Naryk.kz: Қазақстандықтар қай айларда ең көп ақша жұмсайды

Jusan Analytics зерттеу орталығы бұл сұрақтың жауабын тапты. Қазақстандықтардың қалтасы ең көп қағылатын айлар – қыркүйек пен желтоқсан екен. Күз бен қыстың басында олардың сатып алу белсенділігі шарықтау шегіне жетеді. Сабылып, базар-дүкен аралап, көп шығынданады. Мұның себебі де түсінікті.

«Тұрғындар тамыздың аяғы мен қыркүйектің басынан бастап, қамданып, күзгі той-томалақтарға дайындала бастайды. Оған қоса өздеріне күзгі-қысқы киімдер сатып алады. Одан қала берді бұл айда мектеп оқушыларына әлі де киім алу, кеңселік тауарлар сатып алу жалғасады», – деді  Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы Клара Сейдахметова. Оның айтуынша бұған ұлттық валютаның босаңсуы мен инфляцияның өсетіндігі  туралы күдіктің үдей түсуі де ықпал етеді. Өйткені жыл соңына қарай  инфляция әдетте ушыға бастайтыны белгілі. Міне, осындай жағдай халықты «баға өспей тұрғанда тауарларды көптеп сатып алуға» итермелейді.

Ал желтоқсан айында сатып алу белсенділігінің артуын қаржы маманы былайша түсіндіреді.

«Халық қыс мезгіліне дайындалады. Бір қызығы, отандастарымыздың сатып алу белсенділігі желтоқсанның басынан бастап, соңына дейін жалғасады. Бұл жерде адамдар негізінен қысқа азық-түлік қорын жасайды. Соғым алады. Оның үстіне бұл айда бізді үлкен мерекелер күтіп тұр: Тәуелсіздік күні және әрине, Жаңа жыл. Сыйлықтар сатып алу керек дегендей. Одан қала берді тұрғындардың осы айда қымбаттығына қарамастан қысқы киімдер сатып алатын әдеті бар. Ал Ресейде басқаша: мұнда халықтың тұтыну белсенділігінің шарықтау шегі  жылдың бір-ақ күніне сәйкес келеді. Ол – 30 желтоқсан. Басқа кездері тұтыну белсенділігі бұл елде бірқалыпты деңгейде», – деді Jusan Analytics талдаушысы.

Зерттеу орталығы бұл тұжырымға қалай келді? Ол үшін команда Тұтынушылардың белсенділік индексін әзірледі. Индекс белгілі бір уақыт аралығында (Jusan Bank картасының көмегімен) жасалған барлық тұтыну шығындарының сол шығындарды жүзеге асырған бірегей клиенттердің санына қатынасы ретінде есептеп шығарылды.

«Соңғы бірнеше жыл ішінде жасалған барлық төлемдерді сараптай келе, біз қыркүйек пен желтоқсан айларында сатып алу шығындарының шарықтау шегіне жететіндігіне көз жеткіздік. Содан Индексті есептеп шығару үшін осы екі айдағы ең жоғары көрсеткіштердің орташа мәнін есептеп, оны «100» пайыз ретінде қабылдадық. Яғни ол – сол жылдың максималды базалық көрсеткіші. Мысалы, 2021 жылдың максималды көрсеткіші 2022 жыл үшін, ал 2022 жылдың максималды көрсеткіші 2023 жыл үшін базалық мәнге ие деген сөз. Егер биылғы жылдың көрсеткіші «100»-ден асып жығылатын болса, онда біұл нарықта тұтыну деңгейінің өткен жылға қарағанда өскендігін білдіреді», – деді Клара Сейдахметова.

Қаржыгердің айтуынша бұл Индекс Қазақстанның нарығында болып жатқан ахуалды дұрыс көрсетеді. Өйткені адамдардың қолында қандай банктің төлем карточкасы болмасын, олардың іс-әрекеті, ойлау қабілеті бір-біріне ұқсас. Олар бірінші кезекте барлық нәрсенің ұтымды жағын көздеді. Сәйкесінше бір-біріне қарап, айналадағы жағдайды ескере отырып, белгілі бір кезеңдерде бір-біріне ұқсас сауда-саттық әрекеттерін жасайды.

Тұтынушылардың белсенділік индексінің тұрғындарға берері қандай? Бұл сұраққа Клара Сейдахметова: «Тұрғындар тарапынан тауарларға сұраныс артқан кезде бағаға айтарлықтай қысым түседі. Сәйкесінше ұсыныс сұранысқа ілесе алмай қалады. Нәтижесінде баға қымбаттайды. Сондықтан жылдың осы мезгілдерінде бірқатар тауарлардың бағасы өсетіндігін білетін тұрғындар, шығындарын алдын-ала жоспарлап, ертерек қимылдап, алдын ала сатып алу әрекеттерін жасайды деп ойлаймын», – деп жауап берді.

Айта кетелік, Тұтынушылардың белсенділік индексі апта сайын жаңартылып отыратын болады.

Ақпарат көзі: https://naryk.kz/news/qazaqstandyqtar-qai-ailarda-eng-kop-aqsha-jumsaidy

Оқуды ұсынамыз
15 Қараша 2022

14 Қараша 2022

14 Қараша 2022