Halyq-uni.kz: «19 өнім ағзаның қажетін өтей алмайды». Нутрициолог әлеуметтік азық түрлерін көбейту керектігін айтты

Ұлттық экономика министрінің 2016 жылы бекіткен «Тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларын бекіту туралы» №503 бұйрығында адам ағзасының минималды қажеттілігін қамтамасыз ететін 83 өнім бар. Мамандардың пікірінше, соның тым болмаса жартысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік (ӘМАТ) тізімінде болса, қарапайым халық үшін ең қажетті деген азық түрлерінің көбі қолжетімді болар еді деген пікірде. Оның орнына Үкімет қаулысымен ӘМАТ тізіміне тек 19-ы ғана кірген.

«19 ӨНІМ АҒЗАНЫҢ ҚАЖЕТІН ТОЛТЫРА АЛМАЙДЫ»

Нутрициолог, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің доценті Айдар Бердіғалиетің айтуынша, тиімді, үйлесімді ас мәзірін құрастыру үшін ӘМАТ тізімін ұлғайту керек. Ал бізде оның орнына тізімдегі 83-тен 19-ы ғана алынып отыр. Оның өзінде де сол айтылған 19 өнім адам ағзасына керекті барлық заттектерге бай емес.

Қазіргі кезде өндірілетін көкөніс, жеміс-жидектің бәрінің химиялық құрамы зерттеулерге сәйкес келмейді. Зертханалық зерттеулер кезінде оның құрамындағы тағами заттектер – дәрумендер мен минералдар тағам өнімдерінің химиялық кестесімен салыстырғанда әлдеқайда төмен, яғни адам ағзасының табиғи қажеттілігін қамтамасыз ете алмайды, дейді маман.

Айта кетейік, қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімі мынадай:

  • І сұрыпты бидай ұны;
  • Қалыпты нан (І – сұрыпты бидай ұнынан жасалған);
  • Түтік кеспе;
  • Қарақұмық жармасы;
  • Күріш жармасы;
  • Ақ картоп (іріктеу 50 мм, өлшенген, қапқа салынбаған);
  • Сәбіз;
  • Пияз;
  • Ақбас қырыққабат;
  • Қант;
  • Күнбағыс майы (тазартылған, 1 л);
  • Сиыр еті (жауырын-кеуде тұсы);
  • Тауықтың сан еті;
  • Сүт (2,5%, 900 мл, жұмсақ қаптамада);
  • Айран (2,5%, 925 мл, жұмсақ қаптамада);
  • Сары май (72,5%, 1 кг);
  • Тауық жұмыртқасы (1-сұрып);
  • Сүзбе (5%, 200 гр.);
  • Тұз.

Ғалымның сөзінше, негізгі себебі, заманауи агротехнологиялар қолданылатындықтан, ондай өнімдер дәрумендер мен минералдарға бай болмайды. Сол үшін де көкөністерден, жемістерден және басқа да өнімдерден әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне тағы қосу керек. Әлгі айтылған 503-бұйрықтағы 83 өнімнің кем дегенде жартысына әлеуметтік маңызы бар өнім деген мәртебе беріп, бағасын қадағалау керектігін айтады.

Маманның ойынша, ӘМАТ тізімін көбейтпеудің себебі, кәсіпкерлердің табысына кері әсер етеді. Яғни, мемлекет өндірушілерге ауыртпалық салмас үшін тізімді көбейтпей, шығынды тұтынушының қалтасына салып отыр.

Жалпы, ӘМАТ тізіміне кіретін халықтың минималды қажеттілігін қамтамасыз ететін нормалар әр 5 жыл сайын қарастырылып тұру керек. Бірақ, соңғы бекітілгелі бері 6 жыл өтсе де ол нормалар әлі қарастырылмай отыр.

«ДАСТАРХАН» ИНДЕКСІ МЕН РЕСМИ СТАТИСТИКА ЕКІ ТҮРЛІ

Қазақстандықтардың ас мәзіріне келгенде де ресми статистика мен тәуелсіз талдаушылардың мәліметі сәйкеспейді. Оған Jusan Analytics зерттеу орталығы жасаған «Дастархан» индексін мысал етуге болады. Олар халық көп тұтынатын маңызды азық-түлік түрлерінің бағасын ескере отырып, қазақстандықтардың жеке инфляциясын есептеп отырады. Онда қазақстандықтар мейлінше жиі қолданатын 5 тағам түрін (сорпа, көкөніс салаты, ет, бауырсақ, жент және сүт қосылған шай) дайындау үшін азық-түлік тауарларының 17 түрі қолданылады (еттің 3 түрі, күнбағыс майы, сары май, көкөністің 5 түрі, жұмыртқа, ұн және тары, сүт, қант, шай және ашытқы).

Орталық талдаушысы Айжан Әлибекованың айтуынша, «Дастархан» индексіне қажетті азық-түлік қоржынын әзірлеу барысында ӘМАТ-ның құрамын барынша қамтуға тырысқан.

Дегенмен біздің азық-түлік қоржынымыздың құрамында Үкімет қабылдаған тізімнен аздап ауытқушылық бар. Яғни, толығымен қамтымайды. Соған қарамастан, Ұлттық статистика бюросының тұтыну бағалары индексіне енетін азық-түлік себетінің елеулі бөлігін қамтитындықтан, «Дастархан» индексі белгілі бір дәрежеде жеке инфляция деңгейін көрсете алады деп сеніммен айтуға болады, дейді сарапшы.

Ескеретін бір жайт, «Дастархан» индексі Алматы мен Астана тұрғындарының жеке инфляциясын және орташа жалақыларының сатып алу қабілетін бағалау үшін есептеледі. Индекстегі азық-түлік өнімдерінің бағалары Алматы мен Астанадағы қолжетімді деген барлық азық-түлік дүкенінен алынған.

Ет өнімі бойынша сүйексіз жұмсақ еттің бағасы алынады. Ал ҰСБ-да сүйегі бар еттің бағасы есептеледі. Сол үшін де баға жөнінен айырмашылық бар. Ал басқа өнімдер бойынша ресми азық-түлік себетіндегі азық-түліктердің сапасына толығымен сәйкес келуіне жіті көңіл бөлдік, дейді маман.

Олардың мәліметінше, өткен тамыз айының қорытындысы бойынша «Дастархан» индексіндегі тағамдар топтамасын дайындауға кететін азық-түлік өнімдерінің бағасы Алматыда 1 порцияға 2 291 теңгені (ҰСБ: 1604 теңге), Астана – 1860 тенгені (ҰСБ: 1685 теңге) құраған.

Айта кетейік, Ұлттық банктің өткен айдағы мәліметінше, елдегі орташа инфляция деңгейі – 16,1%, оның ішінде азық-түлік инфляциясы – 20,8%.

Еnergypеrom.kz мәліметінше, өткен айда ӘМАТ түрлері былтырғы салыстырмалы кезеңге қарағанда 18,1%-ға қымбаттаған еді. Ең көбі Ақтауда (21,2%), Жезқазғанда (20,5%) және Оралда (20,4%) байқалған. Ал өнімдердің ішінде құмшекер (92,7%), басты пияз (55,5%), қарақұмық жармасы (26,5%) мен тауық етінің (23,5%) бағасы шарықтаған.

Ақпарат көзі: halyq-uni.kz/saraptama/9455-19-onim-agzanyn-kazhetin-toltyra-almaidy-nutritsiolog-leumettik-azyk-turleri-tizimin-ulgaitu-keregin-aitty/

Оқуды ұсынамыз
17 марта 2023

16 марта 2023

7 февраля 2023