Qazaquni.kz: Елімізде инфляцияның қарқыны қандай?

2022 жылдың мамырында елімізде жылдық инфляция 14.0%-ға дейін өсті. Сәуір айында бұл көрсеткіш 13.2%-ды құраған еді. Ал Ұлттық Банктің таргеттеген (көздеген) инфляция деңгейі биыл – 4-6%. Бұған қарап, инфляцияның шынында да үдей түскенін байқауға болады.

Бағаның өскендігі халықтың тұтыну себетінің барлық бөлігінде байқалуда. Бұл жерде инфляцияның өршуіне әсіресе азық-түлік тауарларының жылдық өсімі қатты әсер етуде:

• азық-түлік тауарлары – 19.0% (сәуірде 17.9%),

• азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 11.9% (11.1%),

• көрсетілетін ақылы қызметтер – 9.1% (8.9%).

Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсімі (+19.0%) тауық жұмыртқасы бағасының төмендегенін қоспағанда, барлық дерлік азық-түлік тауарларында байқалуда. Әсіресе бағалардың айрықша өскендігі ет бағасында (14.6%), сүт өнімдерінде (18.7%), нан-бөлішке өнімдері мен жармада (20.8%), көкөністер мен жемістерде (26.2%), қант және басқа да кондитерлік өнімдерде (32.0%) орын алды.

“Қант мәселесіне келер болсақ, оның нарықтағы тапшылығы және халықтың дүрлігіп, жапа-тармағай қант сатып алуға ұмтылуы қанттың жылдық тұрғыда 59.9%-ға қымбаттап кетуіне әкеп соқты” – дейді Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы Айжан Әлибекова. Оның айтуынша елімізде қант бағасының күрт қымбаттап кетуінің басты себебі – әлемдегі геосаяси ахуал, яғни Украинадағы әскери қақтығыс және оның салдары.

“Ресей 2022 жылдың наурыз айының ортасынан бастап, шетелге қант шығаруға уақытша шектеу қойды. Сәйкесінше елімізде қант бағасы қымбаттай бастайды. Өйткені Ресей – Қазақстанға ең көп қант экспорттаушы ел” – деді Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы.

Ет бағасының өсуі жемдік астық бағасының өсуіне тәуелді екені белгілі. Еске салсақ, өткен жылы астық өнімі төмен болды. Биыл да төмен болады деген болжам бар. Сол үшін дәнді дақылдар бағасының қымбаттығы сақталуы мүмкін. Сәйкесінше ет бағасы да арзандамайды деген сөз.

Айжан Әлибекова өз кезегінде дәнді дақылдардың бағасы ет, сүт өнімдері, ұн және нан-бөлішке өнімдері бағасына да тікелей әсер ететіндіктен, бұл өнімдердің бағасы қымбаттамаса, арзандамайтындығын ескертті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша (+11.9%) жылдық тұрғыда елеулі баға өсімі жеке пайдалануға арналған тауарларда (19.5%), тұрмыстық құрал-жабдықтарда (20.2%), мотор майында (21.6%) және дизель отынында (41.5%) байқалды. Тек сұйытылған газ (0.2%) бойынша ғана баға Үкіметтің бекіткен шекті бағасына байланысты аздап төмендеді. Мамыр айында азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны аздап үдей түсті. Сөйтіп 1.4%-ды (сәуірде – 1.2%) құрады.

Айта кетелік, жеке пайдалануға арналған тауарлар (4.3%),

жуғыш және тазартқыш заттар (3.7%), киім-кешек және аяқ киім (1.5%) бағаларының да өскендігі байқалды.

Мамыр айында жанар-жағар май материалдарының бағасы 1.4%-ға, оның ішінде бензин бағасы – 0.2%-ға төмендеді. Дизель отынының бағасы бұрынғы деңгейінде қалды.

Ақылы қызмет саласында (+9.1%) бағаның айтарлықтай жылдық өсімі әсіресе амбулаторлық қызметтерде (12.8%), мейрамхана және қонақ үй бизнесі (14.4%) және тұрғын үйді жалдау қызметінде (24.0%) байқалды.

“Ақылы қызметтердің бағасының өсуі пандемия кезінде енгізілген шектеулерден кейінгі тұтынушылық сұраныстың қайта қалпына келуімен түсіндіруге болады” – дейді Jusan Analytics орталығының талдаушысы. Ол коммуналдық қызметтердегі тарифтердің өсуіне қойылған мараторий осы саладағы бағалардың өсуін тежеуге ықпал етуде деп санайды. Шынында да ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, өткен айда ыстық су бағасы – 0.9%-ға, суық су – 0.2%-ға және су бұру – 0.5%-ға төмендегені байқалады.

Ел өңірлері тұрғысынан алып қарағанда, 2022 жылдың мамыр айында инфляцияның (оның еліміз бойынша өсімінің орташа мәнінен асатын) ең жоғары өсу қарқыны 4 өңірде байқалады. Бағалардың барынша өсуі мына облыстарда тіркелді:

• Маңғыстау облысы – 2.2%,

• Батыс Қазақстан облысы – 1.9%,

• Қарағанды және Атырау облыстары – 1.7%.

Қызылорда облысы, Шымкент және Алматы қалаларында тұтыну себеті бағасының өсу қарқыны жалпы республикалық көрсеткішке сәйкес келеді.

Инфляцияның ең төмен деңгейі мына өңірлерде орын алды:

• Жамбыл облысы – 1.0%,

• Түркістан облысы – 0.9%,

• Ақмола облысы – 0.8%.

Қазір бүкіл әлемде инфляциялық үдерістер біртіндеп күшейіп, өсуін жылдамдатып жатыр. Бұл жалпы әлемдік үрдіске айналды.

“Ішкі инфляцияның одан әрі өршуіне ықпал ететін басты қауіп-қатерлер – жалпы әлемдік инфляциялық ахуал және геосаяси қақтығысқа қатысты жағдайдың белгісіздігі. Атап айтар болсақ, Украинадағы әскери қақтығыс аясында энергия тасымалдаушыларға, азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты әлемдік бағалардың өскендігі ішкі инфляцияға тәкелей әсер етеді” – деді Айжан Әлибекова.

Бағалардың өсуіне ең ірі мұнай экспорттаушы елдердің бірі – Ресейге қарсы енгізілген санкциялар төңірегінде мұнай ұсыну бойынша тапшылық болатындығы туралы болжамдар да ықпал етуде. Баға бір баррель үшін 117.9 долларға дейін көтерілді. Бұл сәуірдегі көрсеткіштен 9.3%-ға жоғары.

“Егер қосымша жағымсыз жайттер орын алмаса, біздің болжауымызша инфляция биылғы жылдың соңына қарай 14-15% шамасында болады” – деп қорытындылады сөзін Jusan Analytics сарапшысы.

Ақпарат көзі: qazaquni.kz/kogam/160473-elimizde-inflyaciyanyn-qarqyny-qandai

We recommend reading
15 November 2022

14 November 2022

14 November 2022