Kursiv: Ел экономикасы: өнеркәсіп пен сауданың өсу қарқыны бәсеңдеп жатыр

Қысқа мерзімді экономикалық индикатор да бәсеңдеген

2022 жылдың 1 қыркүйегіне қарай Қазақстанда ішкі сауданың өсу қарқыны 5.2%-ды құрады. Бұл биылғы 1 тоқсан қорытындысымен (8%) салыстырғанда 2.8%-ға төмен. Мамандардың айтуынша, бұған азық-түліктің қымбататуы мен инфляциялық болжамдардың нашарлауы себеп.

Jusan analytics зерттеу орталығының талдаушысы Клара Сейдахметова дамадар көп ақша жұмсағанымен, тұтыну көлемі төмендейді деп пайымдайды.

«Осының бәрі тұрғындардың  азық-түлікке едәуір көп ақша жұмсауына әкеп соғады. Сәйкесінше тұтыну жағы қысқара береді. Өз кезегінде бөлшек саудада азық-түлік тауарларының сатылу көлемі азаяды. Бірақ ол ақшалай түрде өседі. Сонымен қатар көтерме саудада азық-түлік тауарларының сатылымы өсіп жатыр. Бұл сауда нарығының біртіндеп көтерме саудаға ойыса бастағанын көрсетеді», – дейді маман.

Биыл сегіз айда өнеркәсіп өсу қарқыны 2.5%-ды құрады. Бұл биылғы 1 тоқсан қорытындысымен (5.8%) салыстырғанда 3.3%-ға төмен. Сарапшылар бұған бірқатар факторлар әсер етеді дейді.

«Елімізде өнеркәсіптің ең негізгі секторы, локомотиві – тау-кен өндіру саласы. Қазір осы сала өнеркәсіптің өсу қарқынына кері әсер етуде. Нақты айтар болсақ, Қашаған кен орнында жоспардан тыс, ал Теңіз кен орнында жоспарлы жөндеу жұмыстарының себебінен мұнай өндіру қысқарып кетті. Сондай-ақ ең ірі Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) жұмысындағы іркілістер де кері әсер етіп жатыр. Өйткені қазақ мұнайының басым бөлігі осы құбырмен сыртқа шығарылады», – деді Клара Сейдахметова.

Егер бұған дейін металл кенін өндіру саласы мұнайгаз секторының мәселелерін жартылай болса да жауып келген болса, қазір бұл салада да белгілі бір қиындықтар туындап жатыр.

«Соңғы деректер бойынша кен өндіру бәсеңдеуде. Біздің пікірімізше бұл Қазақстаннан Ресейге қара металл, темір кендері және концентраттарды жеткізу көлемінің айтарлықтай азайып кетуіне байланысты болып отыр. Темір кендерін өндіру 15.5%-ға түсіп кетті, – деді Jusan analytics талдаушысы.

Қазақстан экономикасының жай-күйін белгілеуші бірегей көрсеткіш – Қысқа мерзімді экономикалық индикатор (ҚЭИ) да бәсеңдеген: биылғы жылдың 1 тоқсанының қорытындысымен (6.5%) салыстырғанда ол 3.7%-ға дейін бәсеңдеген.

Айта кетелік, ҚЭИ – Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 60%-дан астамын құрайтын 6 ірі сала: ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыстың нақты өсу қарқыны бойынша есептеледі. Бұл жерде өнеркәсіп және сауданы есептемегенде экономиканың басқа салалары өткен жылмен салыстырғанда өсуін жалғастыруда.

«Өңірлер тұрғысынан алып қарағанда, биыл 8 ай ішінде ҚЭИ өсімі әркелкі болды. Бұл ретте ең жоғары өсім Шымкентте (+8.8%), Астанада (+8.7%), Ақмола (+8.3%) және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды (+6.4%). Шымкентте даму бойынша көш бастап келе жатқан сала – құрылыс. Астанада – көлік және байланыс саласы. Ал Шығыс Қазақстанда озық өсім – көтерме және бөлшек саудада байқалады», – деді К. Сейдахметова.

Павлодар, Қызылорда және Жетісу облыстарында экономика біртіндеп төмендеу үстінде. Бұл жерде Павлодар облысында экономикалық құлдырау өнеркәсіптік өндірістің төмендеуі (металл кендерін өндірудің құлдырауы) салдарынан орын алса, Қызылорда облысында мұнай өндіру төмендеуде. Жетісу облысында экономиканың төмендеуі құрылыс жұмыстары мен өңдеуші өнеркәсіптің қысқаруына байланысты болып отыр.

Маңғыстау облысында ең жоғары өсім – ішкі сауда мен ауыл шаруашылығында, Жамбыл обысында – өнеркәсіпте, Алматы облысында – құрылыста, Астанада – көлік және қоймалауда байқалады.

Ақпарат көзі: kz.kursiv.media/kk/2022-10-05/el-ekonomikasy-nerk-sip-pen-saudany-su-ar-yny-b-se-dep-zhatyr/

We recommend reading
17 March 2023

16 March 2023

7 February 2023