Naryk.kz: Қазақстандықтар ресми инфляцияға неге сенбейді

Қазақстанда инфляция 19,6%-ға жетті. Бұл Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі. Алайда қазақстандықтардың көпшілігі бұған сенімсіздікпен қарайтындығы белгілі. «Шын мәнісінде инфляция әлдеқашан 20%-дан асып кетті» дейтіндер бар.

Бірақ қаржыгер мамандардың ресми статистика бойынша пікірі басқаша.

«Ресми статистикаға сенімсіздік білдіруге негіз жоқ. Бірақ, әрине, ел болған соң, күмән келтіретіндер бар. Бұған түсіністікпен қараймыз. Неге десеңіз, тұрғындар өздері күнделікті сатып алатын шектеулі тауарлардың бағасына қарап, ой түйіндейді. Ал ресми инфляция халықтың жалпы тұтыну қоржыны бойынша есептеледі. Ал ол қоржынға тамақ өнімдерінің 160 түрі, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың 243 түрі және ақылы қызметтердің 105 түрі енеді», – дейді «Jusan Analytics» зерттеу орталығының басқарушы директоры Әнуар Қуандықов.

Оның айтуынша тауарлар мен қызметтердің бағалары, өзгеру уақыты мен қажеттілігі әрқалай. Сондықтан жалпы қымбатшылық пен жеке адамның түсінігіндегі қымбатшылық арасында айырмашылық болып тұрады.

Әнуар Қуандықов өз кезегінде болжам бойынша инфляция алдағы уақытта қанша пайызға өсетіндігін жеткізді.

«Біздің болжам бойынша биылғы жылдың соңына дейін бағалар 20.7-21.2%-ға дейін өседі деп отырмыз. Мұнда тауарлардың барлық түрі қымбаттайды. Әсіресе азық-түлік тауарлары бойынша баға өседі. Өйткені олар арзандайтын маусым аяқталды», – деді ол.

Көпшіліктің көкейінде жүрген тағы бір сұрақ, ол Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем елдерін шарпыған инфляцияның мұншалықты үдеуіне не себеп болып отырғандығы. Бұл сұраққа Әнуар Қуандықов былай деп жауап берді:

«Инфляцияға ішкі және сыртқы факторлар әсер етіп жатыр. Бірінші  сыртқы факторлар: қазір бүкіл әлемде азық түлік пен қуат көздерінің бағалары өршіп тұр. Энергия тасымалдағыштардың қымбаттағаны Қазақстан үшін әрине, тиімді. Өйткені біз оларды экспортқа шығарамыз. Бірақ екінші жағынан бұл тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына жанама түрде болса да әсер етеді.

Екіншіден, бізбен сауда жасайтын барлық әріптес мемлекттерде инфляция өршіп тұр. Геосаяси шиеленіске байланысты өндіріске қажетті шикізаттар мен дайын тауарларды жеткізу жолдары қиындады. Оның үстіне теңге әлсіз. Осының барлығы шетелден әкелінетін тауарлардың қымбаттауына әкеп соғады. Ішкі факторлар туралы айтар болсақ, олар: бюджеттен бөлінетін шығындардың көбеюі және кредиттердің көптеп берілуі. Осының барлығы түптеп келгенде тауарлар мен қызметтерге деген сұранысты арттырады. Ең соңында қымбатшылыққа қатысты халықтың көңілсіз көзқарасы, уайымы қымбатшылықты одан әрі ушықтырып жібереді, – деді Ә. Қуандықов.

Инфляцияны ауыздықтау үшін Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені біртіндеп көтеріп жатқаны мәлім. Бірақ соған қарамастан инфляция үдей түсуде. Осы ретте оның тиімділігі сұрақтар тудырады. Бірақ Ә. Қуандықов базалық мөлшерлемені инфляциямен күресуде тиімді құрал деп санайды.

«Базалық мөлшерлемені көтеру несие берудің шектен тыс өсуін тежейді. Несие беру шектен тыс көп берілетін болса, нарықта ақша көбейеді. Теңге әлсірейді, құны болмай қалады. Депозитке ешкімнің ақша салғысы келмейді. Тауарларға сұраныс артады. Сәйкесінше баға қымбаттайды. Сондықтан базалық мөлшерлемені көтеруге тура келеді. Мақсат – несие берудің шектен тыс көбеюін тежеу. Депозитке ақша жинаудың тартымдылығын арттыру. Соның арқасында теңгенің құны, тартымдылғы артады. Несие алуға деген сұраныс азаяды. Адамдар ақшаларын аз шығындап, керісінше депозитке сала бастайды», – дейді Ә. Қуандықов.

«Jusan Analytics» жетекшісінің айтуынша инфляцияны ретке келтірудің басқа да жолдары бар. Негізгі шаралар:

  • Үкімет пен Ұлттық Банктің өзара келісілген үйлесімді саясаты;
  • теңгенің құбылмалы айырбас бағамын қамтамасыз ету. Ол сырттан және іштен келетін күйзелістерді өзіне сіңіріп, олардың экономика өтіп кетуіне жол бермейді;
  • технологиясы күрделі, терең өңделген дайын тауарларды өндіру арқылы экономиканы әртараптандыру. Бұл шетелден келетін инфляцияны тежеп, теңге бағамына оң әсерін тигізеді.

Айта кетелік, қазіргі уақытта әлемде ең жоғары инфляция бойынша алғашқы үштікте келе жатқан мемлекеттер: Зимбабве (255%), Аргентина (88.0%), Түркия (85.5%) және Шри-Ланка (66%).

Ақпарат көзі: naryk.kz/news/qazaqstandyqtar-resmi-infliacsiaga-nege-senbeidi

We recommend reading
20 January 2023

20 January 2023

19 January 2023