ҚазАқпарат: 2023 жылы Қазақстан және жаһан экономикасын не күтіп тұр – сарапшылар пікірі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада отандық және халықаралық қаржы ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өткен сарапшылық талқылау барысында Қазақстан және әлем экономикасын алдағы жылы не күтіп тұрғаны жан-жақты талқыға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Jusan Analytics зерттеу орталығының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара барысында сарапшылар еркін микрофон форматында қазіргі экономикалық сын-тегеуріндерді талқылап, ойларын ашық жеткізуге мүмкіндік алды.

«Әлемдік инфляцияның өсіміне байланысты үш негізгі факторды атап өтуге болады. Біріншісі – ультражұмсақ ақша-несие саясаты. Мұндай жағдайда біз кейінгі 10-15 жыл қатарынан өмір сүріп келеміз. Ол, әсіресе пандемия жағдайында ақша қаражатының құйылуымен анық байқалды. Екіншісі – өндірістік және логистикалық тізбектің үзілуі. Оны 2020-2021 жылдары байқаған едік. Үшіншісі – геосаяси тәуекелдер. Бұл жайт әлемдік инфляцияның артуына септігін тигізіп отырғаны анық», – деді Jusan Analytics басқарушы директоры Әнуар Қуандықов.

Сонымен қатар, ол әлемдік экономика өсімінің баяулауына назар аудартты.

«Әлемдік экономика өсімінің баяулай түскенін көріп отырмыз. Жекелеген өңірлер теріс аймаққа еніп кеткен. Сондай-ақ, қазіргі уақытта мемлекеттің жинақталған қарыз көлемі артып барады. Жаһандық қарыз дағдарысының тәуекелі де бар. Бұл – негізгі сын-тегеурін. Әрине, көптеген елдің ауқымды әскери іс-қимылға тартылуы сияқты сын-тегеуірін де бар», – деді ол.

Jusan Analytics жетекшісі әлемдік инфляция мен жалпы ішкі өнімге қатысты статистикалық ақпаратты да атап өтті.

«Статистикаға көз жүгірте отырып, әлемнің 80 елінің 60-ында инфляцияның 2 еседен астамға артқаны байқалатындығын көрдік. Тіпті, 28 елде инфляция 4 есеге асып түскен. Кейінгі 5 жылдың ішінде экономикалық өсім бойынша теріс ауытқуға түсіп кеткен 20 ел де бар екен. Осы екі тізімді салыстыра келе, 15 елде инфляцияның өте жоғары өсімі және экономикалық құлдырау бар екендігін байқадық. Ал бұл – әлемдік экономиканың 41 пайызын алатын елдер. 2023 жылға арналған болжам мұнан да нашар. Егер, соңғы болжамға сәйкес биыл әлемдік ЖІӨ өсімі 3,2 пайыз болса, келесі жылы 2,7 пайызға дейін баяуламақ. Қазіргі уақытта әлемде туындауы мүмкін дағдарыстың тереңдігі мен ұзақтығына қатысты ортақ ымыра жоқ екендігін ескерсек, онда 2023 жылғы көрсеткіштер мұнан да нашарлай түсетіндігін түсінеміз», – деді Ә. Қуандықов.

Сарапшы Халықаралық валюта қорының да болжамымен бөлісті. Оған сәйкес әлемдік экономика өсімі 2 еседен астамға төмендеп, шамамен 1 пайыздан астамды ғана құрайтын болады.

ҚР Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин елімізде инфляцияның күшейе түскендігін баса атап өтті. Оның айтуынша, жағдайды бірқатар қосымша фактор күрделендіре түсіп отыр.

«Біз байқап отырған мезеттік факторлар бар. Олар қосымша шокпен тереңдей түсті. Оны, наурызда не болғанын, жазда валюта бағамына қатысты қандай жайттың туындағанын бәріміз байқап отырмыз. Қыркүйекте саяси ахуалдың күрделеніп, Ресей азаматтарының елімізге жаппай келуіне байланысты инфляцияның жеделдей түсуіне тап болдық. Бұл жайт инфляциялық болжамды жеделдетіп, ақша-кредит реттеушісі үшін зор қатер төндірді. Болып жатқан барлық жайтқа қатысты пікіріміз, иә, жаһандық сын-тегеуірінді байқап отырмыз», – деді ол.

Осы орайда, банк өкілі әлемдегі экономика құрылымы айқынсыздық, жаһансыздану және көміртексіздендіру өсімі жағдайында өзгеріске ұшырап отырғандығын айтты, яғни монетарлық саясат үшін сын-тегеурін артып барады.

«Сын-тегеуріндердің санына қарамастан, орталық банктердің мандаты тұрақты және негізгі болып қалғанын көріп отырмыз және де ол бұрын-соңды болмаған баға тұрақтылығына негізделеді. Өйткені, бұл экономиканың негізі саналады. Егер бізде мұндай тұрақтылық болмаса, онда экономика ешкім үшін де жұмыс істемейді. Баға тұрақтылығы болмай, әрқайсымыз үшін қоғамдық игілік әкелетін ұзақ мерзімді тұрақты даму да болмайды. Әсіресе, жоғары инфляция ауыртпалығы оны алып жүруге мүмкіндігі төмендер үшін барынша жүктеме түсіреді. Сондықтан, қазіргі жағдайда баға тұрақтылығының қайта қалпына келуі біршама уақытты алады және орталық банктердің құралдарды табанды түрде қолдануын талап етеді», – деді Рүстем Оразалин.

Ал, «Talap» қолданбалы зерттеулер орталығы директорының орынбасары Асқар Қисықов Қазақстандағы инфляция монетарлық сипатта емес екендігін баса айтты.

«Сұраныс белгіленген бағамен өсіп бара жатыр. Ал, халықтың шынайы кірісі құлдырай түсті. Нақты мәнде сұраныс қысқарып отыр. Біздегі инфляция монетарлы емес қой. Тіпті, Президент инфляцияның негізгі факторы – сырттан келетін инфляция екендігін айтқан болатын. Бірақ, біз онымен күресіп қана отырмыз. Оны монетарлы санап, базалық мөлшерлемені көтеріп жатырмыз. Базалық мөлшерлеме банктердің, ірі депозит ұстаушылардың кірісін арттырғаннан басқа ештеңеге ықпал етпейді», – деді Асқар Қисықов.

Оның пайымынша, кредитке әсер ету тұрғысынан алғанда пайыздық канал жұмыс істемейді. Өйткені, банктердің қоржынының 60 пайызы – тұтынушылық кредит саналады.

Ақпарат көзі: www.inform.kz/kz/2023-zhyly-kazakstan-zhane-zhahan-ekonomikasyn-ne-kutip-tur-sarapshylar-pikiri_a4000814

We recommend reading
15 November 2022

14 November 2022

14 November 2022