Naryk.kz: 2022 жылғы басты экономикалық оқиғалар

2023 жылы нені басты назарда ұстау керек?

2022 жылы инфляция 40 жылдық үзілістен кейін ғаламдық экономикалық дамудың басты кедергісіне айналғаны сөзсіз. Дамушы елдерді айтпағанның өзінде әлемнің дамыған елдерінде: АҚШ-та, еуроаймақта және Ұлыбританияда бағалардың өсуі 10%-ға жетті.

АҚШ бағаны түсіру мақсатында мұнайдың стратегиялық қорының бір бөлігін нарыққа шығаруға мәжбүр болды. Еуропада электр қуатының қымбаттауына байланысты тұрғындарға көмекқаржы беріле бастады. Орталық банктер инфляциямен күресу мақсатында пайыздық мөлшерлемелерді өсіруде.

Ал Қазақстанда 2022 жыл экономикалық тұрғыда несімен есте қалды? Енді 2023 жылдан не күтуге болады? Нені басты назарда ұстау керек? Осы және өзге де сұрақтарға «Jusan Analytics» командасы жауап іздеген болатын.

«Қазақстанда жоғары инфляция және жергілікті жерлерде бағалардың күрт өсуі қалыпты жағдайға айналғаны белгілі. Бірақ соның өзінде еліміз қымбатшылыққа қатысты төтенше жағдайға тап болды: ішкі құрылымдық мәселелерге ғаламдық инфляциялық толқын келіп ұрынды. Сол себептен бағалар соңғы 22 жыл ішінде шарықтау шегіне жетіп, жыл қорытындысы бойынша 20-пайыздан асып кетті», – дейді «Jusan Analytics» зерттеу орталығының басқарушы директоры Әнуар Қуандықов. Оның айтуынша 2022 жылы Қазақстанның Ұлттық Банкі экономиканың мардымсыз өсімінің қысымына төтеп беріп, өзінің инфляцияға қатысты ұстанымын сақтап қалды. Алайда мемлекет фискалды бағдарламаларды көптеп қабылдап, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді қаражаттандырып жатса да, жалпы жоғары инфляция сақталуда.

Жағымсыз тұсы: инфляцияның жалпы деңгейі төмендей бастаса да, 2022 жылғы жоғары бағалар биыл әлемнің көптеген елдерінде рецессияның басталуына түрткі болуы ықтимал.

Жағымды жағы: экономистер инфляциядан шындап қауіптену керектігін және оның шарықтауына жол бермеу керектігін тағы да жете ұғынды.

2023 жылы Қазақстанда «Экономикалық өсім маңызды ма әлде инфляцияны бақылауда ұстау маңызды ма?» деген тақырыпта тағы да пікірталастар күшеюі мүмкін. Егер біріншісі жеңсе, «Түркия сценарийіне» алғашқы қадам жасалады деген сөз. Яғни инфляция өршиді, жаппай құнсыздану етек алады және орта мерзімді болашақта ауқымды рецессия болады.

«Өткен жылы еліміздің географиялық орналасуының басты осал тұстары тағы да байқалды. Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ әлемдегі ең үлкен экономика. Бірақ еліміз 2022 жылы Еуразия құрлығының ортасында оқшауланып қалу қаупіне тап болды. Батыс әлемінің инфрақұрылымдық дәліздерінде іркілістер орын ала бастады. Олардың басым бөлігі сонау кеңес заманында салынған және бізге Ресей аумағы арқылы өтеді», – дейді өз кезегінде «Jusan Analytics» зерттеу орталығының атқарушы директоры Александр Дауранов. Оның айтуынша логистикалық қиындықтар сыртқы сауда айналымының 70%-ға жуығын шарпып өтті. Каспий құбыр желісі консорциумының мұнайды өткізу мүмкіндігі үш рет шектелді. Соның салдарынан отандық мұнайдың 80%-ын экспортқа шығару мұңға айналды.

Жағымсыз тұсы: жуық арада логистикалық жағдайды түбегейлі жақсартып, сыртқы көлік дәліздерін әртараптандыру мүмкін бола қоймас.

Жағымды жағы: импорттық тауарлардың қымбаттауы және оларды жеткізу мерзімінің ұзаруы отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

2022 жылы Қазақстанның экономикасы алда үлкен өзгерістер болатындығы туралы белгі бергендей.

«Жалпы Ішкі Өнімнің тоқсандық өсу қарқыны 2022 жылдың 1-ші тоқсанында 4.6%-дан, 2-ші тоқсанда 2.4%-ға және 3-ші тоқсанда 1.9%-ға дейін біртіндеп төмендеді. Біздің бағалауымызша соңғы жылдары отандық экономиканың өсімінің негізгі көздерінің бірі – халыққа тұтынушылық несие беру шарасының екпіні басылып, сарқыла бастады», – дейді «Jusan Analytics» зерттеу орталығының аға талдаушысы Айжан Әлибекова. Оның айтуынша 2022 жылдың алғашқы жартысында жеке тұлғаларға несие беру 30%-ға өсті. Бірақ соған қарамастан үй шаруашылықтарының тұтыну қабілеті керісінше төмендедеді. Ең керекті азық-түлік тауарларының қымбаттауы несиелерді лайықты өтеу мүмкіндігін төмендетті. Енді жаңа несиелердің басым бөлігі ескі несиелерді өтеуге жұмсалуы әбден мүмкін. Өйткені олардың жалпы экономикалық белсенділікті арттыруға еш әсері болмай жатыр.

Жағымсыз тұсы: соңғы 5 жылда үй шаруашылықтарының жалпы шығындары табыстарды басып озуда. Бір жыл ішінде шығындар мен табыстардың бір-бірінен алшақтығы 2 трлн-нан 4 трлн теңгеге дейін барады.

Жағымды жағы: тұтыну нарығы біртіндеп суына бастайды. Бұл инфляцияның төмендегенін, импорттық тауарлардың арзандап жатқандығын және құнсыздану үрдісі таусыла бастағанын білдіреді.

2022 жылдың қыркүйегінде ресейліктердің Қазақстанға жаппай қоны аудара  бастады.

«Осындай жағдайды бастан кешкен Армения мен Грузияда айтарлықтай экономикалық серпіліс орын алды. Бұл елдерде ЖІӨ сәйкесінше 10% және 12%-ға дейін өсті. Алайда мұның әсіресе жылжымайтын мүлік нарығында жағымсыз әсері болды», – дейді «Jusan Analytics» зерттеу орталығының аға талдаушысы Абылай Асылхан. Оның айтуынша Қазақстанда ресейліктердің келуіне байланысты экономикалық белсенділікте анау айтқандай өзгеріс бола қойған жоқ.

Жағымсыз тұсы: экономикада оң өзгеріс байқалмады, есесіне жергілікті тұтыну және жылжымайтын мүлік нарығында бағалар күрт өсіп кетті.

Жағымды жағы: Қазақстанға жоғары білікті мигранттардың келуі еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыра түспек.

2022 жылы мемлекеттік компаниялардың IPO-ға шығуы қайта жандана бастады. «ҚазМұнайГаз» АҚ акциялары ұсынылды.

«Бұл IPO адамдардың отандық бағалы қағаздар нарығына ден қоюын арттыра түсті. Айталық, қосалқы шоттардың саны 2.4 есеге өсті. Қазіргі уақытта ҚМГ акцияларының өтімділігі басқа акцияларға қарағанда жүздеген есе жоғары. Саудалардың орташа күндік көлемі – шамамен 2 млрд теңге», – дейді «Jusan Analytics» зерттеу орталығының аға талдаушысы Клара Сейдахметова. Оның айтуынша Ұлттық компаниялардың акцияларын орналастыру мұнайдан түсетін табыстарды халыққа үлестіруге мүмкіндік береді. Мұнайдың бір баррелінің бағасы 70 доллардан асқан жағдайда компания 200 млрд-тан 250 млрд теңгеге дейін дивиденд төлеуге міндеттенеді.

Жағымсыз тұсы: «IPO өткізу тәжірибесі мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтады» деген жалаң пікір қалыптаса ма деген қауіп бар.

Жағымды жағы: IPO қор нарығын дамытады және ең ҚМГ қызметі мен шешім қабылдау үдерісінің ашықтығы арта түседі.

Ақпарат көзі: naryk.kz/news/2022-jylgy-basty-ekonomikalyq-oqigalar

We recommend reading
20 January 2023

20 January 2023

19 January 2023