Abai.kz: Қымбатшылық қысып тұр

Әлемді жайлаған инфляция барған сайын асауланып, бас бермей, үдеп барады. Ресми дерек осылай дейді. Ел билігі мен Ұлттық Банк оны барынша ауыздықтап, тұқыртып, тізгінді қолдан шығармауға тырысуда. Бір нәрсе белгілі. Қазіргі нарық заманында әлемде ешбір мемлекет кең ауқымды сыртқы факторлардың ықпалына, әсеріне тосқауыл бола алмайды.

Әрине, елімізде бағаларды тежеу үшін тиісті мемлекеттік шаралар қолданылып жатыр. Бірақ соған қарамастан, қымбатшылықтың қысымы күшейе түсетіндігіне қатысты халықтың ішкі түйсігі, сенімі нығая түскен. Адамдар жүзеге асырылып жатқан шаралардың уақытша сипатқа ие екендігін жақсы түсінеді.

“Геосаяси шиеленістер, Ресейге қарсы жарияланған санкциялар, халықаралық тауар жеткізу жолдарының мәжбүрлі түрде өзгеруі, логистиканың қиындауы, Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінде инфляцияның өршуі, теңгенің әлсіреуі халықтың тұтыну қоржынына енетін тауарлардың барлығының қымбаттауына әкеп соқты. Әлемдік экономиканың ғаламдық сипатта құлдырайтыны туралы болжамдар мұнай бағасының түсуіне де әсер етті. Brent маркалы мұнай бағасы соңғы бір ай ішінде бір баррель үшін 5.7%-ға, яғни 109.0 долларға дейін төмендеп кетті”, – дейді Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы Айжан Әлибекова. Оның айтуынша елімізде маусым айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 14.5%-ға жетті. Мамыр айында ол 14.0%-ды құрған еді. Инфляцияның өсуі оның барлық құрамдарында орын алды. Мысалы, азық-түлік және азық-түліктік емес тауарлардың бағасы маусым айында жылдық тұрғыда сәйкесінше 19.2%-ға (мамырда – 19.0%) және 13.2%-ға (11.9%) өсті. Бұл ретте маусым айында азық-түлік тауарлары мен азық-түліктік емес тауарлар бағасының өсімі соңғы бір ай ішіндегі өсімі бірдей көрсеткішті құрады: 1.9%.

Жалпы азық-түлік тауарлары бойынша әлемдік баға жаз мезгіліне байланысты аздап түскенімен, оны тұрақты деп айтуға болмайды. Азық-түліктің қымбаттауына әсіресе қант пен дәнді дақылдардың бағалары әсер етуде. Бұл ретте дәнді дақылдарға қатысты әлемдік бағалардың біртіндеп түсіп жатқанына қарамастан, нан-тоқаш бұйымдары мен жарманың бағалары соңғы айда 3.0%-ға (бір жылда – 23.6%) өсті. Ет және сүт өнімдері өндірістік шығындар (жемдік астық, құрама жем) бағасының өсуіне байланысты қымбаттады.

Қант бағасы соңғы бір айда 12.8%-ға (бір жылда – 77.7%) өсті. Ол қысқа азық дайындау науқанының басталуына (мысалы, тосап қайнату) және ішкі нарықта жетіспеушілігіне байланысты қымбаттауда.

“Ақылы қызметтердің жылдық инфляциясы 9.2%-ға дейін өсті. Оның үстіне жаз мезгілінде ақылы қызметтердің көптеген түрлеріне сұраныс артатыны белгілі. Бұл ретте коммуналдық қызметтер бойынша тарифтердің өсуіне қарсы жарияланған мораторийдің арқасында ақылы қызметтердің бағасы тежеліп тұр. Мораторий осы шілдеде аяқталады. Одан соң, коммуналдық қызметтердің бағасы өсуі бек мүмкін. Мысалы, Табиғи монополияларды реттеу бойынша комитет басшысының жасаған мәліметінше биыл жыл соңына дейін электр қуаты тарифтерінің 10-15%-ға өсетіндігін күте беруге болады”, – дейді Jusan Analytics талдаушысы.

Өңірлік тұрғыдан алып қарағанда, Шығыс Қазақстан облысын қоспағанда, 2022 жылдың маусымында барлық облыстар мен республикалық маңызға ие қалаларда жылдық инфляцияның қарқыны үдей түсті. Бұл ретте жылдық инфляцияның ең жоғары өсу қарқыны Маңғыстау (+1.8%) және Ақмола облыстарында (+1.4%) тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар облысында жылдық инфляцияның өсу қарқыны өткен аймен салыстырғанда бәсеңдегені байқалады (+0.2%).

Ең жоғары айлық өсім мына облыстарда тіркелді:
• Маңғыстау облысы – 2.6%,
• Жетісу және Атырау облыстары – 2.4%,
• Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары – 2.2%.
Инфляцияның ең төменгі деңгейі мына облыстарда тіркелді:
• Түркістан облысы – 1.1%,
• Абай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы – 1.3%.

ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) ресми деректеріне сүйенсек, Қазақстанда инфляциялық үдерістер әрі қарай қарқын алады. Ұлттық Банктің биыл инфляция бойынша болжаған межесі 13.0-15.0% болатын. Қазіргі жағдайға қарасақ, инфляцияның бұл межеден асып кету қаупі бар.

“Қорыта келе айтар болсақ, инфляциялық қысымды тежеу және ұлттық валютаның тартымдылығын арттыру үшін Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені біртіндеп, бірқалыпты деңгейде көтергені абзал. Біздің пікірімізше, жақын арада ішкі және сыртқы нарықтарда еңсені басқан инфляцияны еңсеретіндей алғышарттар табыла қоймайды. Демек біздің болжамымыз бойынша инфляция әрі қарай үдейді және оның деңгейі Ұлттық Банк ұсынған болжамдық межеден жоғары болады. Осының барлығы монетарлық талаптарды одан әрі қатаңдатуға сұранып-ақ тұр”, – деді сөз соңында Айжан Әлибекова.

Ақпарат көзі: abai.kz/index.php/post/154844

Оқуды ұсынамыз
17 Наурыз 2023

16 Наурыз 2023

7 Ақпан 2023