Күн санап еселеп өскен азық-түлік бағасы алқымнан алған шақта қоғам сапалы әрі қуатты тамақтану мәселесімен бетпе-бет келді.
Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда 1,3 миллион адамның тойып тамақ ішпейтінін мәлімдеді. Тіпті, қазақстандықтардың тамақтану калориясы 9 пайызға дейін азайыпты. Осы орайда Jusan Analytics зерттеу орталығы еліміздегі жеке инфляция деңгейі мен «Дастархан» индексін есептеп шығыпты.
Орталық талдаушысы Айжан Әлибекованың пікірінше, бұл есептеу арқылы әрбір қазақстандықтың, жалпы халықтың сатып алу қабілетін анықтауға болады.
«Жеке инфляция – адамның жеке тұтыну себеті, яғни күнделікті пайдаланып жүрген азық-түлігі негізінде қалыптасады. Әрине, жеке тұтыну себетіне адамның тұрғылықты жері мен талғамы да тиісінше әсер етеді. Базардағы, дүкендегі бір тауардың бағасына қарап өзгеруіне қарап, бүкіл елдегі инфляция туралы тұжырым жасауға болмайды», – дейді Айжан Әлибекова.
Орталық әзірлеген жаңа «Дастархан» индексі халық жиі тұтынатын азық-түліктің түрлерінен тұрады. Әзірге мамандар тек Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы қалаларындағы «Дастархан» индексін әзірлеген. Оны есептеу үшін қазақтың ұлттық тағамдарынан тұратын ас мәзірі таңдап алынған. Атап айтқанда, мәзір сорпа, қазақша ет, көкөніс салаты, бауырсақ, жент және сүт қосылған шайдан тұрады.
Дәл осындай мәзірмен тамақтану үшін елорда тұрғындары орта есеппен 1 807 теңге жұмсаса, алматылықтар 2 055 теңгеге шығындалады екен. Дәл осы соманы елдегі орташа жалақы деңгейіне бөлсеңіз, «Дастархан» индексі белгілі болады. Яғни, бас қаладағы «Дастархан» индексі 203 порцияны құрайды. Ал оңтүстікастаналықтар елдегі орташа жалақыға 159 порция тамақ ішеді екен.
Бір қызығы, «Дастархан» индексімен азық-түлік бағасына қатысты Ұлттық статистика бюросы келтірген мәлімет арасында едәуір айырмашылық бар. Мәселен, тізімдегі азық-түлік жиынтығының бағасы Ұлттық статистика бюросы келтірген деректерге қарағанда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 7,9 пайызға, ал Алматы қаласы бойынша 27,9 пайызға жоғары екен. Атап айтқанда, ресми статистика бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы бірретік астың бағасы 1 671 теңге болса, Алматыда 1 607 теңгеге түстене алады.
«Есептеу нәтижелеріне сәйкес бағалардың өзгеру қарқыны бойынша Jusan Analytics пен статистика бюросы келтірген деректер арасында елеулі алшақтық бар. Демек, Алматыда азық-түлік тауарларының бағасы елордаға қарағанда айтарлықтай жоғары. Бұдан елордалықтардың сатып алу қабілеті алматылықтарға қарағанда жоғары деп тұжырым жасауға болады», – дейді Айжан Әлибекова.
Орталық алдағы уақытта «Дастархан» индексін апта сайын жариялап отыруға ниетті.
Ақпарат көзі: aikyn.kz/205487/kazaksha-as-meziri-kymbat-pa/