Abai.kz: Жасанды интеллект дәуірі жақындап келеді

Адамзат жаңа – жасанды интеллект дәуірі қарсаңында тұр. Оған дейін түсініксіз, аумалы-төкпелі бірқатар жылдар өтеді. Міне, сол жылдары біртіндеп, дамудың жаңа сатысы айқындалады.

Шынында да кез келген жаңа дәуірдің алдында қандай да бір ғаламдық дағдарыстар, әскери қақтығыстар болатыны анық. Осы ретте «Jusan Analytics» зерттеу орталығының талдаушылары адамзаттың өткен тарихына көз жүгіртіп, оны ой елегінен өткізіп, даму заңдылықтарына сүйене отырып, тылсымы терең бұлыңғыр болашаққа болжам жасады.

Болашақта әлемді өзгертудің «тіреу нүктесі» жасанды интеллект пен нейрожелілер болмақ. Жасанды интеллект адам өміріне тереңдеп енеді. Компьютер адамның жан толғанысы мен сезімдерін түсініп, оларды білдіре алатын дәрежеге жетеді. Биологиялық төңкеріс орын алып, жаңа қаржылық құрылым жасалады, таза энергетикаға қол жеткізіледі.

Өзгерістердің басты қозғаушы күші әрине, адамдар және олардың елдік  мүдделері. Ал мемлекеттер қатардан қалмау үшін үнемі өзара бәсекелесіп, саяси және экономикалық күрестер жүргізеді. Міне, осы жайттер әлемнің ғаламдық сипатта өзгеруіне әкеп соғады. Оның алғышарттары жетерлік. Мысалы, компьютерлердің есептеу қуаты қазірдің өзінде жоғары. Жасанды интеллект белсенді түрде дамытылып, күнделікті міндеттерді шешуге қолданылуда. Коммуникация барған сайын онлайнға өтуде. Биоинженерия емдеу шараларына қолданыла бастады.

Сонымен талдаушылар жаңа дәуірдің негізгі бағыттарын айқындады. Олар: энергетика, ұтқырлық, ғаламсыздану, экономика, коммуникация және виртуалдану, биологиялық төңкеріс, адамдар.

№ 1 ғалами үрдіс. Энергетика

Қазіргі жағдайда 2030 жылға қарай электр қуаты әлі де шамамен 1 млрд адамға қолжетімсіз болады. Дәстүрлі отын энергетикасы дамуды қамтамасыз ете алмайды. Неге? Өйткені жаңа ұрпақтың экологиялық талаптары күшейеді. Сәйкесінше қазба отыннан бас тартыла бастайды. Жер-жерде жаңғырмалы қуат көздері көбейеді және арзандайды. Ауаға жіберілетін зиянды қалдықтар  азаяды. Бірақ мұнай қолданыла бермек. Себебі, оны қайта өңдеу мүмкіндігі жоғары. Қазірдің өзінде тауарлардың шамамен 96%-ы мұнай химиясының қатысуымен өндіріледі.

№ 2 ғалами үрдіс. Ұтқырлық

Көліктер автоматтандырылады. Болашақта көлік құралдарында жүргізуші болмайды. Олар бірыңғай орталықтан басқарылады. Уақыт өте келе жеке көліктің өзі қажет болмай қалады. Қазірдің өзінде: Еуроодақ 2050 жылға қарай ауаға тарайтын шығарындыларды 50%-ға азайтуды жоспарлауда. АҚШ-та тұтынушылардың 2/3-сі бірлесе тұтыну (шеринг) қызметін пайдалануды қалайды. Мұнда 2019-2020 жж. қалада жүріп-тұруға шерингті пайдалану 60%-ға өсті. Қазір одан жоғары. 2030 жылға дейін электромобильдерге сұраныс 6 есеге артады, жылдық сату көлемі қазіргі 6,5 млн-нан 40 млн данаға өседі.

№ 3 ғалами үрдіс. Ғаламсыздану және экономика

Жаңа ғаламдану үрдісі әрбір алпауыттың айналасына шоғырланған өңірлердің өзара ықпалдастығы түрінде жалғасады. Басты қозғаушы күш – Қытай мен АҚШ-тың текетіресі. Басты тартыс майданы – заманауи технологиялар нарығы: микроэлектроникалар, жасанды интеллект, кванттық есептеулер мен  энергетика. 1960 жылдары әлемдік Жалпы Ішкі Өнімде (ЖІӨ) Қытай үлесі 4%-дан төмен болса, 2021 жылы ол 18,5%-ға жетті. Атаулы ЖІӨ бойынша Қытай 20 жылдан бері әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші экономика. Бұл текетірес түптің түбінде ғаламдық тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін. Соңғы 500 жылда жаңа дамушы мемлекеттер үстемдік құрушы елдермен 16 рет тайталасып, күш сынасқан. Соның 12-сі соғыспен аяқталыпты.

№ 4 ғалами үрдіс. Банк әлемі

Банктер тік біріктірілген бизнес-модельден көлденең біріктірілген бизнес-модельге көшеді: экожүйелер құрады, инфрақұрылымдарды жалға береді және жалға алады. Бигтех компаниялардың қатысуымен цифрлық валюталар пайда болады. Орталық банктер транзакциялық бизнес пен ақша сақтау ісінде коммерциялық банктерді ығыстырады. Криптовалюталар келмеске кетеді. Несие беру нарығына ірі IT-компаниялар шығады. Big-data-тің арқасында олардың өнімдері қолайлы және жеке адамға бейімдетіле түседі. P2P несие беру ісі қайта дамиды. Банктер мүдделі бизнестермен, қаржы және бигтех-компаниялармен келісімдер жасасып, жаңа мүмкіндіктерге ие болады.

№ 5 ғалами үрдіс. Коммуникация және виртуалдандыру

1984 жылы алғашқы интернет желісіне шамамен 1 000 құрылғы қосылған еді. 2005 жылы олардың саны 500 млн-ға жетті. Бүгінде әрбір секунд сайын шамамен 20 млрд құрылғы желіге деректер жібереді. Алдағы 10 жылда олардың саны 500 млрд-қа дейін көбейеді. Жаңа байланыс технологиялары арқылы алыс өңірлер қамтылып, деректер жіберу сапасы артады. Энергия аз тұтынылып, тиімділігі арта түседі. 2025 жылы адамдар цифрлық деректермен орта есеппен әрбір 18 секунд сайын жұмыс істейді: деректердің 20%-ы нақты уақыт режімінде туындайды, ал 95%-ы IoT құрылғыларынан келіп түседі. Тек соңғы 10 жылдың ішінде деректер жіберудің трансшекаралық желісінің сыйымдылығы 45 еседен астам өсті. Болжам бойынша алдағы 5 жылда тағы 10 есеге артады. Виртуалды болмысқа бойлататын әлемдік нарық мөлшері 2035 жылға қарай 1.2 трлн АҚШ долларына жетеді. Мысалы, 2018-2021 жж. мұнда патенттер саны 2 есе өсті. 2021 жылы AR/VR стартаптарына салынған инвестиция 3,9 млрд долларға жетті. Көп салада аралас болмыс құралдары қолданылады. Мысалы, VR технологиясы клиентке тауарды виртуалды кеңістікте «шақтап» көруге жол ашса, AR – камераны бағыттау арқылы адамға анимациялы 3D-нысанды көруге мүмкіндік береді. 2050 жылға қарай күнделікті жұмыстардың 50%-ын роботтар атқарады, мамандықтардың 50%-ы өзгереді, адамдардың 50%-ы қашықтан жұмыс істейтін болады.

№ 6 ғалами үрдіс. Биотөңкеріс

Биоинженерия медициналық проблемаларды шешуге қолданылады. Жаңа технологиялар құнарлы әрі анағұрлым арзан, жасанды тағамдарды жасауға мүмкіндік береді. Нейропротездеу тәсілі арқылы адамды емдеуге және түрін өзгертуге болады. Зақымдалған немесе жоқ органдардың орнына жаңа органдар ДНҚ көмегімен өсіріледі. Гендік терапия аурулардың алдын алуға және емдеуге мүмкіндік береді. Дің жасушаларынан синтетикалық ұрықтар өсіріледі. Қазірдің өзінде тышқандарға зерттеулер жүргізілуде. Алғашқы зерттеу нәтижесі: жаңа ми өсіп, жүрек соға бастады. Биоинженерия көмегімен алынатын әлемдік өнімдердің үлесі 60%-дан асады. Аурулардың 45%-ы биоинженерияның көмегімен емделеді. Сондай-ақ 2030 жылға қарай  мал етіне сұраныс 70%-ға азаяды. Ал басқа азық-түлікке сұраныс 35%-ға артады.

№ 7 ғалами үрдіс. 2.0 адам

Адамдар едәуір төзімді және ақылды бола түседі әрі қазіргіге қарағанда айтарлықтай ұзақ өмір сүреді. Әлеуметтік жағдайы жақсарады. Жыныстар арасындағы алшақтық жойыла бастайды, адамдар тапсырыс бойынша биозертханаларда туылады. Қазіргі аурулардың көбісі оңай емделеді, бірақ ділдік аурулар саны артады. Қалаға шоғырлану үрдісі төмендейді.

3.0 адам: Цифрлық мәңгі өмір

Кез келген биологиялық дене тозады, ал өлместіктің ықтимал жолдарының бірі – адамның миын не сана-сезімін компьютерге (басқа да жасанды денеге) өткізу екен. Қазірдің өзінде миды сканерлеу технологиясы дамуда. 2014 жылы OpenWorm жобасы аясында құрттың миы сканерленді. Сөйтіп құрт секілді жылжитын Lego роботы үшін бағдарламалық жасақтама ретінде өңделді. Бірақ құрттың миында 302 нейрон ғана бар. Ал адам миы 100 млрд жуық нейроннан тұрады. Метағалам мен есептеу қуаттарының дамуына қарай, адам өмірі біртіндеп цифрлық әлемге енеді. Онда нақты дене керек болмай қалады-мыс.

Ақпарат көзі: abai.kz/post/163940

Оқуды ұсынамыз
20 Қаңтар 2023

19 Қаңтар 2023

18 Қаңтар 2023