Egemen Qazaqstan: Бидай дақылы қаншалықты тиімді?

Қазақстанда бидай дақылының тиімділігіне байланысты сан алуан пікір бар. Мәселен, кей мамандар әлемдік бәсекелестік аясында бидай өндірудің келешегіне күмәнмен қарайды. Олардың пікіріне ден қойсақ, өсімдік шаруашылығының құрылымын қайта қарап, заман талабына сай басқа да дақылдарға басымдық беретін уақыт жетті. Әлбетте, бидай – Қазақстанның ұлттық брендтерінің бірі. Бірақ статистиканың айтары басқа. КСРО кезінде егін бітік шыққан жылдары (1980 жылдары) қазақстандық бидайдың өнімділігі орта есеппен гектарына 12,6 центнерден түскен болатын. Бүгінде елімізде негізінен қатты бидайдың жаздық, күздік жұмсақ сұрыптары өсіріледі. Өйткені оның уызы (дәнмаңызы) мол, бірақ әлсіз сұрыпты жұмсақ бидайға қарағанда түсімділігі төмен.

Елімізде жылына орта есеппен 12-12,5 млн тонна бидай өндіріледі. Ішкі қажеттілікке шамамен 6 млн тоннасы жұмсалса, қалғаны дән және ұн ретінде сыртқа шығарылады. Қазақстан жұмсақ сұрыпты қатты бидай өсіретін 130 мемлекеттің ішінде 109-орынға ие. Яғни аталған көрсеткіш қуанарлықтай емес. Мысалы, 2012-2016 жылдары еліміз гектарына 12 центнерден түсім алып, тәуелсіздік тарихында рекорд жасаса, 2017-2022 жылдары түсім әр гектарына 11 центнерден айналды. Ал дәл осындай бидай сұрыптарын егетін Канада гектарына 2012-2016 жылдары – 33 және 2017-2020 жылдары 34 центнерден жинады. АҚШ-тың көрсеткіші 2012-2016 жылдары – 31 және 2017-2020 жылдары 33 центнерден болса, Аргентинада әр гектардың түсімі 2017-2016 жылдары – 21 және 2017-2020 жылдары 31 центнерді құрады.

Бұған қарап, астық түсімі шетел тұр­мақ, кеңес одағы кезіндегі көрсет­кішке жетпегеніне көз жеткізуге болады. Мұның себебі неде?

«1980 жылдары Қазақстанда дәнді да­қылдар өсіру өндірісті қарқындату есебі­нен жүргізілді. Түсімнің 50%-ы – ми­­нералды тыңайтқыштардың, 20%-ы – аудандастырылған сұрыптардың жә­не 30%-ы технологиялық талаптарды сақтау есебінен қалыптастырылды. Бұл үй­лесім аграрлық салада ұйымдық қай­та құру, дәнді дақылдарды өсіріп-өн­діру технологиясының сақталмауы және басқа да факторлардың себебінен бұзылды. Сондай-ақ Қазақстанда тыңайтқыштар жеткілікті деңгейде қолданылмайды. Бір гектар жерге тыңайтқыштар себу бойынша еліміз 170 мемлекеттің ішінде 155-орынға ие», дейді Jusan Analytics талдаушысы Тимур Дауранов.

Шынында да елімізде тыңайтқыш­тарды қолдану деңгейі Ресейге қарағанда 5 есеге, тыңайтқыштарды қолдану бо­йын­­ша көш басындағы елдермен салыс­­­тыр­ғанда 100 есеге төмен. Мысалы, ал­дыңғы үштікке енетін Мысыр, Қытай және Голландия елдерінде 2019 жылы әр гектарға жұмсалған тыңайтқыштың салмағы сәйкесінше 406,2, 350,0 және 264,0 кило болса, 2020 жылы бұл көр­сеткіштер 401,2, 336,8, 267,9 килоны құраған. Ал Қазақстанда 2019 жылы әр гектарға – 1,9 кило, ал 2020 жылы 5,6 килодан тыңайтқыш себілді.  Мамандардың айтуынша, диқандардың өздері тыңайтқышқа шығынданып, жаңа деңгейге көтерілгілері келмейді. Олар осы жағдайға да риза.

Бидай экспорты бойынша көрсет­кіштер де басқа елдермен салыстыруға келмейді. Әлемдік бидай саудасында Қазақстанның үлесі шамамен 2%-ды ғана құрайды. Мәселен, қазақстандық бидайды негізінен көрші ТМД елдері сатып алады. Соңғы 20 жыл ішінде Қазақстан өз бидайын 72 елге сатып келді. Алайда соның ішінде екі ел ғана біздің бидайды тұрақты көлемде сатып алады. Олар – Өзбекстан мен Тәжікстан. Бидай жеткізудің 60-70%-ы осы елдерге тиесілі. Тағы 7 мемлекет қазақстандық бидайды аздаған мөлшерде тұрақты сатып алады. Олардың ішінде Түркия мен Үндістан да бар.

«Бидайдың сатылымын арттыру үшін бірінші кезекте оның сапасын ағымдағы 3-сыныптан 1, 2-сыныптарға көтеру керек. Одан басқа, бидайымыздың әлемдік нарықтағы танымалдылығын барынша көтерген жөн. Мысалы, халықаралық көрмелерге қатысу арқылы отандық бидайдың сапасын, тиімді және пайдалы жақтарын паш етпесе болмайды. Сондай-ақ қызығушылық білдірген елдерге сынама ретінде тегін бидай партияларын жеткізіп тұрған дұрыс», деді Т.Дауранов.

Бұл ретте басқа дақылдарға басым­дық беру мәселесі туындайды. Бұған еліміз­дің ауыл шаруашылығының әлеуеті толығымен жетеді.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруа­шы­лығы ұйымының деректері бойынша Қазақстан ауыл шаруашылығы алқап­тарының көлемі жағынан әлемде 6-орын алады. Бұл – ел аумағының 79%-ы. Яғни 215 294 мың га алқап. Бірінші, екінші және үшінші орындарда сәйкесінше Қытай (527 722 мың га), АҚШ (405 701 мың га) және Аустралия (358 317 мың га) елдері. Ресей – бесінші орында (215 494 мың га). Дегенмен, елімізде егін егуге жарамды жерлер ауыл шаруашылығы алқаптарының 14%-ын ғана құрайды (29 728 мың га). Қалған бөлігін (85%) табиғи мал жайылымдары, шалғынды және далалы жерлер алып жатыр. Егістік жерлерінің үлесі бойынша алғашқы үштікте Үндістан (94%), Канада (67%) және Ресей (57%) елдері тұр.

Егістік жерлердің шамамен 65%-ын ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін егіндік алқаптар құрайды (2017-2020 жылдары – 19 062 мың га). 2007 жылға дейін бұл алқаптардың шамамен 90%-ына дәнді дақылдар егіліп келді. Одан кейінгі жылдары оның үлесі біртіндеп азайып, 80%-ға түсті. Есесіне 2007 жылдан бастап, майлы дақылдардың үлесі арта бастады.

Егіндік алқаптардың құрылымында көкөністің, жемістердің және тамыр салатын түйнектердің алар үлесі өте мардымсыз. Мысалы, тамырлы түйнектер (картоп, пияз, сәбіз) және көкөністердің егіндік алқаптардағы үлесі 1%-дан төмен, бірақ түсім жағынан алар үлесі 10%-дан асады.

Соңғы 30 жыл ішінде дәнді дақыл­дардың түсімділігі шамамен 1,5 есе ғана артқан болса, 1992-1996 жылдары гектарына – 8,9 центнер, 2017-2020 жылдары гектарына – 12,9 центнер, көкөніс 1992-1996 жылдары гектарына – 106,2 центнер, 2017-2020 жылдары гектарына 256,6 центнерге көбейді. Ад жемістердің түсімділігі 2,5 есеге артқан (1992-1996 жылдары гектарына – 31,3 центнер, 2017-2020 жылдары гектарына – 164,8 центнер).

«Қазір өкінішке қарай, көкөністер мен жемістердің басым бөлігі өнеркәсіптік көлемде емес, жеке шаруа қожалықтарында өсіріледі. Егер санына ғана емес, сапасына да баса мән беріп, өнеркәсіптік көлемде өсірер болса, Қазақстанның ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етіп, экспортқа да шығаруға әлеуеті жетеді», дейді Т.Дауранов. Оның айтуынша, әрбір өнімнің 1 центнерін сатудан түскен ақшалай пайданы негізге алар болсақ, бидай көкөніс мен жеміске тіпті ілесе алмайды.

«Мысалы, 2016 жылы 1 центнер бидайды сатудан түскен пайда 992 теңге болды, 2020 жылы – 1 569 теңгені құрады. Ал осы арада 2016 жылы 1 центнер қызанақты сатудан түскен пайда 16 471 теңге болса, 2020 жылы – 24 956 теңгеге жетті. Өрік пен алма бойынша көрсеткіштер сәйкесінше 2016 жылы – 8 823 және 4 775 теңге, 2020 жылы 7 615 және 6 977 теңгені көрсетті», дейді Jusan Analytics талдаушысы.

Жоғарыда келтірілген деректерге сүйенер болсақ, бидайды Қазақстанда аса тиімді дақыл деп айтуға келмейді. Яғни бидай өсіру тәсілін қайта қарастырып, оны тиімді және табысы жоғары өнімге айналдырып, танымалдығын арттыру қажеттігі байқалады. Немесе заман ағымына қарай басқа дақылдарға басымдық беру керек. Яғни бидайды ішкі нарыққа қажетті көлемде ғана өндіріп, қалған алқаптарға тиімділігі жоғары дақылдарды егу қажет дейді сарапшылар.

Ақпарат көзі: egemen.kz/article/326350-biday-daqyly-qanshalyqty-tiimdi

Оқуды ұсынамыз
17 марта 2023

16 марта 2023

7 февраля 2023