнге дейін доллардың қымбатшылығын тоқтату үшін интервенция Ұлттық банк тарапынан жасалады. Биылдың өзінде 2-3 рет жасалынды. Оған кәдімгідей қыруар ақшалар жұмсалынады. Бір жылдары тіпті 8 млрд долларға дейін кетіп қалып жатты.

Десе де, Ұлттық банктің инфляция бойынша биылға жасаған болжамы қате болғанын айттық. Ал, келер жылға болжам сұрап хат жолдаған едік, 5-желтоқсанда брифинг өтеді, сонда ғана жауап береміз,- деді. Сарапшылардың болжамы көңіл қуантпады.

Әнуар Қуандықов, қаржы сарапшысы, «Jusan Analytics» зерттеу орталығының басқарушы директоры:
Біздің болжамдарымызға сәйкес 2022 жылдың соңына дейін тұтынушы инфляцияның деңгейі 21-22 пайызға дейін өсуі мүмкін. Әлемдік экономиканың 80 пайызын құрайтын 85 мемлекеттің экономикасын талдадық. Осы 85 мемлекеттің 60-да биыл инфляция таргеттен 2 есе көп болып тұр.

Рашид Жақсылықов, экономист:
Украина мен Ресейдің арасында соғыс тоқтап, бейбітшілік орнаса біздің экономика дамыр еді, ал енді ол тоқтамаса біздің экономика күшейіп кетеді деген жақсы болжам жоқ. Өйткені, біз жаңа серіктес табу үшін оған уақыт керек. Инвесторлар біздің экономика жақсы жүріп кетуі үшін соған ақша салуға дайын ба?

Инвесторларға тәуелді болмас үшін ауыл шаруашылығын дамыту керегі көптен айтылып жүр. Бірақ, жалпы өндіріс саласы тұралап тұрғандықтан, ол да оңай емес.

Ақпарат көзі: qazaqstan.tv/index.php/news/168008/

Оқуды ұсынамыз
20 Қаңтар 2023

20 Қаңтар 2023

19 Қаңтар 2023