NewTimes.kz: Алматыда азық-түлік тауарларының бағасы елордаға қарағанда айтарлықтай жоғары

Инфляция бүгінде қоғамда жиі ауызға алынатын ұғымға айналды. Ол туралы күн сайын неше түрлі мақалалар, статистикалар жарық көруде. Алайда адамдар инфляция туралы ресми статистикаға сене бермейді, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.

Әрбір адам мұндай мәліметтерге өз тұрғысынан, яғни өзінің жеке инфляциясы тұрғысынан қарайды екен.

«Жеке инфляция — адамның жеке тұтыну себеті, яғни күнделікті пайдаланып жүрген азық-түлігі негізінде қалыптасады. Әрине, жеке тұтыну себетіне адамның тұрғылықты ортасы және дәмдік талғамы әсер етеді. Жеке инфляцияны есептеп шығару арқылы әрбір адамның, қала берді бүкіл халықтың сатып алу қабілетін анықтауға болады. Әсіресе отбасының бюджетін жоспарлағанда немесе қандай да бір қымбат бұйым сатып аларда оны білу өте маңызды», ― дейді Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы Айжан Әлибекова.

Оның айтуынша бір тауардың немесе тауарлар топтамасының бағаларының өзгеруіне қарап, бүкіл елдегі инфляция туралы тұжырым жасауға әсте болмайды. Ол үшін алдымен жеке инфляцияны есептеп шығару керек.

«Осы проблеманы шешу үшін және отандастарымызға инфляциялық үрдістерді жете түсіндіру үшін біз жаңа Дастархан индексін әзірлеп шығардық. Мұнда басты мақсат — халық арасында ең кең тараған азық-түлік топтамасы негізінде халықтың жеке инфляциясы мен сатып алу қабілетін анықтау. Әзірге Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары таңдап алынды. Болашақта еліміздің басқа да өңірлерін қамтитын боламыз», — дейді талдаушы.

Дастархан индексін есептеу үшін қазақстандықтардың ең жақсы көретін ұлттық тағам түрлері таңдап алынды:

  • Сорпа (бірінші тамақ);
  • Бесбармақ (екінші тамақ);
  • Көкөніс салаты;
  • Бауырсақ;
  • Жент (десерт);
  • Сүт қосылған шай (сусын).

Мұны бір адамға арналған бір реттік түскі ас деуге болады. Оны дайындауға азық-түліктің көптеген түрі қолданылады. Яғни азық-түлік себетінің елеулі бөлігін қамтиды деген сөз. Сәйкесінше бұл тағам белгілі бір дәрежеде жеке инфляция деңгейін анықтап бере алады.

Jusan big-data деректері бойынша өткен маусым айында Дастархан индексінің бағасы Алматыда 2 055 теңге (ресми статистика бойынша – 1 607 теңге), Нұр-Сұлтанда 1 807 теңгені (1 671 теңге) құрады.

Дастархан индексін есептеу үшін қарапайым формула қолданылады. Яғни еліміздегі ағымдағы орташа жалақы дастарханға қойылған жоғарыдағы тағамдардың жалпы бағасына бөлінеді. Нәтижесі:

  • Алматы тұрғыны үшін Индекс Дастарханның 159 порцияны құрайды (ресми деректер бойынша – 204)
  • Астана тұрғыны үшін – 203 Дастархан порциясы (219).

«Мұнда салыстыру мақсатында тағамдар бағасы ресми статистика, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Алматыда бөлшек саудамен айналысатын ірі мекемелердің бағалары негізінде Jusan big-data дерегі бойынша, ал жалақы деңгейі Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) бойынша анықталады. Дастархан индексінің нәтижесіне қарап, алматылық тұрғынның орташа жалақыға маусым айында 159 порция сатып алуға, ал елордалық тұрғынның 203 порция сатып алуға мүмкіндігі болғанын анықтауға болады», – дейді Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы.

Дастархан индексі бойынша азық-түлік жиынтығының бағасы ҰСБ келтірген деректерге қарағанда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 7,9%-ға, ал Алматы қаласы бойынша 27,9%-ға жоғары. Сондай-ақ Дастарханның топтамасына енген азық-түлік тауарларының айлық инфляциясының деңгейі ҰСБ ресми деректері бойынша маусым айында Алматыда 1,3%-ды, елордада 0,8%-ды құрады. Ал Jusan big-data деректері бойынша инфляция Нұр-Сұлтанда – 4,6%-ды, ал Алматыда – 0,2%-ды көрсетті.

«Есептеу нәтижелеріне сәйкес бағалардың өзгеру қарқыны бойынша Jusan Analytics пен ҰСБ келтірген деректер арасында елеулі алшақтық бар (Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – (+3.8п.т), Алматы – (-1.1п.т). Демек Алматыда азық-түлік тауарларының бағасы елордаға қарағанда айтарлықтай жоғары. Бұдан елордалықтардың сатып алу қабілеті алматылықтарға қарағанда жоғары деп тұжырым жасауға болады. Алдағы айларда біз Дастархан индексін апта сайын жариялайтын боламыз», – деді сөз соңында Айжан Әлибекова.

Ақпарат көзі: newtimes.kz/obshchestvo/152922-almatyda-azy-t-lik-tauarlaryny-ba-asy-elorda-a-ara-anda-ajtarly-taj-zho-ary

We recommend reading
17 March 2023

16 March 2023

7 February 2023