Aikyn.kz: Қазақша ас мәзірі қымбат па?

Күн санап еселеп өскен азық-түлік бағасы алқымнан алған шақта қоғам сапалы әрі қуатты тамақтану мәселесімен бетпе-бет келді.

Ұлттық статистика бюросы Қазақ­станда 1,3 миллион адамның тойып тамақ ішпейтінін мәлімдеді. Тіпті, қазақстандықтардың тамақтану калориясы 9 пайызға дейін азайыпты. Осы орайда Jusan Analytics зерттеу орталығы еліміздегі жеке инфляция деңгейі мен «Дастархан» индексін есептеп шығыпты.

Орталық талдаушысы Айжан Әлибекованың пікірінше, бұл есептеу арқылы әрбір қазақстандықтың, жалпы халықтың сатып алу қабілетін анықтауға болады.

«Жеке инфляция – адамның жеке тұтыну себеті, яғни күнделікті пайда­ланып жүрген азық-түлігі негізінде қалыптасады. Әрине, жеке тұтыну себетіне адамның тұрғылықты жері мен талғамы да тиісінше әсер етеді. Базардағы, дүкендегі бір тауардың бағасына қарап өзгеруіне қарап, бү­кіл елдегі инфляция туралы тұжырым жасауға болмайды», – дейді Айжан Әлибекова.

Орталық әзірлеген жаңа «Дастар­хан» индексі халық жиі тұтынатын азық-түліктің түрлерінен тұрады. Әзірге мамандар тек Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы қалаларындағы «Дастархан» индексін әзірлеген. Оны есептеу үшін қазақтың ұлттық тағам­дарынан тұратын ас мәзірі таңдап алынған. Атап айтқанда, мәзір сорпа, қазақша ет, көкөніс салаты, бауырсақ, жент және сүт қосылған шайдан тұ­рады.

Дәл осындай мәзірмен тамақтану үшін елорда тұрғындары орта есеппен 1 807 теңге жұмсаса, алматылықтар 2 055 теңгеге шығындалады екен. Дәл осы соманы елдегі орташа жалақы дең­гейіне бөлсеңіз, «Дастархан» ин­дексі белгілі болады. Яғни, бас қала­дағы «Дастархан» индексі 203 пор­цияны құрайды. Ал оңтүстік­астана­лықтар елдегі орташа жалақыға 159 порция тамақ ішеді екен.

Бір қызығы, «Дастархан» индексі­мен азық-түлік бағасына қатысты Ұлттық статистика бюросы келтірген мәлімет арасында едәуір айырма­шылық бар. Мәселен, тізімдегі азық-түлік жиынтығының бағасы Ұлттық статистика бюросы келтірген дерек­тер­ге қарағанда Нұр-Сұлтан қаласы бойын­ша 7,9 пайызға, ал Алматы қаласы бойынша 27,9 пайызға жоғары екен. Атап айтқанда, ресми статистика бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы бірретік астың бағасы 1 671 теңге болса, Алматыда 1 607 теңгеге түстене алады.

«Есептеу нәтижелеріне сәйкес бағалардың өзгеру қарқыны бойынша Jusan Analytics пен статистика бюросы келтірген деректер арасында елеулі ал­шақ­тық бар. Демек, Алматыда азық-түлік тауарларының бағасы ел­ор­даға қарағанда айтарлықтай жо­ғары. Бұдан елордалықтардың сатып алу қабілеті алматылықтарға қара­ғанда жоғары деп тұжырым жа­сау­ға болады», – дейді Айжан Әли­бекова.

Орталық алдағы уақытта «Дастар­хан» индексін апта сайын жариялап отыруға ниетті.

Ақпарат көзі: aikyn.kz/205487/kazaksha-as-meziri-kymbat-pa/

Рекомендуем почитать
15 ноября 2022

14 ноября 2022

14 ноября 2022