Stan.kz: Жаһан және Қазақстан экономикасын қандай сын-қатерлер күтіп тұр – Jusan Analytics

Қазақстан экономикасының ертеңі не болмақ? Инфляция және басқа жа жаһандық сын-қатерлерден қалай аман шығуға болады? Осы және өзге де экономика, қаржы мәселелеріне арналған сұрақтарды мамандар Jusan Analytics алаңында талқыға салды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласында Jusan Bank АҚ-ның ұйытқы болуымен экономикалық диалог өтті. Аталған пікірталасқа мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық қаржы ұйымдарының мамандары мен академиялық сараптамалық қоғамдастық және іскерлік БАҚ өкілдері қатысты.

Одан бөлек, аталған шарада экономикаға қатысты өзекті жайттарды талқылап, шешім ұсынуда бизнес өкілдері де өз үлестерін қосты.

“Біз бүгінгі кездесуді кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Қаржыгерлер және ұлттық валюта күніне орайластырдық. Бұл айтулы мереке, баршаңызды осы күнмен құттықтаймын. Біз бүгін макроэкономика, несие саясаты, экономиканың нақты секторын қаржыландырудың проблемалары мен перспективалары туралы, сондай-ақ әлеуметтік-демографиялық мәселелерге тоқталамыз. Әріптестеріммен бірге жаһандық экономикаға қауіп төндіретін 7 сын-қатерді анықтадық. Соның ішінде маңызды деген үш бағыт бойынша сөйлессек. Бірінші, әлемдік инфляцияның өсуі. Бұл жерде ішінара бірнеше фактор бар. Алдымен соңғы 10-15 жылда ақша-несие саясатының жұмсаруы, әсіресе пандемиядан кейін. Екінші, өндірістік және логистикалық байланыстың үзілуі. Біз оны әсіресе 2020-2021 жылдары қатты сезіндік. Үшінші, әлемдік инфляцияның өсуіне ықпал еткен геосаяси жағдайлар”, – деді Jusan Bank АҚ-ның атқарушы директоры Әнуар Қуандықов.

Спикердің болжамынша, 2023 жылы жаһандық экономика жағдайы одан әрі нашарлай түсуі мүмкін.

“Екіншіден, жаһандық экономиканың өсуі бәсеңдеп, жекелеген елдердің теріске кетіп жатқанын көріп отырмыз. Үшіншіден, мемлекеттік қарыз көлемінің көбеюі. Бұл қарыз дағдарысы бойынша тәуекелге әкеліп отыр. Біздің бақылауымызша 80 елдің 60-да инфляция екі есе артқан. Ал 28 елде 4 есе артты. Соңғы 5 жылда экономикалық өсу бойынша 20 елде кері ауытқу бар. Біз осы екі тізімді салыстырып, 15 елде инфляцияның жоғары қарқында өсуі мен экономиканың құлдырауын көрдік. Бұл жаһандық экономиканың 41%-ын құрайды”, – деді ол.

ҚР Ұлттық банкі ақша-несие саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин бүгінде инфляцияның жоғары қарқынмен өсіп жатқанын жасырмады.

“Инфляцияның өсуі жедел түрде жүріп жатыр. Баға курсының лезде өсуі қосымша соққы беруде. Қыркүйекте саяси жағдайдан яғни Ресей азаматтарының елімізге ағылып келуі инфляцияның өсуіне ықпал жасап, ақша-несие саясатына айтарлықтай қауіп төндірді. Жалпы жаһандық экономиканың құрылымы белгісіздіктің, инфляцияның өсуі жағдайында өзгеретініне көз жеткізіп отырмыз. Яғни ақша-несие саясатына төнетін сын-қатерлер артып келеді. Дегенмен аталған қиындықтарға қарамастан, орталық банктердің мандаты мызғымас, негізгі және баға тұрақтылығында бұрынғыдан да көп екенін көреміз. Егер бізде ол тұрақтылықтар болмаса, онда экономика ешкімге жұмыс істемейді. Баға тұрақтылығы әрқайсымызға игілік әкеледі” – деді Рүстем Оразалин.

Ұлттық банк өкілінің мәлімдеуінше, қазір баға тұрақтылығын қалпына келтіру біраз уақыт алады және орталық банктердің өз мүмкіндіктерін қатаң пайдалануын талап етеді.

“Бүгінгі таңда Қазақстанда инфляциялық күтулер нақтыланбаған. Ол үй шаруасындағы адамнан бастап, кәсіпорындар мен нарық қатысушыларына да қатысты болып отыр. Бұл болашақта инфляцияның одан әрі өсуіне және ақша-несие саясаты тарапынан тиісті реакцияның болуына елеулі себеп. Егер жұртшылық болашақта инфляция төмен және тұрақты болады деп күтсе, ол ықтимал”, – дейді Ұлттық банк өкілі.

Өз кезегінде “Talap” қолданбалы зерттеулер орталығы директорының орынбасары Асқар Қисықов еліміздің сыртқы қарызына қатысты деректер келтірді.

“Қазақстанның мемлекеттік қарызы төмен деп айтпас едім. Егер бізде бар активтер бойынша өлшейтін болсақ, ұлттық қор және басқалар бойынша қарыз өте жоғары. Менің ойымша, қазір яғни валюта курсы үнемі секіріп отырған жағдайда қарыз алу мүлдем қажет емес. Ал біздің келесі жылға арналған бюджетте сыртқы қарызды өтеуге 1,8 трлн теңгені қаралған. Бұл айтарлықтай қаражат. Осы орайда сыртқы қарызды азайту керек. Ұлттық банк өкілінің сөзіне қарағанда сұраныс артып келеді. Бірақ сұраныс номинал бойынша өсуде, ал халықтың табысы сол қалпында”, – дейді ол.

Сондай-ақ, маман дамыған елдердегі базалық ставка мөлшерін үлгіге алды.

“Дамыған елдерді алып қарасақ, олар теріс пайыздық мөлшерлемелерден қорықпайды. Мысалы, АҚШ-та инфляция 8,5, ал ставка 2%-ды құрайды. Еуропа елдерінде инфляция 10%, ставка шамамен 1-2%. Ал көрші Ресейде де 7,5%-ды көрсетуде. Бізде Ұлттық банк инфляцияны базалық ставканы өсіру арқылы қуып жетуге тырысады. Меніңше, бұл әдіс жұмыс істемейді”, – деді А. Қисықов

Ақпарат көзі: stan.kz/zhahan-zhane-kazakstan-ekonomikasin-kanday-sin-katerler-373204/

We recommend reading
15 November 2022

14 November 2022

14 November 2022