Halyq-uni.kz: Депозит, акция немесе алтын: 100 мың теңгені инвестициялап қанша табыс табуға болады

2020 жылдың соңында қолыңызда артық 100 000 теңге пайда болды делік. Сөйтіп оны айналымға салатын болып шештіңіз. Сізге инвестицияның мына түрлері қолжетімді: депозит ашу, акциялар және алтын сатып алу. Jusan Analytics ақшаны 2 жылға орналастырған жағдайда бізге қандай қаржы тиімді екендігін есептеді.

Инвестициялаудың классикалық түрі – депозиттен бастайық. Оны теңгемен де және шетел валютасында да ашуға болады. Отандастарымыздың арасында мерзімсіз салымдар танымалдыққа ие. Оларды кез келген уақытта толықтыруға және одан ішінара ақша алуға болады. Бұдан сыйақысы өзгермейді. Міне, осы салымдарды қарастырамыз.

Сонымен 100 000 теңгені мерзімсіз теңгелік депозитке салдық. Сыйақысы жылына 9%. Еске саламыз, депозиттерге кепілдік беру қоры салымдар бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелерін ай сайын қайта қарап, банктерге ұсынып отырады. Банктер соны және өзінің депозиттік саясатын негізге ала отырып, сыйақыларды әр кез қайта бекітеді.

Осылайша салымдар 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап сыйақылардың 9.3%-ға өскендігі есебінен бір жылда 9 092 теңгеге көбейді. Ал 2022 жылдың соңына қарай 124 106 теңге болды. Салымның осы түрі бойынша Қор ұсынған шекті мөлшерлемелер бір жылда 7 рет өсіп, 2022 жылдың 6 желтоқсанынан бастап, 16.3%-ға жетті.

Ұлттық валютаның әлсірегеніне қарамастан, долларлық депозиттердің табыстылығы және инвестициялық тартымдылығы төмен. Екі жыл ішінде табыстылық, бағамдық қайта бағалауды ескере отырып, 112 126 теңгені құрайтын еді. Демек, ақшаны бұлай жұмсаудан түсетін пайда теңгелік салымдарға қарағанда 2 есе төмен.

Артық ақшаны айналымға салудың тағы бір жолы – акция сатып алу. Ыңғайлы болу үшін KASE индексі негізінде отандық көгілдір фишкалардың акцияларына саламыз.  2021 жылдың соңына қарай табыстылық 31%-ды құрайды. Алайда 2022 жылы ішкі және сыртқы есеңгіретулердің әсерінен Индекс 12%-ға төмендеді. Түптеп келгенде, жиынтық табыстылық 22%-ды, ал инвестициялық шоттағы ақша – 121 530 теңгені құрайды. Бұл мерзімсіз теңгелік депозиттен түсетін табыстан аздап төмен.

Тағы бір қаржы құралы – алтын. Мұнда 2022 жылдың соңына қарай, табыстылық 5%-ды құрады. Жалпы сома – 105 361 теңге. Ең жоғары табыстылықты 2022 жылдың ақпанында – алтын 13%-ға қымбаттаған кезде алуға болар еді. Жалпы, алтынға ақша салу ұзақ мерзімді инвестиция. Сондықтан бар болғаны 2 жыл ішінде бұл қаржы құралының тартымдылығын дұрыс бағалау қиын.

Осы есеп бойынша ақша айналдырудың ең тиімді құралы теңгелік депозит. Оның әкелетін табысы тұрақты. Акция сатып алу әрине, көп табыс алуға мүмкіндік береді, бірақ бұл жерде табыссыз қалу, тіпті салған ақшаны жоғалту қаупі бар.

Редакция оқырмандарға ақшаларын бір емес, әр түрлі қаржы құралдарына салуға кеңес береді.

Ақпарат көзі: halyq-uni.kz/saraptama/15291-depozit-aktsiia-nemese-altyn-100-myn-tengeni-investitsiialap-kansha-tabys-tabuga-bolady/

Оқуды ұсынамыз
17 Наурыз 2023

16 Наурыз 2023

7 Ақпан 2023