Naryk.kz: Қазақстан экономикалық тығырықтан қалай шығады?

Қазақстан қымбатшылық қыспағында қалды. Халықтың несиеге деген шамадан тыс кіріптарлығы және өндіріс деңгейінің құлдырауы төлем қабілетін әлсіретіп, экономикалық қиындықтың салмағын одан сайын ауырлатып жатыр. Бұл туралы Астанада Jusan Analytics зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен жиында айтылды. Еліміздегі білікті экономист, қаржыгер, сарапшылардың басын қосқан жиында инфляцияны баяулату, экономикалық өсімге қол жеткізу, жаһандық проблемалардың Қазақстан нарығына әсері, әлеуметтік-демографиялық ахуал мәселесі талқыға түсті.

Jusan Analytics басқарушы директоры Әнуар Қуандықов негізгі қатерлерді атап өтіп, оның ең біріншісі әрі өзектісі инфляция екенін айтты.

«Бұл жерде инфляцияға әсер етіп тұрған үш фактор бар, олардың біріншісі – соңғы он-он бес жыл бойы салтанат құрған ультра-жұмсақ ақша-несие саясаты болса, екіншісі – логистикалық және өндірістік тізбектің бұзылуы. Біз оның салдарын әсіресе, 2020-2021 жылдары қатты сездік. Үшінші фактор – геосаяси тәуекел. Бұл да әлемдік инфляцияның өсіміне әсерін тигізіп отыр. Инфляциядан кейінгі маңызды мәселе – әлем экономикасының өсімі. Қазірдің өзінде жаһан экономикасының баяулап жатқаны, жекелеген өңірлердің тіпті теріс көрсеткішке ауа бастағаны жайлы деректер бар», – деді ол.

Ұлттық Банктің Ақша-несие саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин базалық мөлшерлеменің көтерілуі инфляцияны тежеуге бірден әсер етпейді дейді.

«Үкіметтің бағаны реттеуге қатысты жүргізіп жатқан шараларының әсер ету мерзімі Ұлттық Банк қабылдап жатқан шаралардың әсер ету мерзімінен қысқарақ. Біздің ақша-несие саясатымыздың трансмиссиясы біршама уақыт алады. Өйткені біз халықтың қалтасына апарып ақша салып жатқан жоқпыз. Үкімет тарапынан жасалатын шаралар, ол – әлеуметтік төлемдер, жалақының, шәкіртақының өсуі деген сияқты. Бюджет бекітілсе, әлгі ақша бірден азаматтарға барып түседі. Бұл сұранысқа тез әсер етеді. Ал Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешімі нарықтық үдеріс болғандықтан халықтың өз еркіне байланысты болады. Яғни, біздің шешіміміз шамамен бір жыл ішінде экономикаға жетіп, инфляцияны тежеуге мүмкіндік береді. Мөлшерлеменің көтерілуі бизнес үшін несиені қолжетімсіз етеді деу, кредит алу мүмкіндігі мүлдем жоғалды дегенді білдірмейді. «Мен кешегіге қарағанда бүгін көбірек төлеймін, маған несие қымбатқа түсіп жатыр» дейді бизнес. Мөлшерлемені төмендеттік дейік, онда бизнес көбірек несие алады. Бір қарағанда бұл дұрыс шешім болып көрінуі мүмкін, алайда шын мәнінде нарыққа көп ақшаның келуі тек қана тұтынуды қолдайды. Сонда біз тұтыну бағаларының әрі қарайғы өсіміне жол беріп аламыз. Бұл қиын шешім екені түсінікті, бірақ дәл қазір бұл біз үшін аса қажет шешім болып тұр», – дейді Рүстем Оразалин.

Рүстем Оразалиннің сөзінше, қыркүйекте Ресей азаматтарының Қазақстанға жаппай ағылуы да инфляцияны өршіте түсті.

Jusan Analytics талдаушылары жаһандық Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 90 пайызын беріп отырған 80 елді алып қарастырған. Сол 80 елдің 60-ында инфляция екі есе өссе, 28 елде төрт есе артқан.

«Болжам бойынша 2022 жылы әлем экономикасының өсімі 3,2 пайызды, ал 2023 жылы 2,7 пайызды құрайды. Көрсеткіштер бұдан былай тек нашарлай беруі ықтимал. Дамыған елдерде өсім 2 есе төмендеп, 1 пайыздан сәл ғана асуы мүмкін. Ал 2020 жылы дамыған елдердің қарызы олардың ЖІӨ-сінің 130 пайызына жеткен. Бұл – тарихи рекорд. Қазақстанда экономика өсімі биыл 2,5 пайызды құрайды. Инфляция болса 20 пайыздан асады. Біздің елде проблема көп болғандықтан, экономикасы тұрақты елдерге қарағанда жаһандық дағдарысты ауыр өткеріп жатырмыз», – дейді Әнуар Қуандықов.

Сарапшы бұл ретте бірнеше әсер ету факторларын тізбелейді. Біріншіден, қазақстандықтардың тұтынушылық шығындарының 73 пайызы несие есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Екіншіден, біз азық-түлік емес тауарлардың 80 пайызын басқа елдерден сатып алып, сол арқылы басқа мемлекеттерді байытамыз, ал өзіміз негізінен мұнайды сатамыз – бұл біздің экспорттың 60 пайызын құрайды. Үшіншіден, өндіріс деңгейі төмендеуде. Демек, халықтың да нақты табысы төмендейді деген сөз.

NAC Analytica экономикалық моделдеу орталығының аға зерттеушісі Зарина Әділханованың сөзінше, елдегі өндіріс өсімінің төмендігінің бір себебі бәсекенің аздығында жатыр.

«Біздің нарық тым қатты монополияланған. Өндіріс құлдырап жатқан секторларда нарықтың басым үлесін 3-10 компания ғана еншілейді. Мәселен, 11 секторда нарық үлесінің 50 пайыздан астамы 10 компанияға тиесілі. 12 секторда ірі фирмалардың үлесі 30-50 пайыз аралығында. Бәсеке бар деген салалардың өзіндегі жағдай адам шошырлық. Азық-түлік өндірісі саласында 10 компания нарықтың 16 пайызын, ал сусын өндірісінде 30 пайыздан астамын иеленіп отыр», – дейді Зарина Әділханова.

Оның айтуынша, өндірістің аяғына тұсау болып тұрған тағы бір мәселе – мемлекет субсидиясын бөлістіру мәселесі. 2014-2018 жылдар аралығында нарықтың 25 пайыздан астам үлесін иеленген кәсіпорындар субсидия алып келген. Субсидияның әділ бөлінбеуі, медетшілік, яғни, мемлекеттің көмекқаржысы тек атағы бар ірі кәсіпорындарға беріліп келуі елдегі монополияны күшейте түскен.

«Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығы» (AERC) ЖШС бас директоры Ғалымжан Айтқазиннің пайымдауынша, субсидия берген соң мемлекет оның қайтарымын да қатаң бақылауы тиіс. Сарапшы бұл ретте Оңтүстік Кореяны мысалға келтіреді. Ол елде де мемлекет тек ірі компанияларға субсидия берген. Соның есесіне қадағалау тым қатаң жүргізілген.

«Бізде де мемлекет субсидия бөлінісін қатаң бақылап отыруы тиіс. Сондай-ақ айта кетер тағы бір маңызды нәрсе – адам капиталын дамыту мәселесі. Осыған қатты мән беруіміз керек. Оның деңгейі біздің елде өте төмен», – деп атап өтті сарапшы.

Ақпарат көзі: naryk.kz/news/qazaqstan-ekonomikalyq-tygyryqtan-qalai-shygady

We recommend reading
17 March 2023

16 March 2023

7 February 2023