7kun.kz: Шикізаттық экспорттың шикілігі

Әлемдік нарықта шикізаттық тауарлардың бағасы біртіндеп өсуде. Сыртқа негізінен шикізаттық өнімдер шығаратын Қазақстан үшін бұл жақсы үрдіс. Бірақ соған қарамастан еліміздің экспортқа шығаратын шикізаттық тауарларының бағасы, импортталатын дайын тауарлардың бағасын өтей алмайды. Яғни еліміздің сыртқы саудасы теріс сальдоға ие.

«Мұның себебі мынада», — дейді Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы Аят Сұрағанов, — Қазақстанның сыртқа шығаратын тауарлар қатары әртараптандыру жағынан әлсіз. Экспортқа негізінен төменгі шектегі тауарлар: өңделуі қарапайым, әлі де өндіріске жіберілетін  өнімдер (мұнай, газ, металл кендері, дәнді дақылдар, көкөністер, жемістер, тыңайтқыштар және т.б) шығарылады. Ал елге негізінен жоғары шектегі тауарлар жеткізіледі. Яғни олар технологиясы күрделі, терең өңделген, жеке тұлғалар сатып алуға болатын дайын өнімдер».

Сәйкесінше халықаралық сауда рейтингтерінде Қазақстанның дамыған елдерге қатысты жайғасымы әлсіз. Қазақстанда тауар нарықтарын реттеу бойынша PMR (Product Market Regulation) жалпы рейтингі 2.12—ге тең. Экономикалық еркіндік және экономикалық күрделілік индекстері бойынша еліміз әлемде 64-ші 87-ші орындарға ие.

«Қазақстанның сыртқы судасы көптеген сыртқы қауіп-қатерлерге, тәуекелдерге осал келеді. Кезінде COVID-19 пандемиясы салдарынан тауарларды жеткізу тізбегі бұзылды. Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс логистиканы одан сайын қиындата түсті. Мұның барлығы сыртқы сауданың дамуына кері әсер етеді», — дейді Аят Сұрағанов.

Маманның айтуынша Қазақстан үшін мұнайды Еуропаға экспорттаудың негізгі жолының (Каспий құбыр желісі консорциумы) уақытша жабылып қалу қаупі әлі сейілген жоқ. Бұған қоса Қазақстанның экспорттаушы компаниялары санкциялық тізімдегі компаниялармен ынтымақтасқаны немесе санкцияға ілінген тауарларды Ресейге экспорттағаны үшін екінші қайтара санкцияларға тап болуы мүмкін.

Не істеу керек? Jusan Analytics маманының айтуынша әлемдік ахуалдың құбылмалылығына қарамастан, Қазақстанда бай шикізаттық базаны сыртқы сауданы кеңейтуге және әртараптандыруға пайдалануға болады.

«Шикізаттық тауарлардың бағасы болашақта да тұрақсыз болып қалуы мүмкін, бірақ орта мерзімді келешекте табиғи ресурстарға деген сұраныс Қазақстанның экономикасының дамуы үшін маңызды фактор болып қала бермек. Ендеше шикізаттық тауарлар легін пайдалана отырып, елімізде экспорттық тауарлар қоржынын кеңейтіп, орта және жоғарғы шектегі өнімдердің үлесін арттыру және жаңа сауда-саттық нарықтарын ашу керек», — дейді Jusan Analytics талдаушысы.

COVID-19 пандемиясынан кейін әлем елдері ғаламдастыру идеясынан біртіндеп бас тартып, енді аймақтық бірлестіктерге жіті көңіл бөле бастағаны белгілі. Сондықтан Қазақстан үшін жақын көршілермен тығыз қарым-қатынас жасау экономиканы дамытуға жаңа серпін берері сөзсіз. Болашақта Қытай, Үндістан, Түркия және Орталық Азия мемлекеттері Қазақстан үшін тұрақты импорт көзіне және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді экспорттаудың тартымды нарықтарына айналулары мүмкін.

Ақпарат көзі: 7kun.kz/shikizattyq-eksporttyn-shikiligi/

Рекомендуем почитать
15 ноября 2022

14 ноября 2022

14 ноября 2022